
Жетісу облысына жұмыс сапарымен келген ҚР Құрылтайының депутаты Екатерина Смолякова, Ауыл шаруашылығы вице-министрі Назгүл Хатепова және Қаржы вице-министрі Дәурен Темірбеков өңірдің белсенді жастарымен кездесті.
Талдықорған қаласындағы «Жетісу жастары» орталығында өткен кездесуде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауында айқындалған басым бағыттар талқыланды.

Қонақтар алдымен орталықтың жұмысымен танысып, жастарға арналған жобалар мен бастамалардың жүзеге асырылу барысын көрді.
Кездесу барысында білім беру, ғылым, цифрландыру, жасанды интеллект, кәсіпкерлік, ауыл шаруашылығын дамыту және жастарды жұмыспен қамту мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Ауыл шаруашылығы вице-министрі Назгүл Хатепова аграрлық секторды жаңғырту, ауыл жастарының кәсіпкерлік әлеуетін арттыру және заманауи технологияларды енгізу бағытындағы міндеттерге тоқталды.

Қаржы вице-министрі Дәурен Темірбеков мемлекеттік қаражатты тиімді пайдалану, қаржылық сауаттылықты арттыру және жастардың экономикалық мүмкіндіктерін кеңейту мәселелерін қозғады.
Ал Құрылтай депутаты Екатерина Смолякова жастардың ел дамуындағы рөлін атап өтіп, олардың қоғамдық бастамаларға белсенді қатысуының маңыздылығын жеткізді.
Ашық диалог барысында жастар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, жұмыспен қамту, білім алу, кәсіпкерлікті қолдау және жаңа технологияларды меңгеру бойынша ұсыныстарын білдірді.
Кездесу жастар мен мемлекеттік органдар өкілдері арасындағы өзара байланысты нығайтып, Президент Жолдауында белгіленген міндеттерді бірлесіп жүзеге асырудың маңызын айқындады.
