
Сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары аясында «Әділет» партиясының Алакөл аудандық филиалының өкілдері Достық ауылындағы теміржол саласының қызметкерлерімен кездесті.
Кездесудің негізгі мақсаты – сайлауалды бағдарламаның басым бағыттарын таныстыру, тұрғындармен ашық пікір алмасу және еңбек ұжымын толғандырған мәселелерге назар аудару. Жүздесу барысында теміржол станциясының жұмысшыларымен өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, теміржол саласының маңызы, еңбек адамдарының әл-ауқатын арттыру, ауыл инфрақұрылымын жетілдіру және тұрғындар үшін қолайлы жағдай қалыптастыру мәселелері талқыланды.
Кездесу барысында аудандық мәслихат депутаттығына үміткерлердің сайлауалды бағдарламасы таныстырылып, алдағы кезеңге арналған жоспарлар мен негізгі міндеттер баяндалды. Өз кезегінде станция қызметкерлері де көкейлерінде жүрген сауалдарын қойып, ұсыныс-пікірлерін ортаға салды. Ашық форматта өткен жүздесу еңбек ұжымының ой-пікірін тыңдап, өзекті мәселелерді талқылауға мүмкіндік берді.
Мұндай кездесулердің маңызы – әрбір азаматтың үнін естіп, қоғамдағы өзекті мәселелерді назардан тыс қалдырмау. Себебі өңірдің өркендеуі мен ел дамуы ең алдымен еңбек адамдарының қажырлы қызметімен және ортақ іске деген жауапкершілікпен тығыз байланысты.
Сонымен қатар, жиында Мемлекет басшысының жыл сайынғы «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» тақырыбындағы Қазақстан халқына Жолдауын талқылап, көтерілген өзекті мәселелер жөнінде пікір алмастық.
