Әр бала менің туғаным

Таңғы шықтың тағдырындай-ақ келте ғұмырымызда жанымыз қысылып, тәніміз ауырғанда аурухананы жағалайтынымыз жасырын емес. Сырқаттың салмағы батып, сұрау көбйгенде шипалы қолымен шуақ силар дәрігердің демеуін іздеп, дегенімен жүреміз. Тек науқастанған сәтте ғана есімзге түскенмен, әр пенденің жүрек түкпіріндегі алғыстың ең ағын жиған олардың орны үнемі төрде.

Тау төңкерліп жатса да алаңдап көрмеген балалық күндегі қорқынышымыздың алғашқысы дәрігердің қарауына бару болатын. Үйдегі үлкендер де жылауға басқан кішкентайларды «Әне, доғдыр келе жатыр, қазір укол салады»,- деп зәресін алатын. Сонда сылқылымызды доғарып, шынымен де дәрігер кеп дәрі егетіндей шошитынбыз. Ал қазір медицина саласы қызметкерлерінен сескенетін бүлдіршін кемде-кем. Себебі балалар дәрігерлері әр сәбимен туғанындай сөлесіп, барынша алдап-бағады. Қолына ойыншық ұстатып, дәріні де бақатпай бойына сіңіреді. Бұл ХХІ ғасырдың сұранысы.

Үстңндегі ақ халаттай пейілі де кіршіксіз келетін олардың қызметі аса жауапкершілік пен қатаң ұқыптылықты талап етеді. Себебі адам денсаулығы, соның ішінде ауырған жерін атап көрсете алмайтын кішкентайлардың саулығы алдыңғы қатарлы мәселе. Бұл жай ғана қызме емес, абыройлы аманат. Жалақыға емес жалпы адамзаттың амандығы үшін сайланған сала.

Осындай мамандықты мейілінше меңгерген білікті дәрігердің бірі ретінде Нэйля Серікқызын атап өтуге болады. Адам өмірінің арашасысы болған абзал жан 1976 жылы мамырдың тоғызыншы жұлдызында аудан орталығы Үшарал қаласында дүние есігін ашты. Дәл жеңіс мерекесінде өмірге келген кейіпкеріміздің алдағы тағдыры да кілең жеңістер мен жетісіктерден құралған. Қазіргі №1 орта мектептің табалдырығын аттап, бірінші сыныптан бастап білім ордасының тірлігіне белсене араласады. Мектепшілік іс-шаралардан қалыспай, қатарластарының алды, көштің баса бола білді. Жаратылыс нәзік болғанымен өжеттігімен, қайсарлығымен танылып, бастаған ісін аяқсыз қалдырмайтын. Қолымнан келмейді, істей алмаймын деген түсініктерден де мүлдем ада болатын. Қысқасы, оқуда үздік, еңбекте шапшаң болып бойжетті.

1993 жылы Семей мемлекеттік медицина университетіне бала дәрігері мамандығына түсіп, жеті жыл білімін шыңдайды. Бұндай таңдау жасауға әулетінің де әсері зор болған. Себебі әкесінің туыстарының басым бөлігі осы мамандықты меңгерген. 2000 жылы жоғарыда аталған оқу ордасын тәмамдап, қызымет баспалдағымен биікке қарай адымдайды. Небәрі бес жылдың ауданның бас педиаторы, жоғары дәрежелі дәрігер атанды.  Осы күнге дейін облыстық денсаулық сақтау басқармасы мен аудандық орталық аурухана басшылығының атынан бірталай марапаттарға ие болды. Алдына келген ата-аналардың да алғысы мол.

«Мен әр баланы туған сәбилеріммен тең көрем. Олардың сәл ыстығы көтерілсе де жүрегімнің дүрсілі жиілеп, байыз таппайым. Тез арада көмек көрсетіп, ауырған жерін емдеуге асығам. Бұл сала мен үшін жай ғана мамандық, әлде қалтаға қаражат басудың амалы емес, керісінше тағдырдың жазуы, көңілімнің қалауы. Жұмысқа келгеннен өз орныма орныққандай сезінем»,- дейді мамандығын мақтанышқа айналдырған Нэйля Серікқызы.

Кейіпкеріміз құрсағына үш сәби дарыған аяулы ана, шаңырағының тұғырын берік ұстаған ардақты жар. Өмірлік серігіне айналған Алмат Тезекбайұлымен тірліктері бөлек болғанымен, тілектері ортақ арнада тоғысып, 2002 жылы шаңырақ көтерді.  Екі ұл мен бір қыздың анасы атанып, тәлімді ұрпақ өрбітуде.

Бұл ақ халатты абзал жанның бір қыр ғана. 2016 жылдан бері жеке кәсіптің де ұршығын ұтымды иіріп жүргені тағы бар. Білімі мен білігін тиімді пайдалана отырып, жеке меншік емдеу орталығын ашқан. Ол жерде педиатр, балалар неврапотологы және балалар медбикесі еңбек етеді. Сонымен қатар УДЗ құрылғысы арқылы аудан тұрғындарына жоғары сапалы қызмет көрсетуде. Бағасы да қол жетімді. Кезек те көп емес. Аз уақыттың ішінде қажетті жұмысыңызды аяқтайсыз.

Бұның барлығы мамандығын кәсіпке, кәсібін нәсібіне айналдырған еңбекқор кісінің аянбай төккен терінің арқасында істелген дүние. Бұл қажыр-қайрат, ынта-ықылас, талап пен төзім бір адамның бойынан табылып, ортақ бағытта жол салғанның көрінісі. Еңбегімен еленіп жүрген бала дәрігерінің бұл бастамасына сәттілік тілей отырып, алдағы уақытты алар асулары биіктей берсін демекпіз.

А.ЕСЕНБЕКОВ.

Мәліметпен бөлісу: