Міне, Ебінің есіріп соққан желімен еріп, алғашқы қар да Алакөл даласын жапты. Айналаға зер салсаңыз ақ мамыққа оранып, қара жердің кеудесі мұз құрсанды. Ал сол керемет көріністің астында күл-қоқыстың қалмауы қала тазалығын сақтаудағы алғашқы міндеттер қатарында. Күзгі санитарлық-тазалық айы мен көгалдандыру және абаттандыру жұмыстары осы мәселені шешудің бірден – бір жолы.
Әрине, тұтастай бір қаланы мұнтаздай етіп ұстау қыруар шара, уақыт пен тәртіпті талап ететін шаруа екендігі белгілі. Қаламыздың демографиясы жылдан-жылға өсуіне байланысты тұрмыстық, техникалық, өнеркәсіптік қалдықтардың да көлемі артуда. Бұл өз кезегінде 100 пайыздық тазалық көрсеткішіне қол жеткізуде қиындықтар тудыруда.
Облыс әкімдігінің 2018 жылғы 1 наурыздағы «Облыстың елді мекендерін санитарлық тазалау, абаттандыру және көгалдандыру көктемгі-күзгі екі айлығын өткізу туралы» №87 қаулысын орындау мақсатында күзгі санитарлық-тазалық айы 15 қыркүйек пен 15 қараша аралығында өтті. Аталған екі айда 9 сенбілік ұйымдастырылып, әр тазалық жұмысына орташа есеппен 3-4 мың шамасында тұрғындардар мен қала аумағында орналасқан 47 бөлім, мекеме ұжымдары атсалысты. Сенбіліктер барысында адамдар ең көп жүретін басты көшелердің бойы, демалыс саябақтары, орталық алаң, мектептер мен әлеуметтік нысандардың маңайы, жаяу жүргіншілердің жолдары, республикалық маңыздағы күре жол мен Тентек өзенінің жағасы мен шаһарымыздың ішкі бас арықтары тазартылып, әр аптада 45 тоннаға жуық қоқыс шығарылып отырды. Жиналған тұрмыстық қалдықтарды тасымалдауға «Үшарал – Тазалық» ЖШС, «Алакөл Жылу» ММ, Алакөл гуманитарлық-техникалық колледжі, Алакөл орман шаруашылығы мен «Алакөл су құбыры» ММ-нің техникалары падаланылды. Осы ретте жоғарыда аталған бөлім, мекеме қызметкерлері мен қала тазалығын алдыңғы қатарға қойып, әр сенбіліктен қалыспаған тұрғындарға алғыс айтқым келеді.
Аталған жұмыстардың арқасында шаһар жұртшылығы өз ауласын тиянақты тазалап, үй-жайларының сыртқы бедерін ретке келтіруге жұмылдырылды. Соның арқасында қаламыздың көркі кіріп, аумағы қалдық-қоқыстан тазартылып, көше бойлары түгелдей сыпырылды. Шаһарымыз көмескі кейіпінен құтылып, жандана түскенін бірден аңғаруға болады. Алайда, жұрт болып жұмылған игілікті істен қалыс қалғандары да бар.
Біз күн сайын қаламыздың әр көшесін таң бозынан бастап, құбыла қызарғанға дейін тазалап бағудамыз. Бірақкей тұрғындарымыз тазалыққа деген жауапкершілікті толық түсінбей, әліде немқұрайлылық танытуда. Бір қынжылатыным, өзгенің еңбегіне салғырт қарайтындардың қарасы азаяр емес. Менің ойлауымша көлігінің терезесінен қоқыс лақтырып немесе түнделетіп қап-қап қалдығын көше бойына тастап кететіндер де аз емес. Себебі таңертеңгісін қаншама қызыметкердің маңдай тері, адал еңбегімен қоқыс-қалдығы терілген жерлер ертесінде қайтадан ластанып, шашылып жатады. Қарап отырсаңыз бұл олқы қылықтар адамгершіліктің ешқандай шеңберіне сыймайды. Біз, Қазақстан халқы ежелден жұмыла көтерген жүк жеңіл деген тәмсілді тірек еткен жұртпыз. Өзіміздің тұрғылықты мекеніміз, айдын көлді, асқар таулы Алакөлдің айнасы саналатын Үшаралымыздың тазалығы үшін бір ауыздан атсалысып еңбек етсек игі еді.
Көгалдандыру шараларына келетін болсақ күзгі саитарлық айлық барысында450-ге жуық емен, қарағай шаған, ақ қайың, терек көшеттері отырғызылды. Және де олардың арғы күтіміне баса назар аударылып, айналасы арам шөптерден арылту, сондай-ақ уақытылы суғару сынды істер де тұрақты атқарылды.
Шаһарымыздың тазалығы ол – өз абыройымыз. Сол беделімізге сын түсірер бірден-бір жайт қаламыздан орташа есеппен алғанда аптасына 100 тоннадан астам қоқыс шығарылатындығы.
Шаһар жұртшылығының біраз бөлігі тазалыққа атүсті қарайтыны бізді қынжылтады. Билік тарапынан айтылып жатыр, талай ескертілді, сан рет түсіндірілді. Бірақ, сөзді елейтіндердің қарасы аз көрінеді. Саусақ бірікпей ине ілікпейді демекші тұрғылықты жеріміздің тазалығы үшін жұрт болып жұмылып еңбек етсек нұр үстіне нұр болар еді, ағайын.
Құрметті Үшарал қаласының тұрғындары сіздерге қалалық әкімдіктен ескертпе. Әр отбасы өз үйінің ауласын, әр мекеме мен кәсіпорындар жекеменшік аумағын таза ұстауға, көшеде қоқыс қалдырмауға, сонымен қатар табиғатқа зиян келтірмеуге міндетті. Осы міндеттемелер орындалмаса яки бұзылса заң талаптарына сай қалалық әкімшілік пен учаскелік инспектор құқұқ бұзушыларды қамауға алуға және айыппұл салуға толық құқұлы. Шаһарымыздың өркендеуі мен өрлеу жолында тазалығының атқарар рөлі зор. Ендеше бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып тұрғылықты мекенімізді көріктендіру үшін қауым болып қамданайық.
Кеңеспен шешкен шешімнің кемісі болмасы рас. Сондықтан да әр тұрғын тазалықты алдымен өз ауласынан бастаса және қала аумағын ластамауға барынша тырысса ұтарымыз қисапсыз. Себебі тазалық денсаулық кепілі. Ал адам денсаулығы ол мемлекетіміздің де, өзіміздің де басты байлығымыз.
А.ИСАТАЕВ,
Үшарал қалалық округі әкімінің м.у.а.