Жетістігіміз де, жеңісіміз де мол

Елбасымыз Н.Назарбаевтың Жарлығына сәйкес жыл сайын тамыздың үшінші жексенбісінде дәстүрлі түрде спорт күні аталып өтеді. Қазақстандықтарға салауатты өмір салтын насихаттайтын, бұқаралық спорттты дамытуға үлес қосатын мереке қарсаңында тілшіміздің аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы  Алмат Садиевпен жүргізген сұхбатын оқырман назарына ұсынамыз.

— Алмат Тезекбайұлы, өңір тұрғындарының спортқа деген көзқарастары қандай? Үстіміздегі жылы ауыз толтырып айтарлықтай қандай жұмыстарға ұйытқы болдыңыздар?

— Өңір басшысы Ә.Жақанбаевтың жан-жақты қолдауының арқасында аудан азаматтарының спортқа деген қызығушылықтары күннен-күнге артып келеді.Мәселен, алакөлдіктердің 26,7 пайызы, яғни 19396 адам спортпен шұғылданып, салауатты өмірге деген құлшыныстарын көрсетуде.Өткен жеті айдың қорытындысы бойынша спорт сүйер қауымның құрметіне қырыққа жуық жарыс ұйымдастырылып, бес мыңнан астам қатысушы тартылды.  Бұл көрсеткіш алдыңғы жылдарға қарағанда жоғары екендігін айтқым келеді. Сонымен қатар 1 облыстық, 4 республикалық дәрежедегі турнир ұйымдастырдық. Жыл сайын Ойжайлау төрінде өтетін ұлттық ат спорты ойындарының өзі бір жеке әңгіме. Осы іс-шаралардан-ақ ауданымызда аталмыш сала қарқынды түрде дамып келе жатыр деп айтуға толық негіз бар.

— Әлемдік ареналарда, халықаралық турнирларда ауданымыздың атағын асқақтатып жүрген азаматтарымыз ретінде кімдердіңесімін атай аласыз?

— Іргесі берік, еңсесі биік егеменді еліміздің спортшылары әлемдік дәрежедегі небір байрақты бәсекелерде топ жарып жүргендері жаңалық емес. Төркүл дүниенің назарын өзіне аударған Олимпиада ойындарында да қоржынымыз олжалы оралуда. Ал осы жүлделердің мемлекетіміздің еншісіне бұйыруына алакөлдіктер де өз үлестерін қосуда.Атап айтсақ, атағы алты түйеге жүк болар Жәнібек Әлімханов, Бауыржан Оразғалиев, Айдын Смағұлов пен Қуат Хамитов ауданымыздың айбынын асырып, абыройын еселеп жатқандары мәлім. Осы ағаларын талмай, танбай көзтігер темірқазықтары тұтып, өздері де дүбірлі додалардан жүлдесіз қайтпайтын жас спортшыларымыз да жетерлік.

— Даңқымыз бен парқымызды әйгілеп жүрген осындай азаматтарымыздың лайықты ізбасарларын дайындау бағытында қандай жұмыстар атқарылуда?

— Бұндай жеңімпаздарымыздың санын көбейту үшін білікті бапкерлер мен заман талабына сай жаттығу орындары керек екендігі мәлім. Біз бұл қажеттіліктерден де кенде емеспіз. Өйткені, аудан бойынша 45 спорт алаңы, 38 зал, 3 кешен және 2 стадион салауатты өмір салтын ұстанушыларға есігін айқара ашып тұр. «Өңірлерді дамыту» бағдарламасының аясында биыл Арқарлы, Теректі, Ақжар, М.Әубәкіров, Көлбай орта мектептерінің  спорт алаңдары жөндеуден өткізілуде. Бір қуантарлық жайт, жақында шаһарымызда республикалық жарыстарды өткіздің талаптарына сай келетін алып спорт кешенінің құрылысы қолға алынды. Бұл — өңір басшысы Ә.Жақанбаевтың  бастама көтерген елеулі еңбектерінің бірі. Бүгінгі таңда ауданымызда кәсіби жаттықтырушылар спорттың 13 түрінен 1116 шәкіртті дбаптауда. Бұдан өзге әр мектептің дене шынықтыру пәнінің мұғалімдері жеке үйірмелер ашып, жастардың спортқа деген қызығушылықтарын арттыруда.

— Осы жас спортшыларымыздың республикалық, облыстық бәсекелердегі әлеуеті қандай? Жалпы жарты жылдықтың қорытындысы бойынша қоржынымыз қанша жүлдемен толықты? Және де білікті бапкерлер мен білекті спортшыларымыздың арасындағы ең үздіктері ретінде кімдерді атай аласыз?

— Жыл басынан есептесек жерлестеріміз облыстық, республикалық, халықаралық бәсекелерден 53 алтын, 62 күміс, 48 қола медальдің иегерлері атанды. Кезкелген дүбірлі додада ауданымыздың аты аталып, саңлақтарымыз спорт әлемінде өзіндік қолтаңбаларын қалыптастырды. Ал олардың жүлделі орындардан көрінуіне бірден бір себепшілер бапкерлері екендігі мәлім. Аламан бәйгелердің алдын бермейтін жаттықтырушылардың қатарына А.Нұрланұлы, Д.Медельханов, С.Тайкин, А.Еженханқызы, С.Омаров, М.Қойшыбеков. Р.Сымағұл, Б.Мұстафиндерді жатқызуға болады. Аудан қоржынын жүлделерімен толықтырып жүрген ең үздік спортшыларымыз ретінде Ж.Болатханұлын, А.Ахметовты, Д.Бауыржановты, Е.Нұрғазовты, Е.Серікті, І.Құмарұлын, С.Ерікті, Д.Әбуталипов пен Д.Болатты тағы басқа да саңлақтарымызды ерекше атауымызға болады. Бұл спортшыларымдың әлі талай  асуларды бағындыратыны сөзсіз.

— Өңіріміз басқа аймақтарға жомарт азаматтарының көптігімен мақтана алады. Сол демеушілеріміздің арасында спортқа жанашырлық танытып жүргендері  бар ма?

— Спорт десе ішкен асын жерге қойып, үнемі демеушілік етіп жүретін азаматтарымызжетерлік. Мәселен, Б.Оспановтың, Б.Қарасаевтың,Е.Абдрахмановтың, А.Слямовтың, Қ.Қатықбаевтың, Қ.Жылқайдаровтың мұрындық болуымен биыл бірнеше дүбірлі додалар ұйымдастырылды.Осы азаматтарымыздың қолдауымен көбіне ұлттық спорттық ойын түрлері ұлықталуда. Және де 24 ауылдық округ әкімдерінің демеуімен «Халық ойындары» тақырыбында көктемгі, жаздық, қыстық спартакиадалар да өтіп тұрады.

— Жастардың спортқа деген талпыныстарының күн сайын еселенуі бірінші кімнің арқасы деп ойлайсыз?

— Әрине, олардың ата-аналарының арқасы. Бұл кісілер перзенттерінің амандығын, дендерінің саулығын ойлағандықтан  балаларын әртүрлі спорт үйірмелеріне жазып,  болашақтарына негізін қалауда. Еліміздің әр аймағында өтетін жарыстарға да жиі қатыстырып, қаражаттарын да аямауда. Сондықтан да « Бауыр етім – балам» деп жүрген аяулы жандарға алғысым шексіз!Спорт саласы осы қарқынымен үздіксіз, үзіліссіз дами берсе, өңірімізден әлі де талай әлем мойындайтын саңлақтарымыздың шығары сөзсіз. Бастысы, қолымызды мезгілінен кеш сермемей, талабы бар жастарды спортқа дер кезінде тарта білуіміз қажет.

— Сұхбатыңызғакөп рахмет. Алда келе жатқан спорт күні құтты болсын. Өңір тұрғындарын салауатты өмір салтын ұстануға бастап жүрген игі істеріңізге сәттілік тілейміз. Ауданымыздың мерей-мәртебесін еселер жетістіктеріңізбен жеңістеріңіз көбейе берсін!

Сұхбатты жүргізген

А.ЕСЕНБЕКОВ.

Мәліметпен бөлісу: