Тәуелсіздікті тақымға басқан мезетте таққа отырған Тұңғыш президент Н.Назарбаевтың егемен Қазақстанның дербес тарихын қалыптастырудағы ерен еңбегін айтып тауысу мүмкін емес. Тоқсан бірдің тоқырау жылдары Түркия мемлекетіне ресми сапармен Елбасы барғанда ұшық қондыратын жерді жалдауға республиканың қаражаты жетпегенін ескерсек, сол уақыттан бері елімізді естіп-білмеген биіктерге көтерді. Жетпіс жыл бодансың деп менсінбегендер енді босағамыздан бастарын иіп кіретін дәрежеге жеттік. Әр салада салмақты жоспарлар құрылып, жүйелі түрде орындалуының нәтижесінде ел экономикасы қарыштап, алты алаштың даңқы мен дақпырты алты құрлыққа жайылғаны тағы бар.
Жуырда З.Қойшыбаева атындағы мәдениет үйінің ұйытқы болуымен қаламымен қағаз бетін өрнектеп, өлең тудыратын ақындар арасында «Ұлт мақтанышы – Елбасы» тақырыбында мүшәйра ұйымдастырылды.
Сөз алған аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Г.Жексембаева әлем нарығында салмағы артқан Қазақстанның әр жетістігінің артында Мемлекет басшысының сарабдал саясаты тұрғандығын жеткізіп, жыр додасының жүйріктеріне сол еңбекті толықтай ашуды сұрады.
Үш сынақ бөлімінен тұған ақындар аламанында үміткерлер алдымен Елбасыға арнауларын оқыса, екінші кезеңде еркін тақырыптағы туындыларын паш етті. Қорытынды бөлімде арнайы берілген сөздерге бес минуттың ішінде шумақ-шумақ өлең жазып, өнерлерін дәлелдеді.
Екі сағатқа созылған жыр бәйгесінің нәтижесі бойынша үшінші орын екпінділік Қ.Олжабайға бұйырса, екінші орынға сапақтық А.Карипов жайғасты. Ал бірінші орын көлбайлық Ғ.Жиенбайдың қанжығасында кетсе, бас жүлдені жас журналист А.Есенбеков тақымына басты.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге арнайы дипломдар мен ақшалай сыйлықтар табысталды.
Н.МАҚСАТҰЛЫ.