
Өмірбаяны
Есенбеков Алмат Асхатұлы, Жетісу облысы Сарқан ауданы Көкөзек ауылының тумасы. Сарқан қаласындағы Абай атындағы мектеп гимназиясында білім алды. «Алакөл» аудандық газетіне «Тілші» қызметіне орналасып, келесі жылы қазақ бөлімінің басшысы, одан кейін бас редактор және директор — бас редактор лауазымын атқарды. «Әділет» партиясы жанындағы жастарды қолдау жөніндегі Жетісу облыстық кеңесінің төрағасы, Жетісу облыстық қоғамдық кеңесінің және Алакөл аудандық қоғамдық кеңесінің мүшесі, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы жанындағы «Алакөл» аудандық кәсіпкерлер кеңесінің төрағасы. «Бір арман» қайырымдылық қоры мен еріктілер тобының жетекшісі. Алматы облысы әкімінің және Жетісу облысы әкімінің «Көшбасшы» жастар сыйлығының иегері.
Сайлауалды бағдарламасы
Қала аумағындағы басты байланыс торабы – жолдардың күрделі жөндеуден өтіп, тиімді қызмет етуіне күш саламын. Орталықтан шалғай жатқан түпкі көшелерге тас төгу, асфальт төсеу, М.Әуезов, Ш.Айманов, Панфилов, Амангелді және Жастар көшелерін жарықтандыру ісін назарға аламын.
Үшарал қаласында 4 км газдандыру жұмысын жүйелі жүргізуге, 2027 жылы энергетикалық желілерді жаңғыртуға және Мәметова, Әуезов, Айманов көшелерінде 4 км көше жарығын орнатуға күш саламын. Тентек өзеніндегі 1-ГЭС жобасының ЖСҚ әзірленуіне ықпал етемін.
Жеке бизнес өкілдерінің қарқынды дамуы жаңа жұмыс орындарының ашылуына және әлеуметтік жағдайдың көтерілуіне тікелей әсер етеді. Бұл ретте мемлекет тарапынан қарастырылған жеңілпайызды кәсіпкерлік несиелер, қайтарымсыз гранттар, мемлекеттік бағдарламалар мен қолдаулардың тиімді жүзеге асуына атсалысамын.
Қала, ауыл тұрғындарының жайылымдық жерлерге қолжетімділігін арттыруға, мал азығын дайындау мәселесін шешуге және шаруаларға мемлекеттік қолдау бағдарламалары туралы ақпараттың қолжетімді болуына ықпал етемін. Шаруа қожалықтарының өзекті мәселелерін көтеріп, оларды шешу үшін жауапты мекемелермен бірлесіп жұмыс жүргіземін.
Тұрғындардың өмір сүру жасын ұзарту, денінің саулығын қадағалау, қолжетімді әрі тиімді медициналық көмектің көрсетілуі аса маңызды. Осыған орай, қаламызда бой көтеріп жатқан 200 орындық аурухана құрылысының уақытылы аяқталуына және қажетті денсаулық сақтау мамандарының өңірге келуіне, медициналық көмектің жоғары деңгейде көрсетілуіне күш саламын.
Өскелең ұрпақтың білім нәрімен лайықты сусындауы аса қажетті шара. Осы ретте қаладағы оқу ошақтарының шәкірттердің заман талабына сай білім алуына жабдықталуына, ұстаздардың біліктілік көтеру дәрістеріне үздіксіз қатысуына, №2 мектептің күрделі жөндеу жоспарының қадағалаймын.
Экономикалық өсім мен дамудың негізі – халық. Осы ретте әлеумет әлеуетін көтеру жолындағы жұмыстарды бірінші кезектегі мәселе ретінде қарастырған жөн. Үшарал тұрғындарының мемлекет тарапынан нақты көмектер алуы мен әлеуметтік бағдарламалардың тиімді жүзеге асуына ықпалдасамын.
Қала тазалығы мен көркіне немқұрайлы қарамауына, әркімнің өз ауласынан бастап тазалау мәдениетін қалыптастыруға, мемлекет басшысы Қ.Тоқаев бастаған «Таза Қазақстан» акциясын белсенді қолдауға, көгалдандыру мен абаттандыру, сенбілік жұмыстарының жүзеге асуына атсалысамын.
