Адам баласының жан дүниесі мен тағдыры жыр мен сырға толы жұмбақ болып келеді. Өмірге келген сәттен адам бойына Жаратқан ерекше бір қасиет пен қабілет сыйлайды. Осы қасиетті бойына дарыта білетін бірден-бір жан ол – ақын. Себебі, өмірге деген құштарлығын жырлары арқылы сезе де, көре де алады.
Жуырда З.Қойшыбаева аудандық мәдениет үйіне қарасты Жыланды ауылдық мәдениет үйінде «Ақынын ұлықтаған ел бақытты» демекші мәдениет үйі директоры Э.Қаметқызының ұйымдастыруымен поэзия әлемінде өзіндік үн қосып, сырлы да нәзік өлеңдерімен оқырман қауымын елең еткізіп, жырмен тербеп жүрген жергілікті жас ақын Мақсат Деңгелбайдың шығармашылығына арналған «Өлеңім –менің бақытым» атты әдеби-сазды кеші өтті.
Әдеби кешке Жыланды мектеп-лицейі жанындағы интернат тәрбиеленушілері, оқушылар қатысты.
Округ әкімі С.Копчикбаев ақынды әдеби кешімен құттықтап, оның бетбұрысы, сырлы өрелі жырлары туралы сөз қозғап, шығармашылық табыс тіледі.
Ауыл имамы М.Жақсылықұлы оның ақындық талантымен замандастарынан оза шапқан өрелілігін сөз етіп, өлең өлкесінде шыншыл азамат, жаны жайсаң жігіт екенін атап өтті.
Мәдениет үйінің директоры Э.Қаметқызы: «Жалынды жастық жағында әдемі естелікке айналар мәнді кеш өтіп жатыр. Бауырыма таудай талап, таусылмас талант, шығармашылығының өркендей беруін тілеймін»,-деп жылы лебізін білдірді.
Тілектер айтылып, оқушылар жас ақынның өлеңдерін жатқа айтып, өздерінің ақын шығармашылығына арнауларын оқыды. Әлия, Перизат, Еркежан есімді өнерлі қыздар әндерін шырқады.
Кеш соңында Округ әкімі С.Копчикбаев және мәдениет үйінің директоры Э.Қаметқызы тарапынан сый-сияпат көрсетілді.
М.НҰРҚАСЫМОВА.