
Өмірбаяны
Махкамова Нұржамал Асанбайқызы, 1993 жылғы 10 қазанда дүниеге келген. 1999–2010 жылдары Леңгір қаласындағы №1 мектеп-гимназиясында білім алған. 2010–2014 жылдары Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде білім алып, жоғары білім алған. Еңбек жолын 2018 жылы Ақжар орта мектебінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып бастады. 2018–2020 жылдары аталған мектепте қызмет атқарды. 2020–2023 жылдары Шоқан Уәлиханов атындағы орта мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып жұмыс істеді. 2023 жылдан бастап Қабанбай балалар шығармашылық орталығының директоры қызметін атқарып келеді. VIII шақырылым депутаты.
Сайлауалды бағдарламасы
Менің депутат ретіндегі басты мақсатым – Қабанбай ауылының әлеуметтік-экономикалық дамуына ықпал етіп, тұрғындардың өзекті мәселелерін заң аясында көтеру және олардың шешілуіне атсалысу. Президент Жолдауындағы «Заң мен тәртіп, адал еңбек, жауапкершілік және тиімді мемлекеттік басқару» қағидаттары жергілікті деңгейдегі жұмысымыздың да негізгі бағыты болуы тиіс.
Әлеуметтік қолдау бағытында көпбалалы және жалғызбасты аналарға, әлеуметтік қолдауды қажет ететін отбасыларға тиісті көмектің уақтылы көрсетілуіне ықпал ету маңызды. Жалғызбасты қарттардың жағдайын назарда ұстап, олардың қажетті қызметтер мен қолдауға қол жеткізуіне жәрдемдесу қажет. Мүмкіндігі шектеулі азаматтар мен балалардың қоғам өміріне белсенді араласуына және оңалту қызметтерін алуына жағдай жасау да назардан тыс қалмауы тиіс.
Жастардың жұмыспен қамтылуы мен кәсіпкерлікті дамыту – ауылдың болашағына салынған инвестиция. Жастарды мемлекеттік гранттар мен субсидиялар туралы ақпараттандыру, шағын кәсіп ашуға ынталандыру, «Үйгентас» өңірінің даму әлеуетін пайдалану және ауылға келген жас мамандарды қолдау бағытындағы жұмыстарды жалғастыру қажет. Жас мамандарды тұрғын үймен қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін тетіктерін қарастыру да ауылға білікті кадр тартуға көмектеседі.
Ауыл экономикасының дамуы үшін шағын және орта кәсіпкерлікке қолайлы жағдай жасау, адал бәсекелестікті қолдау және негізгі азық-түлік тауарлары бағасының өзгерісін тиісті органдармен бірлесіп бақылау маңызды. Президент Жолдауында да кәсіпкерлік ахуалды жақсарту мен экономикалық белсенділікті арттыруға басымдық берілді. Бұл бағыттағы мүмкіндіктер ауыл тұрғындарына жаңа жұмыс орындарын ашуға және өз кәсібін дамытуға жол ашуы тиіс.
Негізгі ұстаным: Заң үстемдігі, ашықтық және нақты нәтиже – Қабанбай ауылының тұрақты дамуының берік негізі.
