Мен қазақша сөйлеймін

Қазақстан бірлік пен татулықтың мекені. Елімізде берекесі жарасқан 130-тан астам ұлт өкілдері тұрады. Бәрінің жүректерінде бір ел, бір арман, бір сенім және барлығы Қазақстанмен байланысты. Сондай-ақ елімізде тұратын өзге ұлт өкілдері арасында қазақ тілін үйренуге деген құлшыныс жылдан жылға артып келеді.

Осы орайда Қазақстан халқы Ассаблеясының бастамасымен еліміздің барлық өңірлерінде өткізіліп жатқан «Мен қазақша сөйлеймін» жалпы республикалық акциясыауданымызда да жалғасын табуда. Жуырда З.Қойшыбаева атындағы мәдениет үйінде аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ұйытқы болуымен қоғамдағы мемлекеттік тілдің беделін арттыру, қазақ тілінің мәдениетін жоғарылату, азаматтарды мемлекеттік тілді үйренуге тарту, қазақ тілін білетін және олардың жетістіктерін насихаттайтын адамдарға қолдау көрсету мақсатында аталмыш акция өткізілді.

Шараға Алакөл техникалық-гуманитарлық колледжінің білімгерлері мен білім мекемелерінің оқушылары қатысты.

Қатысушылар 3 бөлімнен тұратын сайыста бақ сынасты. Атап айтсақ өлең жолдарын оқу (этнос өкілдерінің тілге байланысты өлең жолдарды жатқа айтуы), «Мақал сөздің мәйегі» басталған мақал мәтелдерді аяқтау және қойылған териндердің қазақша аудармасын, мағынасын айту. Конкурс қатысушыларының жұмысын бағалау және жеңімпаздарды анықтау үшін қазылар алқасы құрылды. Олар: аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы М.Сүлейменов және аудандық білім бөлімінің әдіскерлері Ж.Мырзаханова, К.Калияева.

Қазылар алқасы шара соңында тілді меңгеру деңгейі мен уақытты тиімді пайдалану талаптарын басшылыққа ала отырып шешім шығарды. Алакөл техникалық гуманитарлық колледжінің «Болашақ» командасына «Бас жүлде», №1 Үшарал орта мектебінің «Сұңқар» командасына І орын, Алакөл техникалық-гуманитарлық колледжінің «Жалын» тобына ІІ орын, ал ІІІ орын №2 Үшарал орта мектебінің «Самұрық» командасына бұйырды. Жеңімпаздар арнайы  алғыс хаттар  және  бағалы сыйлықтармен марапатталды.

М.НҰРҚАСЫМОВА.

Мәліметпен бөлісу: