Бүгінгі таңда қоғамның әлеуметтік тұрғыдан әлсіз топтарына тиісті дәрежеде көмек көрсету Елбасы тапсырмасына сай бір жүйеге келтірілген. Аталған бағытта атқарылуы тиіс шаралар легі Ұлт көшбасшысының жуырда жарияланған «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты кезекті Жолдауын да көрсетілді. Осы орайда Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі тарапынан 2019-2023 жылдарға арналған Ұлттық жоспарды әзірлеу де ұсынылды. Бұл жоспар жеті бағытты қамтып, көмекке мұқтаж, мүмкіндігі шектеулі жандар үшін кедергісіз орта құруды көздеп отыр.
Елбасының қариялар мен ерекше күтімді қажет ететін қоғамның әлсіз топтарына көмек көрсетуді қамтыған саясатын жүзеге асыру бойынша республиканың түкпір-түкпірінде халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдері қызмет атқаруда. Біздің ауданда да осындай бөлім талай жылдан бері өзінің қарқынды істерінің арқасында халықтың бір пайдасына жарап жүр. 28 қазан – әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлерінің кәсіби мерекесі қарсаңында осы салада талмай, танбай еңбектеніп жүрген әріптестерімді құттықтай отырып, жыл бойына атқарған жұмыстарымызға тоқталып өтсем.
Айлары асығыс, күндері қауырт өтіп жатқан қоғамның мейірім мен қайырымға, аяулы алақанға мұқтаж екені жиі байқалады. Тағдыр жазуымен егде жаста жалғаз өмір сүруге мәжбүр қарттар мен дерттері жас талғамайтын мүмкіндігі шектеулі жандар үшін де ыңғайлы, біртұтас ағзадай жүйелі жағдай жасау – біздің қоғам алдындағы маңызды міндетіміз. Жыл басынан бері аудан аумағында өңіріміздегі түрлі бөлім, мекеме басшылары, округ әкімдері, кәсіпкерлер мен шаруа қожалықтарының, бір сөзбен айтқанда жақсылыққа жаны құмар жерлестеріміздің лемеушілігімен барлығы 1687 тұрғынға 4780,2 мың теңгенің қайырымдылық көмегі көрсетілді. Атап айтсақ, 660 адамға 690,0 мың теңгенің азық-түлігі, 242 адамға 2320,0 мың теңгеге 175 тонна көмір, 40 адамға 180,0 мың теңгеге 40 куб отын ағашы, 609 адамға 1200,0 мың теңге ақшалай көмек және 36 адамға 40,2 мың теңгеге дәрі-дәрмек алынып берілді. Сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі азаматтарда 58-і сурдоқұралдармен, 37-сі тифлоқұралдармен, 45-і жүріп-тұру құралдарымен қамтамасыз етілді. Және де 47 тұрғынға емдеу-сауықтыру мақсатында санаторлық-курорттық жолдама табысталды.
Осы бағытта біздің бөлімде екі сектор өз қызметін абыроймен атқаруда. Нақтылай кетсек, Д.Саметова басқарып отырған жалғыз басты қарттар мен мүгедектерге үйде арнаулы әлеуметтік көмек көрсету бөлімшесі мен Ж.Сатыбалдинаның меңгерушілігіндегі мүмкіншілігі шектелген балаларға үйде әлеуметтік қызмет көрсету бөлімшесі. Алғашқы аталған бөлімшенің бетке ұстар қызметкерлері ретінде Н.Савченко, С.Омарбекова, А.Жиенбаева, З.Дүйсенбаева, А.Қанабекова, ал екінші бөлімшеден Ж.Молдабаева, А.Чингожина, Б.Жақсыбаева, Б.Рапилова сынды білікті мамандарды атап өтуге болады.
Жалпылай алғанда аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бадарамалар бөлімінде 43 қызметкер халықтың қамы үшін талмай, танбай еңбек етуде. Бір айта кетерлігі олардың 42-і нәзік жандылар санатынан.
Тек қана кең жүректі, кісілік бейнесі айқын, өзінен гөрі өзгелерге болсын дейтін адамның ғана қолынан келетін қызметтің тізгінін ұстаған әріптестерімді төл мерекелерімен шын жүректен құттықтаймын. Сіздерге зор денсаулық, таусылмас бақыт, кез-келгенге бұйыра бермейтін қуаныш, жұмыстарыңызда толайым табыстар тілеймін. Елдің дамуы мен халықтың мүддесі үшін атқарып жатқан істеріңіздің сауабы мыңдап болсын.
А.САДИРБЕКОВА,
аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы.