
«Жетісу» кәсіпкой волейбол клубы жаңа спорттық маусымды қазақстандық волейболдың басты көшбасшыларының бірі мәртебесінде бастайды. Бүгінде клуб төрт командадан тұратын дамыған жүйені құрайды, оның құрамына Ұлттық лиганың ерлер мен әйелдер командалары, сондай-ақ «Жетісу-2» жастар құрамы кіреді.
Өткен маусым клуб үшін триумфқа толы болды: әйелдер командасы оныншы рет Қазақстан чемпионы атағын жеңіп алса, ерлер құрамы ҚР Кубогының, Астана Кубогының және ҚР Суперкубогының иегері атанды. Дайындықтың жоғары деңгейін Қазақстан құрамасы да растайды: 2026 жылы «Жетісудың» 11 өкілі ұлттық құрамаларға енсе, 10 ойыншы Жапонияда өтетін Азия ойындарына мәлімделді.
Қазан айында-ақ Қазақстан Республикасының XXXV Чемпионаты басталады, ол биыл жаңартылған жүйе бойынша – әр турда өз алаңындағы және сырттағы ойындарды кезектестіру арқылы өтеді. Алғашқы матчтар Талдықорғандағы «Жастар» спорт сарайының өз алаңында өтеді. «Жетісу» әйелдер командасы бірінші және екінші тур ойындарын 3 және 4 қазанда павлодарлық «Ертіске» қарсы өткізсе, ерлер командасы чемпионатты 17 және 18 қазанда Ұлытау облысының «Оқжетпесіне» қарсы өз алаңындағы матчтармен бастайды.
Күзде және қыста екі команданы да маңызды халықаралық жарыстар күтіп тұр. Қараша айында әйелдер мен ерлер құрамалары Катманду мен Нью-Делиде өтетін CAVA Орталық Азия клубтық чемпионатына аттанады. Ал желтоқсан айында әйелдер командасын жылдың басты оқиғасы – Сан-Паулуда өтетін Клубтық әлем чемпионатында өнер көрсету күтіп тұр. Ұйымдастырушылардан арнайы шақыру алған «Жетісу» осымен екінші жыл қатарынан Талдықорған мен Қазақстанды әлемнің ең мықты клубтары арасында таныстырмақ.
