«Қайран менің өз үйім, кең сарайдай боз үйім» деп, қара шаңырағында көсіліп жатыду кім армандамайды десеңіз ші?! Әсіресе тұрғын үйсіз тұрмысыңды түзеу қиынға айналған бүгінгі қоғамда баспана проблемасының өзектілігі күшейіп, жоғарыда тілге тиек еткен тіркестің мәні арта түсетіні түсінікті. 2016 жылдың соңында Үкіметте «Нұрды жер» тұрғын үй бағдарламасын бекітудегі басты мақсат та халықтың баспаналы болсам деген арманын ақиқатқа айналдыру болатын.
Бағдарламаны жүзеге асыру жұмыстарының басталғанына онша көп бола қойған жоқ. Дегенмен, Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған жобаның аудан аумағында қалай жүргізіліп жатқанына назар салып қоюдың артықшылығы жоқ деген ойдамыз.
Елбасы Н.Назарбаевтың «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында ел экономикасының толыққанды тірегі ретінде құрылыс секторын одан әрі дамыту міндеті жүктелгені мәлім. Ал баспанамен қамту бағдарламасы аталмыш салаға тың серпін беруге тиіс екені анық. Сол себепті сөз етіп отырған жобаны жүзеге асырудың тағы бір маңызды бағыты ретінде тұрғын үй құрылысымен айналсатын компанияларды ынталандыру тетіктері жолға қойылып отыр. Атап айтар болсақ, құрылыс компанияларының банктерден алған қаражаттары бюджет есебінен субсидияланады. Есесіне тұрғызылған үйлердің бір бөлігі Тұрғын үй жинақ банкінің салымшыларына беріледі.
Сондай-ақ еліміздің әрбір азаматына 10 сотық жер бөлу мәселесі де мінберден көрінуде. Ұлттық экономика министрлігі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті таратқан ақпарға сәйкес, «Еліміздің әр азаматының жер заңнамасымен регламенттелген жеке тұрғын үй құрылысына әкімдік инфрақұрылым тартқан 10 сотық жерді тегін алуға құқы бар. 10 сотық жер алу үшін әкімдікке өтініш беру керек, яғни жер теліміне кезекке тұрған жөн».
Ауданда 1363 адам үй кезегінде, ал 600-ден астам тұрғын жер кезегінде тұр. Осы тізімді кеміту үшін түрлі бағытта ілікімді істер атқарылуда.
Соның бірі «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында Үшарал қаласының шығыс бөлігінде салынып жатқан көп қабатты үйлер. Биыл Ұлыстың ұлы күні қарсаңында құны 137 млн. теңгені құрайтын 20 пәтірлі, бес қабатты тұрғын үй қолданысқа берілген болатын. Пәтер кілттері кезекте тұрған азаматтарға, ерекше күтімді қажет ететін жандарға, көп балалы аналар мен мемлекеттік қызметкерлерге табысталды.
Бұл атқарылар істің алдыңғысы ғана. Аталған тұрғын үйдің маңайына «Астана» саябағы мен «Тарлан» спорт кешені тұрғызылды. Ал қазіргі уақытта 60 пәтерлі жалгерлік көп қабатты тұрғын үйдің құрылысы жүріп жатыр.
Ғимараттың жалпы ауданы 3699,11 м2-ты құрайды. 6 пәтердің 28-і бір бөлмелі, 32-сі екі бөлмелі. Құрылыс жұмыстарын жүргізіп жатқан мердігер компания – «Бағалы – Алакөл» ЖШС. Жоспар бойынша тұрғын үй желтоқсан айында қолданысқа берілмек. Жобаның жалпы құны – 440 млн. 400 мың. теңгені құрайды.
Бұдан бөлек осы маңда тағыда бірнеше 20 және 60 пәтерлі тұрғын үйлер бой көтермек.
«Үйі бардың – күйі бар» демекші, аталған жұмыстар еліміздегі ең басты мәселенің біртіндеп шешімінің табылуына түрткі болмақ. Сол арқылы тұрғындардың әлеуметтік ахуалын жақсартуға жаңа мүмкіндіктер тумақ.
Н.МАҚСАТҰЛЫ.