Ала тақтадағы айқас

Жуырда аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің ұйытқы болуымен Тұңғыш Президент күніне орай өңірімізде тоғызқұмалақ, дойбы, шахмат ойындарының ілгерілеуіне тың төңкеріс әкелген Бәшен Дүйсебайұлының жүлдесі үшін ала тақтаның үстінде турнир ұйымдастырылды. Оған ауданның мен-мен деп кеудесін соққан белді ойыншылары қатысты.

Сөз алған аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы А.Садиев жарысқалы, шабысқалы келген шахматшыларға сәттілік тілеп, ойынның өту ережесімен таныстырды.

Дода иегері Б.Қоразов артынан еріп келе жатқан ізбасарларының беталысына оң бағасын беріп, бүгінгі бәсекеде өзі де тартысқа түсетінін жеткізді.

Жанкүйерлер әр ойынды демдерін іштеріне тартып, аса ынтызарлықпен тамашалады. Себебі алпысты алқымдаған ақсақалдар да, жас болса да жасамыстанып үлгерген кейінгі толқын өкілдері де өте тыңғылықты дайындықпен келген. Олар көрермендерді тәнті етіп, әдемі ойын өрнегін көрсете алды. оңай берілетін ешкім жоқ, жеңісті жеңіл иемденетін де мүмкіндік болмады.

Ақыл-ой еңбегін, терең тұжырым мен толғанысты талап ететін тақта ойынының қорытындысы бойынша бас жүлде Б.Қоразовқа, екінші орын үшаралдық А.Қартамысовқа, үшінші орын екпінділік Т.Кәрімжанов пен бескөлдік Е.Байзақовқа бұйырды. Ал әйелдер арасында үшаралдық З.Абилькакова үздік шықты.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге медаль, диплом мен бағалы сыйлықтар табысталды.

Н.МАҚСАТҰЛЫ.

Мәліметпен бөлісу: