Қайырымдылық – қадірлі іс

Құбыласынан жаңылып көрмеген қазақ ықылым заманнан бері жетімін кемеңгер, жесірін әмеңгер қылған текті жұрт. Сақтың салтын, ғұнның ғұрпын ұстанып, дала ділмарлары атанған дана бабаларының сара жолын бағдар еткен білгір халық. «Садақа бәлені жояды», «Қайырымдылықтың қайыры өзіңе», «Жақсылық еккен алғыс орады» немесе «Қайыр бар жерде ырыс бар» деген тәлімді тәмсілдерді темірқазығы тұтқан еліміз ежелден мұқтаж жандардың мұңын мұңдап, жоғын  түгендеуді міндет емес өмірлік ұстанымдары қылған. Исламға иланған жамағаттың көмегінің арқасында жиналған қаражатқа ауданымыздағы 26 мешіттің имамдары көптеген сауапты істерді  атқарды.

Жыл басынан есептейтін болсақ өңіріміз бойынша мешіттер тарапынан жалпы 393 қайырымдылық шаралары ұйымдастырылған. Нәтижесінде 3923 адам қамтылып, олардың 234-і үлкен көлемдегі көмекке ие болды. Азық-түлік, киім-кешек, тұрмысқа қажетті заттар таратылып, қайырымдылық істеріне барлығы 2,3 млн теңге жұмсалған.

Имамдар тек дін, діл мәселелерін ғана көтермей, сонымен қатар салауатты өмір салтын насихаттауда да өзіндік үлестерін қосып жүр. Себебі, адам денсаулығы мен оның өмірі мемлекеттің де, діннің де басты байлығы болып табылады. Жарты жылдықтың қорытындысы бойынша 670 адамды қамтыған  14 спорттық  сайыстар ұйымдастырылып, шағын футбол, гір тасын көтеру, воллейболдан жарыстар өтіп, арқан тартыс, теңге ілу, көкпар, аударыспақ сынды ұлттық ойындарымыз да ұлықталды. Дода жеңімпаздары мен жүлдегерлері бағалы сыйлықтар мен дипломдармен марапатталды. Сонымен қатар жастар арасында қара сөз, құран оқудан, діни сұрақ жауап байқаулары ішінара өтіп тұрады.

Аудан тұрғындарын діни сауаттылыққа бастау, жат ағым ықпалына иланып кетуден сақтау ниетінде алты ай ішінде әр ауылдық округ әкімдіктерінде, мектептер, емханалар мен әскери бөлімдерде және өзге де мекемелерде  164 кездесу ұйымдастырылып, 11000-ға жуық адамға уағыз айтылып, иман, Ислам жайлы түсініктері толықтырыла түсті..

Рамазан айында имамдар тұрғылықты жерлеріндегі барлық дүкендерді аралап, азық-түлік бағасын арзандату мен ішімдік сатуды доғару тұру жайлы үгіт-насихат жұмыстарын жүргізді.  Сондай-ақ 24 ауылдық округтен аз қамтылған, көп балалы, көмекке мұқтаж 100 отбасына бір тонна күріш таратып, молынан сауап жинады. «Жетім көрсең жебей жүр» деген ұлағатты ұғымды бағдар еткен аудан имамдары Талдықорған қаласындағы «Айналайын» балалар үйі мен «Қамқор» арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығына арнайы барып, түрлі ойыншықтар, жеміс-жидектер үлестіріп, мекемелерді  бір жарым тонна күрішпен қамтамассыз етті.

Өңірімізде Ислам құндылықтарын толыққанды түсіндіріп, діни сауаттылыққа үйрететін әйелдер секторы да қарқынды жұмыс атқаруда. Жыл басын бері  5 семинар, 8 дөңгелек үстел, 18 кездесу ұйымдастырылып 937 нәзік жандылар  иман жайлы білімдерін молайта түсті.

Мешіттер тарапынан істеліп жатқан бұдан да өзге қайырымдылық шаралары жетерлік. Бастысы осы беталыстарынан танбай, өңіріміздің экономикалық ахуалын және әлеуметтік әлеуетін жақсарту мен жұрттың діни көзқарасын дұрыс арнаға бұру жолындағы жұмыстары оң нәтиже көрсетсін. «Ортақ өгізден оңаша бұзау» тәмсілінен ада, қолы ашық, құшағы кең жомарт жандардың қарасы көбейе берсін.

А.ЕСЕНБЕКОВ. 

Мәліметпен бөлісу: