Жетісудың көркі – табиғаттың тазалығында


Туған жердің табиғаты – тұнған байлық. Көз тартар көркімен талайды тамсандырған Жетісудың әрбір тау-тасы, өзен-көлі мен жасыл алқабы – баға жетпес қазына. Осындай байлықты көздің қарашығындай сақтау, келер ұрпаққа көркем қалпында аманаттау – баршамызға ортақ міндет.
Осыны мақсат еткен «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында 7 қараша күні Жетісу облысының туристік аумақтарында жалпыоблыстық сенбілік өтті. Игі іске өңірдің 10 аудан-қаласы жұмылып, табиғаты көрікті мекендердің тазалығын сақтауға үлес қосты.

Әсіресе, туристер жиі баратын демалыс орындары мен көрікті жерлердің күтімді болуы өңірдің абыройын арттырады. Өйткені Жетісуға табан тіреген әрбір қонақ оның әсем табиғатымен қатар, тазалығына да назар аударады.

Сенбілік барысында туристік нысандар мен демалыс орындарында тазалық жұмыстары жүргізілді. Қатысушылар жиналған қоқыстарды шығарып, аумақтарды ретке келтірді. Жасыл желектерді күтіп-баптау, ағаш отырғызу және абаттандыру жұмыстарына да көңіл бөлінді. Ортақ іске жергілікті атқарушы органдардың өкілдері, туристік нысандардың басшылары мен қызметкерлері, кәсіпкерлер, еріктілер және қоғам белсенділері атсалысты.

– «Таза Қазақстан» , «Заң мен тәртіп» қағидаттары аясында ұйымдастырылған сенбілікке 12 мыңға жуық адам қатысып, 4000 мыңға тарта ағаш отырғызылмақ. Тазалық жұмыстарына 50 техника жұмылдырылды, – дейді облыстық туризм басқармасының басшысы Ерсін Ибрашев.

«Бір тал кессең, он тал ек» деген халық даналығының өзектілігі зор. Бүгінгі отырғызылған әрбір тал ертең көлеңкелі баққа айналып, туған өлкенің көркін одан әрі толықтыра түспек.

Айша СЕРІКҚЫЗЫ

Мәліметпен бөлісу: