Демалыс орындарын аралады

 

Жер жәннаты Жетісудың жақұты саналатын айдынды Алакөл тұмса табиғаты мен шипалы көлдерінің арқасында туризм саласының ошағы қайнап тұрған орталыққа айналған.  Жыл сайын емдік қасиеті бар суына шомылып, тылсым да таңғажайып сұлулығын тамашалауға Қазақстанның әр аймағынан, ТМД елдерінен тіпті әлемнің түкпір-түкпірінен мыңдаған адамдар ағылып жатады. Сондықтан да өңірлік туризмнің өрісі кеңею үшін әр демалушыға сапалы қызмет көрсету, қазіргі заман талабына сай қонақ үйлер салу қажетті алғышарттардың қатарындағы маңызды мәселелердің бірі саналады. Осыған орай облыс әкімі А.Баталов Ақши ауылындағы демалыс аймақтарын аралап қайтты.

 

Алакөлдің туристік әлеуетін көтеру Елбасымыз Н.Назарбаетың тікелей тапсырмаларының бірі  болатын. Сол себепті «Барайын десем жер шалғай» деп жүргендердің түйінді мәселесі шешіліп, 2015 жылы құрылысы басталған әуежай да ашылды. Осыған дейін қонақтарымыз Талдықорған қаласынан бері есептегенде 300 шақырымға созылған Республикалық маңыздағы күре жолмен өңірімізге қатынайтын. «Нұрлы жол» бағдарламасының аясында бұл аумақтар да таяуда күрделі жөндеуден өтіп, жөнге келтірілмек. Жолаушылардың сапарын жеңілдету мақсатында 2015 жылы «Жетіген – Достық – Жетіген» бағытындағы темір жол қатынасы іске қосылған болатын. Алғашында 16 вагоннан тұратын поезд адамдар тасымалымен айналысса, сұраныстың артуына байланысты вагондар саны 23-ке жеткен. Көл жағалауына келіп демалушылардың уақытын үнемдеу мен жол қиындығынан арылта түсу үшін шілденің 21-ші  жұлдызында Үшарал әуежайы өз қызметін бастады. Осы мезеттен Алакөлдің бойына туристерді тарту үшін бар тараптардан шабуыл басталмақ. Өйткені өңірімізде жолаушылар тасымалында ерекше маңызға ие күре, темір, әуе жолдарының барлығы дерлік қолданыс тауып отыр.  Ендігі міндет қонақтарды қызметтік, сапалық, санитарлық, заман талабы іспеттес сындардан сүрінбей өтетін демалыс орындарымен қамтамасыз ету.

Дәл осы бағыттарда қандай жұмыстар атқарылып жатқандығын тексеру ниетінде Ақши аулына арнайы ат басын тіреген облыс әкімі А.Баталов алдымен  аудандағы туризм саласының ілгерілеп келе жатқандығының дәлелі болатын стендтер көрмесімен танысты. Ол жерде таяу келешекте қолданысқа берілетін ауқымды қонақ үйлер жобалары, 2014-2017 жылдар аралығында туристер санының едәуір өсуі, көл жағалуын нығайту, ауыл жолдарының, тротуарлардың  жөнделуі сынды түйінді мәселелер төңірегінде тұщымды әңгімелер өрбіді. Әсіресе, осы елді  мекенде жуырда құрылысы басталатын темір жол стансасына ерекше көңіл бөлінді.

Келесі кезекте былтыр қолданысқа берілген дәрігерлік амбулатория араланды. Аталмыш мекеме құрылысына облыс бюджетінен 169 млн. теңге қаражат жұмсалған. Бір ауысымда 25 емделушіге қызмет көрсетуге қауқарлы. Жалпы орталық 22 дәрігерді жұмыспен қамтуға арналған. Алайда  мамандардың жетіспеушілігіне байланысты кейбір орындар бос тұр. Жазғы суға шомылу маусымында ауылдың 500-ден астам  тұрғынынан өзге мыңдаған демалушыларға  толық медициналық көмек көрсету мақсатында аудан орталығынан қосымша дәрігерлер жіберіледі. Амбулаторияда тіс емдеу, лабаротория кабинеттері де қарастырылған және  медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етуге 27,5 млн. теңге бөлінген. Туристердің талғамы мен таңдауына, сұранысына сай жоғары деңгейлі осындай орталықтар салып, тәжірибелі мамандар тарту арқылы дәрігерлік қызметтің оң имиджін қалыптастырып, ішкі туризмнің тұрақты дамуына тың серпін бере аламыз.

Артынша құрылыс жұмыстары қарқынды түрде жүріп жатқан 4 жұлдызды «Petroleum resort»  қонақ үйінің жағдайымен танысқан А.Баталов: «Бұл демалыс орны келешекте ауданның одан қала берді облыстың да мерей-мәртебесін өсіріп, мақтанышымызға айналады»,- деп оң бағасын берді.

Осыдан үш жыл бұрын 300 млн. теңгені құрайтын жобасы нақтыланып, шілденің 5-ші жұлдызында салнатты ашылуы өткен «Alakol resort» демалыс кешенінің ғимаратына бас сұққан облыс әкімі көркіне көзің сүрінер, сәні мен сәулеті астасқан ғимаратты көре сала таңданысын жасырмады. Қара бастарының қамын ойлап, халық игілігі үшін емес қалталарын қаражатпен қампайтуға қамданған кәсіпкерлердің жеңіл-желпі, қарапайым салынып, көркемдік және қызметтік талаптардан өтпейтін пансионаттардың бой көтеруіне жол бермей,  тек осы іспеттес демалыс үйлері көбейе берсе нұр үстіне нұр боларын тілге тиек еткен А.Баталов қонақүй иесі Е.Абдрахмановқа ризашылығын білдірді.

Аталмыш нысан барлығы 2 қабаттық 4 бөліктен тұрады, олардың үшеуінде жатын бөлмелер орналасса, соңғысы мейрамхана қызметін атқарады. Сонымен қатар орталықта жаттығу залы, бассейн, бильярд, кинотеатр, би және спорттық ойын алаңдары бар.  Келушілерге 3 реттік тамақтан бөлек ауыл арасы мен көл жағалауында серуендеу үшін велосипедтер мен Сигвей скутерлері ұсынылады.  Әр бөлменің дизайнына ерекше көңіл бөлініп, Еуропалық стильде безендірілген. Ғимараттың ішкі және сыртқы көрінісінен тәжірибелі архитекторлар мен өз жұмыстарына аса ынтызарлықпен кірісетін құрылысшылардың қол таңбалары көрініп тұр. Теңдесі жоқ сәулетімен алыстан көз тартатын пансионат 300 демалушыға арналған және 50  адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Орталық басшысы бүлдіршіндерді ойнатуға арналған арнайы зал мен күтушілер қызметін де қарастырған. Қонақүй бөлмелері эконом, стандарт, люкс болып бөлініп, деңгейіне қарай қаражат көлемі 11мың мен 27 мың теңге аралығында өзгереді.

Сапарының соңында облыс басшысы 900 млн. теңге  инвестициаға салынған «AQUAMARINE resort»  заманауи демалыс орнын аралады. Ол «ЭКО-1» бағдарламасы бойынша бой көтерген бірегей қонақүй кешені. Жылына 30 мың туристі қабылдауға қауқарлы орталықта демалушыларға барлық жағдай жасалған. 2 адамға арналған бөлемелер құны 26500-61500 теңге аралығын құрайды. Бір мезгілде бұл жерде 450 адамға қызмет көрсетіле алады.

Жоғары сұранысқа ие аймақтар және демалыс орындарының ең көп шоғырланған жерлері Ақши, Көктұма ауылдарында болғандықтан бұл елді мекендердің инфрақұрылымдарын жөнге келтіру мәселелері де оң шешімін тауып келеді. Осы мақсатта қос ауылдағы кәріз жүйесінің құрылыс жұмыстарынының жобалық-сметалық құжаттарын дайындауға 21,6 млн. теңге бөлінген. Ақшидегі демалыс аймақтарына апаратын 23 шақырым жолға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Өткен жылы ауыз су құбыры жүйесінің тартылуына 343 млн. теңге жұмсалып, бүгінгі таңда толықтай пайдалануға берілді. «Бизнестің жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында Ақши ауылында 610.9 млн. теңгеге электр тасымалдауға арналған  93.7 шақырымдық жаңа желі тартылды.

Міне, осы мәліметтерге сүйене отырып өңіріміздегі туризм саласының даму беталысы көңілге қонымды екенін аңғарамыз. Әлемнің ең керемет 100 көлінің құрамына енген табиғаттың таңғажайып туындысы Алакөлдің жағалауына келіп демалушылардың қарасы күннен-күнге артуда. Болашақта шипалы көлдің жағажайы алыс-жақын шетел азаматтары үздіксіз, үзбей келетін маңызды туристік аймаққа айналады деген сенімдеміз.

А.ЕСЕНБЕКОВ.

 

Мәліметпен бөлісу: