«Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде»,- деп Елбасымыз Н.Назарбаев айтқандай, ана тіліміз – біздің рухани байлығымыз, бізге ата-бабамыздан мұра болып қалған қазынамыз. Тіліміздің тазалығын сақтау және оның шұбарлануына жол бермеу – мемлекетімізде тұрып жатқан әрбір азаматтаң міндеті болып табылады. Кез келген мемлекет өзінің ана тілімен айбарлы. Қазақ тілі халықтың іс-әрекетінің, қарым-қатынасының құралы болғандықтан, оның мәдениетін жоғары сатыға көтеру – әрқайсымыздың борышымыз.
Қазақ тілінің көптеген маңызды жиналыстар мен іс-шараларда ескерлімей жүргені аздай, көшелердегі мекемелердің маңдайшалары мен көше атаулары, жарнамаларда ана тіліміздің «өгей баланың» күйін кешіп, «сақау» тілге айналғаны жасырын емес. Онысымен қоймай орыс тіліндегі жазбасы дұрыс, ал қазақша аудармасы қате аударылғандарына сүрініп жығыламыз. Құлаққа жағымсыз естіліп, көзге тұрпайы көрінетін грамматикалық, стилистикалық қателері көп, мағынасы кереғар ұғымды білдіретін қазақ тілді қолданушыларға арналған ақпараттың тым көбейіп бара жатқандығы алаңдатушылық тудырады.Қазақстан Республикасының «Тіл туралы» Заңының 19, 21 баптарына сәйкес, көшедегі көрнекі ақпараттар мен жарнамаларды қазақ тіліндегі мәтіні жоғарыда, орыс тіліндегі мәтін төменде орналасуы керек. Ал іс жүзіне келетін болсақ барлығы керісінше. Қазақ және орыс тілінде қатар берілуі керек кейбір жарнамаларда қазақ тілі мүлдем ұмыт қалатын кездер болады. Соңғы уақытта Үшарал қаласында бой көтеріп жатқан көптеген ғимараттардың сыртындағы жазуларға қарап, олардың ана тілімізде сауатты әрі заң талабына сай жазылмағандығы көңілді қынжылтады. Осы орайда ауданымызда да «Қазақстан Республикасының тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» аясында да жұмыстар атқарылуда.
Әрине, бір ғана зерделеу жұмысымен түгел қаланы түзетіп шығу мүмкін емес. Дегенментексеріс жүргізіліп, ескерту жасалған мекемелер бүгінгі күнге дейін қателерін түзейтін емес.
Ағымдағы жылдың сәуір-мамыр айларында жүргізілген тексерістер бойынша анықталған қателердің өзі біршама. Атап айтар болсақ, Үшарал қаласындағы Д.Қонаев көшесінде орналасқан Ұлытау кешенінің маңдайша жазуындағы «Детский мир», «Достык» (к) сауда орталығы және т.б жерлердегі қатемен жазылған ақпараттар бойынша тіл сақшылары «Ономастика туралы» Заңға сүйене отырып, орталық иелеріне ескертулер жасаған болатын. Нысан иелеріне 2 жыл бойы аудандық мәдениет және тілдерді дамыту тарапынан бірнеше рет ескерту қағаздары жолданғанмен еш нәтиже болмады.Тіпті аудандық прокуратураға да хат жолданды. Ия істеліп жатқан шаралар көп, бірақ нәтиже жоқ. Үміт бар, талпыныс кемдеу.
Осындай олқылықтар арасында біз күнделікті қолданып жүрген «ксерокс» сөзін жұрт тіпті жарнама ретінде пайдаланып жүр. Ал ол сөздің қандай мағына беретіні, қайдан шыққаны жайлы ойланыпта жатқан жоқ. Негізінде «ксерокс» сөзінің мағынасы көшірме аппаратыныңатауы. Осындай сөздердің түп төркінін білмей күнделікті ауыз екі сөзі ретінде қолданамыз.
Аударма ісі кезінде қазақ тілі көлеңкеде қалып қоюы көңілге кірбің ұялатады. Әрбір орысша сөзді тікелей қазақшаға аудара салмай, мағынасымен де біраз жұмыстар істеу керек. Әйтпесе тікелей аударылған жарнамалар саны мен мекеме атаулары көбейіп барады да, аударма сөздер шұбалыңқы және ауыр оқылады.
Сондықтан «Тіл тазалығы» мемлекеттік маңызы бар мәселе саналады. Мемлекеттік тіл – ел бірлігінің кепілі және барша қазақстандықтарды біріктіруші құндылықты факторға айналу қажет. Ал оның табиғи таза қалпын сақтау алдымен жүрегі елім деп соққан азаматтарға жүктелмек.
М.НҰРҚАСЫМОВА.