Үшарал әуежайы ашылды

Жаһандық бәсекеге қабілетті бірқатар елдердің экономикасының басты тірегі болып отырған туризм саласы Қазақстанда да ерекше қарқынмен дамып келе жатыр десек қате айтпаған болар едік.  Осы табыс көзін икемді дөңгелетіп әкетуге қолайлы өңірлердің көш басында тұрған аймақтар қатарында Алматы облысы да бар. Табиғаттың барлық белдеуі мен байлығын, тамаша таңғажайыптарын түгел дерлік кездестіруге болатын өлкедегі айдын шалқар көлдері мен асқарлы таулары астасқан, орман-тоғайы бұйрат құмдармен ұштасқан ауданымыздың орны ерекше. Әсіресе, жаз айларындағы шомылу маусымында Республикамыздың әр қиырын айтпағанда, алыс-жақын шет мемлекеттерден Алакөлдің шипалы суына асығатындар легі жыл өткен сайын артып келеді. Алайда, «Жері шалғай, жолы алыс, машақаты мол сапар» деген шағым айтып, көл жағалауына демалуға келуден тартыншақтап жүргендердің де қарасы аз емес.  Сондықтан, қонақтарға тиімді жағдай жасау мақсатында өңірімізге қатынайтын күре жолдарға жөндеу жұмыстарын жүргізу кезек күттірмес мәселене ретінде қаралуда. Сонымен қатар,  темір жол арқылы жолаушыларды тасымалдау қызметі қолға алынып, 2015  жылдан бері Достық бекетіне поездар қатынай бастаған.  Маусымның 21-ші жұлдызында теледидар экраны мен мерзімді баспасөз беттерін дүр сілкіндіріп, Үшарал әуежайын да іске қостық. 

Бұл сүйіншілі жаңалық жағалауы туристік инфрақұрылымның қарқынды дамыған өңіріне айналып келе жатқан Алакөлдің мерей-мәртебесін бір көтеріп тастады. Айтулы шараға еліміздің түкпір-түкпірінен сыйлы қонақтар сапарлай келіп, қуанышымызға ортақтасты.

Дәл осы күні әуежайға 3 ұшақ қонды, алғашқы екеуі Талдықорған қаласынан бет алса, соңғысы Астанадан меймандарды арқалай келді.

Әуежайдың ашылу салтанатында облыс әкімі А.Баталов: « Құрметті қауым,  қадірменді қонақтар! Бүгін бәріміз үшін – тарихи күн. 2014 жылы Елбасымыз Н.Назарбаев облысымызға жұмыс сапарымен келгенде Алакөл көлінің  туристік әлеуетін дамыту туралы тапсырма берген еді. Осыған сәйкес ауқымды шаралар іске асырылды. Оның нәтижесін өздеріңіз көріп отырсыздар. Өңірде туристік инфрақұрылым қарқынды дамып, заманауи туристік нысандар, қонақ үйлер көптеп салынуда. Соның нәтижесінде көл жағалауына ТМД-дан, тіпті алыс шетелдерден де демалуға азаматтар ағылып жатыр. Алакөлдің туристік потенциалы зор. Жаңа әуежайдың ашылуы осы саланың одан әрі дамуына тың серпін беретініне сенімдімін»,- деп жиналғандарды  құттықтап кетті.

Алматы облысының құрметті азаматы М.Жолжанов пен «AQUAMARINE resort»  демалыс кешенінің иесі М.Сагурова аталмыш нысанның қолданысқа берілуі тек туризм саласының өркендеуіне ғана емес, сонымен қатар өңірдің әлеуметтік әлеуетін еселеп, экономикалық хал-ахуалының жаңа деңгейге көтерілуіне септігін тигізері сөзсіз екендігін тілге тиек етті.

Облыс басшысы 2015 жылы ауданамызға  ресми іссапарен келгенінде әуежай мәселесін көтерген «Алакөл» газетінің тілшісі В.Иванова уәдесін бұзбай, жаңа нысанның салынуына түрткі болған аталмыш азаматқа ризашылығын айтып, жиналғандарды жалынды жырымен сусындатты.

Қазақ дәстүріне сәйкес шашу шашылғаннан кейін табалдырықтан оң аяқтарымен аттап кірген алқалы топ ғимаратты толықтай аралап шықты. Аталмыш нысанның мамандары әуежайдың қызметі жайлы кең көлемде түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Әрқайсысы арнайы мақсатпен салынған бөлмелердің ерекшеліктері айтылып, барлық құрал-жабдықтар жайында мәлімет берілді.

Астана – Үшарал бағытындағы алғашқы рейіспен ұшып келген халықаралық журналист, тележүргізуші Қ.Әуесбай өз сұхбатында: « Бұл менің Алакөлге бірінші сапарым. Бас қаламыздан бергі жол арақашықтығы ұзақ болғандықтан шипалы көлді, тұмса табиғатты өңірді теледидардан ғана тамашалайтынмын. Бүгін міне, ақ түйенің қарны жарылып, Үшарал шаһарында  керемет әуежай ашылып отыр. Кез-келген аудан мұндай жетістігімен мақтана алмайды. Енді туристердің легі күн санап арта берері хақ», -деп танданысын жасырмады.

