Бейбіт Исабаев Кербұлақ ауданының алдағы даму бағыттарын айқындап берді

Бүгін облыс әкімі Бейбіт Исабаев Кербұлақ ауданының тұрғындарымен кездесу өткізді. Онда өңір басшысы облыста атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, алдағы мақсат-міндеттер жөнінде баяндады. Сондай-ақ аудан әкіміне ауыл шаруашылығын, өңдеу өнеркәсібін, инфрақұрылымды, туризмді және басқа да маңызды салаларды дамыту жөнінде нақты тапсырмалар берді, — деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Өңір басшысының айтуынша, 2026 жылғы 9 айдың қорытындысы бойынша облыс экономикасының негізгі салаларында өсім қамтамасыз етіліп, қысқа мерзімді экономикалық индикатор 105%-ды құрады. 2026-2028 жылдары облыстың агроөнеркәсіптік кешенінде жалпы құны 299 млрд. теңгені құрайтын
18 инвестициялық жоба жүзеге асырылады деп жоспарланса, соның екеуі биыл іске қосылған. Оның бірі — Кербұлақ ауданындағы «Агрохолдинг Жетісу» серіктестігі іске 1,4 мың гектар алқаптағы 21 дана жаңбырлатып суғару құрылғысын іске қосты. Сол сияқты ауданда биыл басталып, 2028 жылы аяқталатын суару жүйелерін қайта жаңғырту жобаларының нәтижесінде Қоғалы, Онжас, Аралтөбе ауылдарының 33 шақырым каналдары қалпына келтіріліп, 2,5 мың гектар жер қайта айналымға енгізілетін болады. Облыста заманауи су үнемдеу технологиялары  45,5 мың гектарға енгізілген, оның 9,3 мың гектары Кербұлақ ауданында, яғни үлесі — 20,4%.

Сондай-ақ Бейбіт Исабаев өз сөзінде су, газ, жол инрақұрылымдарын дамыту, әлеуметтік нысандар құрылысы және басқа да маңызды мәселелерге тоқталды.

Бұл ретте өңір басшысы шалғайда жатқан Қоғалы ауылына назар аударылып, бірқатар маңызды жобалар қолға а

лынатынын айтты. Атап айтқанда, Қоғалы ауылында ауыз су жүйесін жаңғырту, ауылдық ауруханасын ағымдағы жөндеу қарастырылады.

 Облыс басшысы сөзінің қорытындысында аудан әкіміне пайдаланылмай жатқан жерлерді қайтару, оларды қайта айналымға қосу, «Ауыл аманаты» бағдарламасының мүмкіндіктерін пайдалана отырып, өңдеу саласын дамыту туралы тапсырмалар берді. Сонымен қатар туризм саласын да назардан тыс қалдырмау керектігін жеткізді. Бұл ретте ауданда орналасқан «Алтынемел» ұлттық табиғи паркінің жұмысымен шектелмей, жеке инвесторларды тарту арқылы тау және экотуризм бағыттарын жандандырып, аудан экономикасын дамыту мүмкіндіктерін қарастыру қажеттігін айтты.

— Жалпы, облыс құрылған кезде Кербұлақ ауданында басты үш мәселе бар болатын — ауыз су, апатты үйлер және Сарыөзек ауылының айналма жолы. Бұл мәселелерге қатысты түбегейлі шаралар қабылдадық. Соның нәтижесінде ауыз су мәселесі шешілді, айналма жол салынды, апатты үйлерде тұратын азаматтарға жаңадан салынған 60 пәтерлі тұрғын үй берілді, тағы бір осындай үйдің құрылысы аяқталды. Жалпы, Мемлекет басшысының алдымызға қойып отырған басты міндеті — халықтың жұмыс істеуіне жағдай жасау. Соған сай жаңа жұмыс орындарын ашу, жеңілдетілген несиелер беру, «Ауыл аманаты» бағдарламасының,  кооперативтер құрудың мүмкіндіктерін кеңінен түсіндіру қажет. Аудан әкімі халықпен ашық тілдесіп, қарапайым, түсінікті тілде диалог құра білуі керек, – деген Б. Исабаев аудан басшылығына тиісті тапсырмалар берді.

Осы күні Бейбіт Исабаев азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. Онда көтерілген мәселелер тұрғын үй, газдандыру мәселелеріне қатысты болды. Бұл мәселелердің заң аясындағы шешімі түсіндіріліп, жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар берілді.

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Фотограф: Жұмабай Мұсабеков

Мәліметпен бөлісу: