
Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және бос уақытын тиімді ұйымдастыру мақсатында Білім басқармасы «Қауіпсіз демалыс» іс-шаралар жоспарын бекітті.
Полиция департаментімен бірлесіп, «Түнгі қаладағы балалар» және «Жасөспірім» атты рейдтік іс-шаралар өткізіледі. «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы аясында құқық қорғау органдары өкілдерімен кездесулер ұйымдастырылып, балалардың құқықтық сауаттылығын арттыруға және интернеттегі қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған шаралар жүзеге асырылады.
27 қазанда барлық мектепте балалардың қауіпсіздігі мен каникул кезіндегі ата-аналардың жауапкершілігіне арналған ата-аналар жиналысы өтеді.
Сонымен қатар оқушылар арасында IQanat олимпиадасы мен ауыл мектептерінің оқушыларына арналған облыстық пәндік олимпиада өткізіледі. Бұдан бөлек, патриоттық және зияткерлік іс-шаралар, кітап оқу марафондары мен өндірістік кәсіпорындарға танымдық экскурсиялар ұйымдастырылады.
28–29 қазанда «Асық ату» және «Бес асық» ұлттық ойындарынан спорттық жарыстар, сондай-ақ «Мен және отбасым» отбасылық эстафетасы өтеді. Ал 30 қазанда облыстық оқушылардың өзін-өзі басқару ұйымы президентінің инаугурациясы ұйымдастырылады.
Балалардың қауіпсіздігі – ата-аналар, педагогтер және қоғамның ортақ жауапкершілігі. Күзгі демалыс кезінде құқық бұзушылықтың, жол-көлік және тұрмыстық жарақаттанудың алдын алуға, сондай-ақ балалардың интернет кеңістігінде қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ерекше назар аударылады.