Тұғырлы тәуелсіздігімізді тақымымызға берік басып, дербес мемлекет атанған 25 жылдық тарихымызға зер салсақ аталмыш нысан ғимараты жаңадан салынып, қолданысқа берілген алғашқы әуежай екен. Бұл тек ауданымыздың ғана емес, жаһандану заманында бәсекеге бәс тігіп, үшінші мәрте жаңғырудың дара даңғылына түскен мемлекетіміздің де жетістігі. Аудан орталығынан 12 шақырым қашықтықта 1980-1990 жылдар аралығында Үшарал – Алматы бағытында жолаушылар тасымалданған.  Егемендігімізді еншілегеннен бері бұл жерден аспан кеңістігіне ұшақ көтерілмеген. Облыс әкімдігі мен ҚР Қорғаныс министірлігі арасындағы келісім нәтижесінде осындағы әуе базасы азаматтық мақсатта пайдалануға беріліп, ескі аэродром маңында 2015 жылы жаңа әуежайдың құрылыс жұмыстары басталды. Бас мердігер – «ASD Group» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Сағатына 50 адамға қызмет көрсетуге қауқарлы жобаға аудан әкімдігі тарапынан қосымша 4,5 гектар жер телімі бөлінген. Заманауи жабдықтармен қамту мақсатында ұшақтың ұшып-қону жолағы қайта жаңғыртылып, әуе қозғалыстарын ұйымдастыруға ең қажетті деген радиотехникалық және метерологиялық құрал-жабдықтар алынған. Жолаушыларға арналған күту залдары, ана мен бала бөлмесі, дәрігерлік көмек кабинеті, мүмкіндігі шектеулі азаматтар мен зағип жандарға арнайы төселген жүру жолдары, буфет, ақша айырбастау орындары орналасқан. Әуежай қызметін пайдаланушы азаматтар мен олардың жүктерін тексеру автоматты түрде жүзеге асады. Ол  үшін американдық «Rapiscan Systems» компаниясының  ренгендік-іздеу  аппараттары алынған. Күрделі жөндеуден өткен 2,5 шақырымдық ұшып-қону жолағы әуе көліктерінің ЯК-40, АН-24, Ембраер-124, Сиэрджи-200 және тік ұшақтардың кез келген түрлерін қабылдауға жарамды. Бастапқыда аптасына төрт рет «Астана – Үшарал – Астана» және үш мәрте «Талдықорған – Үшарал – Талдықорған» бағыттары бойынша әуе рейстері қатынайды. Жолаушыларға қызмет көрсететін «Жетісу» авиакомпаниясының президенті Қ.Дөңсебаевтың сөзіне сайып келер болсақ қыркүйектен бастап «Алматы – Үшарал – Алматы» бағытында да рейістер ашу жоспарланып отырған көрінеді. Облыстық және республикалық бюджеттерден 177,2 млн. теңге субсидия бөлінгенінің арқасында билет бағасы айтарлықтай арзандатылған.  Елордамызға сапар шеккісі келгендер (120 минут) 16 мың теңге, Талдықорған қаласына ұшатындар (40 минут) 8 мың теңге жұмсамақ.  Әуежайда әзірге 14 адам жұмыспен қамтылып, болашақта қызметкерлер саны 25-ке дейін көбейеді деп жоспарлануда. Жобаның жалпы құны 1 млрд. теңгеден асады.

Алакөлдің келешектегі туристік әлеуеті өте жоғары. Жаңа әуежайдың ашылуы демалушылар санының өсуіне ғана емес, аймақтың дамуына да үлкен серпіліс әкелгелі тұр. Алдағы уақыттарда аудандық бюджеттің 50 пайызын туризм саласы толықтырады деп күтүлуде.  Бұлай деуіміздің де өзіндік себебі бар.  Өйткені, көлді жағалай заман талабына сай қонақ үйлер, демалыс орындары бой көтеруде. Былтыр Алакөл жағалауына келіп демалғандардың саны 450 мыңнан асып жығылғаны мәлім. Бұл 2015 жылғы көрсеткіштен үш есе көп. Ал биыл олардың санын 700 мыңға жеткізу жоспарланып отыр. Алматы облысының туристік бағытының бүгінгі әлеуеті инвесторлардың назарын көптеп аудара бастады. Оның дәлелі, былтыр облыста жеке инвестициялардың есебінен 3,6 млрд. теңге қаражатқа  43 туризм нысаны қолданысқа берілсе,  соның 30-ы біздің еншімізге тиген. Нәтижесінде 263 жұмыс орны ашылып, инвестиция көлемі 1136,0 млн. теңгені құраған.  810 гектар жер аумағын қамтитын көл жағалауындағы демалыс аймақтарының бас жоспары  2006  жылы бекітілген. Дәл қазіргі уақытта жалпылай есептегенде  10 мың орындық 163 нысан жұмыс жасап тұр. Биылғы жылы қосымша  инвестиция көлемі  1млрд. 250млн. теңгені құрайтын 12 орталық  эксплуатацияға берілген. Осының арқасында  150 адамға арналған жаңа жұмыс орындары ашылды.   «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасының аясында 2011-2017 жылдар аралығында 1.9 млрд. теңгеге 17 жоба қаржыландырылған. Өндірістік инфрақұрылымды дамыту бағыты бойынша 2014 жылы 200 млн. теңге,  2015 жылы 352 млн. теңге бөлінді.

Үшарал әуежайынан көтерілген ақ қанатты алып құстар өңірлік туризм саласына оң өзгерістер әкеліп, кеңінен етек жаюына себепкер болары анық. Осыған байланысты Алакөл жағалауы халықаралық сұранысқа ие демалыс орнына айналады деген үміттеміз. Аталмыш нысанның ашылуының арқасында бүгінде айбынымыз асып, абыройымыз тасып жатыр. Қуанышымыз ұзағынан сүйіндірсін!

А.ЕСЕНБЕКОВ.

Мәліметпен бөлісу: