Әлемнің күмісі Айболда

Айдынды өлкенің айбынды баласы Айбол бауырымыз әлем біріншілігінен ақжолтай хабармен оралды. Ол жақында Чехияның Острава қаласында джиу-джитсудан ересектер арасында өткен әлем чемпионатында күміс жүлдені қанжығалады.

20 жастағы жерлесіміз ес білгелі бері ел намысын шаршы алаңда қорғап жүрген жампоз жігіт.  Дзюдо, самбо, қазақ, грек-рим, греплинг күрестерінің, қоян-қолтық ұрыс, бокс, панкратион, джиу-джитсу, ұлттық жекпе-жек сынды спорт түрлерінен облыстық, республикалық, халықаралық дәрежедегі 60-қа  жуық  жүлдесі бар саңлақ.

Қазақы қара күштің киесі қонған Айбол жуырда ғана Чехиядадиу-джитсудан өткен әлем біріншілігіне аттанған болатын. Байрақты бәсекеге жер шарының түкпір-түкпірінен сайдың тасындай іріктелген құрыш жұдырықты, сом білекті, ұрғанын омақаса түсіретін кіл мықтылар жиналды.  Қазақстан Республикасынының намысын арқалап барған жерлесіміз де осал емес-ті. Барлық қарсыластарын айқын басымдықпен жеңген спортшымыз ақтық сынға дейін сүрінбей жетіп,әлемнің күмісін Алакөлге арқалап келді.

Аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы А.Садиевтың, аудандық жастар ресурстық орталығының маманы Ж.Наурызбаевтың және спорттағы ағасы Ж.Болатханұлының ұйытқы болуымен өңіріміздің өр намысын асқақтатқан жеңімпаз бен бапкері А.Нұрланұлын жас жанкүйерлер, туған-туыстары мен боз кілемдегі әріптестері тиісті дәрежеде қарсы алып, ақжарма тілектерін ағытты.

Жас болса да ересектер арасындағы тегеурінді текетіресте жеңіс тұғырына көтеріле білген Айболдың анасы мен әкесінің жанарын қуаныштың жасы торлап, бауыр еті балаларының жетістігіне масаттанып тұрды.

«Мен боз кілемге шыққанда өзімнің емес елімнің, артымда үміт артып отырған ағайынның намысын жер қылмауды ойладым. Әр жекпе-жекте менің мақсатым тек жеңіс болды. Қарсыластарым да оңай берілетіндер қатарына емес. Күміске қол жеткізу талай еңбек пен терді, табандылық пен төзімділікті талап етті. Алайда жарақатыма байланысты біраз қиындықтар да туындады. Бірақ соған қарамастан әлемнің үздік үштігінің қатарынан көріндім. Бұның барлығы жанкүйер болып отырған жерлестерімнің тілегінің арқасы»,- дейді чемпион.

Бір айта кетерлігі алакөлдік арлан бұған дейін джуи-джитсудан халықаралық турнирдың екі мәрте, ҚР чемпионаты мен кубогының 8 дүркін және ашық Азия біріншілігінің жеңімпазы атанды. Греплинг пен панкратионнан Қазақстан чемпиондығын қанжығаласа, ұлттық жекпе-жектен халықаралық, республикалық дүбірлі додаларда жеті мәрте топ жарып,  көлденең көк аттының қолы жете бермейтін «Алтын белбеу» титулын иемденген.  Бұл тек Айболдың алтындары ғана. Бұдан өзге жас спортшының қоржынындағы сылдырлаған күміс пен қолада есеп жоқ.

 

А.ЕСЕНБЕКОВ.

Мәліметпен бөлісу: