
Жетісу облысында биылғы егін жинау науқаны жалғасып жатыр. Өңірде ауыл шаруашылығы дақылдары 514 мың гектар алқапқа егілсе, жыл қорытындысында 935 мың тонна астық жинау жоспарланған.
Қазірдің өзінде 585 мың тоннадан астам астық бастырылды. Бидай мен арпа жинау толық аяқталған. Орташа өнімділік гектарына 24,4 центнерге жетті.
Майлы дақылдардың жартысына жуығы жиналып, 78 мың тонна өнім алынды. Картоп жинау да аяқталуға жақын: алқаптардың 98 пайыздан астамы игеріліп, 140 мың тонна өнім жиналды. Көкөніс пен бақша дақылдарын жинау толық аяқталды.
Биыл өңірде қант қызылшасына да ерекше басымдық беріліп отыр. Дақыл 13,5 мың гектар алқапқа егілген. Маусым қорытындысында 585 мың тонна өнім алу жоспарланған. 24 қыркүйекте басталған жинау жұмыстары барысында қазірдің өзінде 35,9 мың тонна қызылша жиналып, оның 27,5 мың тоннасы Көксу және Ақсу қант зауыттарына жөнелтілді.
Қант өндірісін арттыру бағытында Көксу қант зауытын жаңғырту жұмыстары да жүргізілуде. Жобаға 29 млрд теңге инвестиция салынуда. Нәтижесінде биыл зауыттың тәуліктік өңдеу қуаты 3 мың тоннаға жеткізілді.
Егін жинау науқанымен қатар, шаруаларды қолдау шаралары да жалғасуда. «Кең дала-2» бағдарламасы аясында 455 шаруашылыққа 11 млрд теңгеден астам несие берілді. Биыл өңір шаруашылықтары 355 бірлік ауыл шаруашылығы техникасын лизинг арқылы сатып алды.
Сонымен бірге 2027 жылғы егіс науқанына дайындық басталып, қажетті тұқымның 80 пайыздан астамы қазірдің өзінде әзірленді. Егін жинау жұмыстары облыс аумағында жалғасып жатыр.
