Еңбек етсең ерінбей…

«Кәсіп түбі – нәсіп» демекші, еліміздің азаматтары да жеке бизнемпен айналысып, экономикамызды көтеруге өз септіктерін тигізіп жүр. Кәсіпкерлік сылдыр сөздің ісі мен тиіп-қашпаның жұмысы емес. Қолға алған кәсібін одан әрі дамытып, бастаған ісін аяқсыз қалдырмайтын жауапкершілік арқалап жүрген жандардың тірлігі. Әр ісіне жауапкершілікпен қарап, кәсібін нәсіп етіп отырған осындай жандар ауданымызда да баршылық.

«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген халық даналығы бар. Өзінің ерен еңбегімен, өнегелі іс-әрекеттерімен сыйлы болып жүрген азаматтың бірі —  Жанама ауылының тұрғыны, мал бағып, егін баптаған кәсіпкер – Жылқайдаров Санат Өмірсерікұлы.

Алпысқа таяп қалған Санат аға 2000 жылдары«Барыс» шаруа қожалығын құрып, осы кәсіпке білек сыбанып кірісіпті. Сол жылдардан бері мал және егін шаруашылығымен айналысып келеді. «Бір түйір дәнде, бір тамшы тер бар» демекші,егістік алқабындағы жұмыстары қарқынды жүріп 30 гектардан аса  жерге майбұршақ және арпа дақылдарын  егіп, жыл соңында мөлшері 60 тоннаға жуық майбұршақ, 30 тоннадай арпа алады.Олбүгінде адал еңбегінің арқасында өзінің жанұясын және қол астындағы жұмысшылардың да отбасының жағдайын жасап жүрген кәсіпкерлердің қатарынан. Шағын шаруа қожалықтың иесі бүгінде 5 адамды жұмыспен қамтып отыр.Айтуынша ауылдағы жастардың жұмыссыздық деңгейін азайтуды мұрат етуде. Көктем және жаз мезгілдерінде жалдамалы жұмысшыларды маусымдық жұмыспен қаматамасыз етеді. Меншігінде екі Беларус МТЗ-80 тракторыжәне бір ДТ-75 ауылшаруашылық  техникалары бар.

Әңгіме арасында: «Жеке кәсіппен айналысуыма өмірдің ағымы алып келді. Қандай іспен шұғылдансаң да өз қиыншылығы мен қызығы бар екен. Алдағы жылдарға мақсат қойып, қандай деңгейде көріне алатынымды ойлаймын. Қанша адамды қарамағыма алу керекпін, олармен бірге әрі қарай жұмысымның өрге басуы үшін не істеу қажетпін сынды жоспарлар құрып отырамын. Егін шаруашылығынан бөлек мал шаруашылығын да алып жүру оңайға соқпайды. Қыста малдың төлдеуі тағы бар. Бәрінің басы қасында жүрмесең тағы болмайды. Көштен қалмауымыз керек. Көштен қалдым дегенше, елден қалдым дей бер»,-деп кәсіпкер ішкі сырын да ақтарып қалды.

Негізінде қазақ халқының күн көрісі, тұрмыс-тіршілігі төрт түлік малға байланысты еді. Кейіпкерімізде егін егіп қана қоймай мал асырауды да кәсіп еткен екен. 300 гектар жайылымдық жері және жеке шабындығы бар. Ол жерде  50-60 шақты бас жылқы, 40 бас ірі-қара мен 100 ге жуық ұсақ мал асырайды.

«Барыс» шаруа қожалығының иесі қоғамға пайда әкеліп жатқан адам деп нық сеніммен айта аламыз. Себебі шаруа иесі ауыл адамдарынатұрақты жұмыс беру жағынан қолдау көрсетіп, жанұяларына қол ұшын созады. Окургте орын алып жатқан түрлі шаралардан, қоғамдық игі істерден де тыс қалмайтын кейіпкеріміз Жанама ауылында айтулы мерекелерде, мектептегі түрлі іс-шараларға демеушілік жасап, халықтың алғысына бөленіп жүрген еңбек адамы.

 

М.НҰРҚАСЫМОВА.

Мәліметпен бөлісу: