Мемлекеттің басты құқықтың құжаты

Конституция – мемлекеттің басты құқықтық құжаты, елдің тәуелсіздігі мен тұтастығын айқындайтын, қоғамның дамуына бағыт беретін маңызды заң. Ол азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғап, мемлекет пен қоғам арасындағы қарым-қатынастың негізгі қағидаттарын белгілейді. Сондықтан Ата Заңның мәні мен маңызын түсіну – әрбір азаматтың міндеті.

Қазақстан Республикасының Конституциясы – еліміздің құқықтық жүйесінің негізі. Онда Қазақстанның демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет екені айқындалған. Ата Заңның басты құндылығы – адам, оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары. Бұл қағидат азаматтардың қоғамдағы орны мен мемлекет алдындағы жауапкершілігін көрсетеді.

Конституцияның маңызы тек құқықтық нормалармен шектелмейді. Ол – халықтың ортақ құндылықтарын, елдің тарихи жолын және болашаққа деген ұмтылысын бейнелейтін құжат. Тәуелсіздікті нығайту, қоғамдық келісімді сақтау, азаматтардың әл-ауқатын арттыру және әділетті қоғам қалыптастыру сияқты маңызды міндеттер Ата Заңда белгіленген қағидаттармен тығыз байланысты.

Еліміздің тұрақты дамуы үшін заң үстемдігін қамтамасыз ету ерекше маңызға ие. Заңды құрметтеу, азаматтардың құқықтарын сақтау, қоғамдық тәртіпті нығайту – мемлекет пен қоғамның ортақ жауапкершілігі. Әрбір азамат өз құқығын біліп қана қоймай, өзгенің құқығына құрметпен қарауы тиіс. Осындай ұстаным қоғамдағы сенім мен өзара сыйластықты қалыптастырады.

Конституция – ел бірлігінің де берік негізі. Қазақстанда түрлі этнос өкілдері бір шаңырақ астында өмір сүріп, ортақ мақсат жолында еңбек етуде. Қоғамдағы татулық пен тұрақтылықты сақтау, ұлттық құндылықтарды дәріптеу және жас ұрпақтың бойына отансүйгіштік қасиеттерді сіңіру – баршамызға ортақ міндет.

Бүгінгі таңда құқықтық сауаттылықты арттыру, жастардың заңға деген құрметін қалыптастыру және азаматтық жауапкершілікті күшейту өзекті мәселелердің бірі болып отыр. Конституцияны білу – тек заңгерлердің немесе мемлекеттік қызметшілердің міндеті емес. Ол – ел болашағына бейжай қарамайтын әрбір азаматтың азаматтық парызы.

Ата Заң – тәуелсіздігіміздің тұғыры, мемлекеттілігіміздің негізі және жарқын болашаққа бастайтын бағдар. Конституция қағидаттарын сақтау арқылы біз әділетті қоғам құруға, ел бірлігін нығайтуға және келер ұрпаққа тұрақты мемлекет қалдыруға үлес қосамыз.

Мәліметпен бөлісу: