«ӘДІЛЕТ» ПАРТИЯСЫ ЖЕТІСУДА ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ САЛАСЫН ЦИФРЛАНДЫРУҒА БАСЫМДЫҚ БЕРЕДІ

2031 жылға дейін Жетісу облысында телемедицинаны қолдану деңгейін 50 пайызға жеткізу және дәрігер тапшылығын 97-ден 70 маманға дейін қысқарту жоспарланып отыр. Бұл бастамалар «Әділет» партиясының 2026–2031 жылдарға арналған өңірлік сайлауалды бағдарламасында қамтылған. Осы және өзге де жоспарлар Алакөл аудандық орталық ауруханасының еңбек ұжымымен кездесуде талқыланды.
Басқосуға «Әділет» партиясынан Жетісу облыстық мәслихаты депутаттығына кандидаттар Амангелді Есбай мен Алмас Абдинов қатысты. Олар партияның денсаулық сақтау саласын дамытуға бағытталған бастамаларымен бөлісті.
Алғашқы болып сөз алған Амангелді Есбай Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында көтерілген міндеттерге тоқталып, медициналық қызмет сапасын арттыру мен ауылдық жерлердегі денсаулық сақтау жүйесін дамыту мәселелерінің өзектілігін атап өтті.
Оның айтуынша, партия медициналық кадрларды ауылдық елді мекендерге тартуға, мамандардың кәсіби біліктілігін арттыруға және тұрғындар арасында аурулардың алдын алу шараларын күшейтуге басымдық береді.


– Денсаулық сақтау жүйесінің сапасы ең алдымен білікті мамандардың қолжетімділігіне байланысты. Сондықтан ауылдық жерлерге медициналық кадрларды тарту және оларды тұрақтандыру, үздіксіз кәсіби білім беру жүйесін дамыту бағытында күш саламыз. Сонымен қатар халық арасында дұрыс тамақтану, дене белсенділігі және салауатты өмір салты мәдениетін қалыптастыру арқылы аурулардың алдын алуға назар аударамыз, – деді Амангелді Есбай.
Өз кезегінде Алмас Абдинов өңірдегі медициналық қызметтерді цифрландырудың маңыздылығына тоқталды. Партияның өңірлік бағдарламасына сәйкес, 2031 жылға дейін телемедицинаны қолдану деңгейін 50 пайызға жеткізу және дәрігер тапшылығын қазіргі 97 маманнан 70 маманға дейін қысқарту көзделген.
Аталған бастамалар шалғай елді мекендердегі тұрғындардың медициналық кеңес алу мүмкіндігін кеңейтуге, дәрігерлерге түсетін жүктемені азайтуға және медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға бағытталған.


Кездесу барысында медицина қызметкерлері де саладағы өзекті мәселелер мен ұсыныстарын ортаға салды. Атап айтқанда, кадр тапшылығы, медициналық жабдықтармен қамтамасыз ету және цифрлық технологияларды тәжірибеге енгізу мәселелері талқыланды.
Дайындаған: «Әділет» партиясы Жетісу облыстық филиалының баспасөз қызметі.
Тапсырыс беруші: Есбай А.Ғ.
Жетісу облыстық мәслихаты депутаттарының сайлауында партиялық тізімді ұсынған «Әділет» партиясы» ҚБ сайлау қорының қаражатынан төленді.


Мәліметпен бөлісу: