Тұлпарларымыздың терін кептірмей «Рухани жаңғыру» ұранымен атойлап жүргенімізге талай уақыт өтті. Елбасының ел мүддесін көздеген мақаласының жарық көргенінен бері күллі қазақстандықтар жаңғыру сүзгісінен өтуге, сол арқылы дамыған мемелекеттер арасынан дара орнын табуға ұмтылуда. 2030 жылға дейін кезең-кезеңімен жүзеге асатын рухани реформаның ұлтқа берер ұтымды жақтары қандай? Бұқараның биік бағасын иеленген туынды халық қамы үшін, қоғамның пайдасы үшін қаншалықты игілікті істердің ұйытқысына айналды? Әлде, жаңғыру процессі құр жаңғырық па?
Міне, көптің көмейінде іркілген салмақты сауалдардың алғашқы осы. Бұл сұрақтарға жауап іздеп көрелік.
Тағылымды туындыда көтерліген тақырыптың бірі «Туған жер» бағдарламасы. Аталмыш жоба аясында республиканың түкпір-түкпірінде қалталы азаматтар, елім, жерім деген жанашыр жандар, жақсылық пен жомарттыққа жаны құмар тұлғалар өз қаражаттарына халық игілігі үшін түрлі бастамаға ұйытқы болуда.
Тарқатар болсақ, ескерткіштер жаңғыртылып, мешіттер бой көтеріп, спорттық, мәдени, әлеуметтік нысандар салынып, өзге де ілкімді істерге жан бітті.
Бұл бағытта айдынды ауданымызда да көптеген жұмыстар өз жүйесін тапты. «Туған жер» бағдарламасы туын көтергелі кіндік қаны тамған ауыл-абанға азда болса пайдасын тигізуге құлшынған жерлестерміздің қарасы көбейді. Бергенінен берері мол мақаланың көздегені де осы еді.
Аудан аумағында атқарылған, атқарылатын ауқымды істерге ат шалдырсақ, жомарт жерлестеріміздің ықпал етуімен талай дүниеге дем бітті. Туған жерге ту тігуге асыққан азаматтар жөргек кірі жуылған ауылдарына көптеген көмектерін көрсетуде.
Атап айтсақ, 2017 жылы «ZHERSU» корпорациясы бақылау кеңесінің төрағасы, айдынды өңірдің айбынды азаматы Б.Оспановтың демеушілігімен Қабанбай ауылында спорт зал (45 млн.), Лепсі ауылында мұғалімдерге арналған 10 үй мен жаттықтырушыларға ыңғайландырылған 16 бөлмеліжатақхана (250 млн.), Жыланды ауылында потранатты отбасыға арналған үй (8 млн.) мен Ұлы Отан соғысында қаза тапқан ардагерлерге арналған ескерткішті жаңғырту (35 млн.), Есім төре кесенесін күрделі жөндеуден өткізіп, қайта тұрғызу (76 млн.) және монша құрылысы (15 млн.) сынды игілікті істердің тізгінін ұстады. Сондай-ақ жеке кәсіпкер А.Қорабаевтың ұйытқы болуымен Көктұма ауылына сахна (3 млн.), «БАУТЕН» ЖШС-нің директоры У.Мырзағалиевтің демеушілігімен Ақтүбек орта мектебіне керекті құрал-жабдықтар (3 млн.) тарту етілсе, «Ерасыл» шаруа қожалығының төрағасы Е.Жуанышбаевтың бастамасымен Қазақстан ауылында саябақ (15 млн.), жеке кәсіпкер Б.Малтабаровтың арқасында Үшқайың ауылының көшелеріне жарық бағаналары (1 млн.) орнатылды. Екпінді ауылында жеке кәсіпкер Н.Маманов зираттың 550 метр аумағын қоршатса (750 мың), Е.Мейірманов көше жарықтандыру ісіне атсалысты (400 мың), Ә.Әлімжанов атындағы орта мектептің ауласын жарықтандыруға жеке кәсіпкер А.Бижанова (250 мың) түрткі болса, М.Әубәкіров атындағы орта мектептің асханасына қажетті құрал-жабдықтарды (450 мың) жеке кәсіпкер Г.Әзімжанова сыйға тартты. Бұлақты ауылында «Koktem Group LTD» ЖШС-нің төрағасы М.Әділхан «Батыр аналар» ескерткішін (80 млн.) орнатты. Сөйтіп 2017 жылы «Туған жер» бағдарламасы аясында жомарт жерлестеріміздің демеушілігімен 526 млн. 850 мың теңге игерілді.
Ал 2018 жылдың басынан бері Жыланды ауылында Б.Оспанов учаскелік полиция қызметкері (3 млн) мен потранатты отбасыға тұрғын үй (8 млн.) тарту етті. Жеке кәсіпкер А.Азимханов Көктұма ауылдық мәдениет үйіне қажетті құрал-жабдықтар (1 млн.) сыйласа, Ж.Қабдылдаев аула клубының құрылысына 500 мың, Н.Бикалапов кітапхананы жөндеуден өткізуге 400 мың теңге бөлді. «Бағалы Алакөл» ЖШС-нің төрағасы А.Слямов №2 Үшарал орта мектебіне жалпы құны 1 млн. теңгеге музыкалық құрылғылар алып берді. Қабанбай ауылында А.Бисенбиновтың мұрындық болуымен социалистік еңбек ері О.Молдағожиннің ескерткіші (8 млн.) және А.Орымбаевтің демеушілігімен спорт алаңы (7 млн.) салынды. Жайпақ ауылында Қ.Байболатов Ұлы Отан соғысында қаза тапқан ардагерлерге арналған ескерткішті (5 млн.) жаңғыртса, Достық ауылында Д.Жакупов спорт зал (15 млн.) салып берді. Екпіндіде ғалым М.Байбатжановтың бастамасымен 300 түп алма ағашы (600 мың) егілсе,Көлбай батырдың кесенесін жөндеуге А.Мұқашев 500 мың теңге бөлді. Ағымдағы жылдың ең айтулы деген жаңалықтары жерлесіміз С.Мыңбаевтің демеушілігімен жалауын желбіретті. Аталмыш азамат ұлағатты ұстаз М.Мыңбаевтің кеуде мүсінін (8 млн.) тас тұғырға орнатып, мектеп маңына спорт алаңын (7 млн.) салып берді. Сонымен қатар №1 Үшарал орта мектебінің ауласында да осындай нысан (7 млн.) бой көтерді. Ал жалпы құны 500 млн. теңгені құрайтын «Тарлан» спорт кешені де осы жомарт тұлғаның түрткі болуымен есігін айқара ашты. Сөйтіп 2018 жылы «Туған жер» бағдарламасы аясындағы жобаларға барлығы 608 млн. 500 мың теңге жұмсалған.
Қазіргі таңда жалпы құны 41 млн. теңгені құрайтын 5 жоба жүзеге асырылып жатса, 61 млн.-ға 8 жоба жоспарланып отыр.
«Атамекен» кіші бағдарламасы аясында 443 млн. теңгеге 7 мешіт пен бір пошта ғимаратының құрылысы жүріп жатыр.
Жоғарыда айтылған мәліметтерге мән берсеңіз бір қойы егіз туса, бір бетегесінің басы айыр шығатын жомарт өлкеміздің тумалары да атымтай келетінін аңғарамыз. Жүрегі «елім» деп соққан ерлер аманда, еңсеміздің түспесі анық. Халықтың бағына бола туғаносындайазаматтарымыз жасай берсін.
А.ЕСЕНБЕКОВ.