Жақындап қалған оқу жылының қарсаңында өңір басшысы Ә.Жақанбаев күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан мектептердің жағдайымен танысып қайтты.
Алдымен Қарабұлақ ауылындағы орта мектепке бас сұққан аудан әкімі аталмыш білім ордасына жөндеу жүргізіп жатқан құрылыс ұйымдарына сын-ескертпелерін айтты. Себебі, мұндағы жұмыстардың қарқыны көніл көншітпейді. Ал алғашқы қоңырау соғылып, жеткіншектер алтын ұяларымен қауышатын сәтке жарты ай ғана уақыт қалды.
Келесі кезекте Қазақстан ауылындағы, Қабанбай батыр атындағы орта мектептің ғимаратын аралап, бұл жердегі істің барысына көңілі толып қайтты. Аталмыш нысандағы жөндеу құрылыс жұмыстары таяуда аяқталмақ. «Ендігі 10 күннің ішінде толықтай бітіреміз»,- дейді мердігерлер.
Бұдан кейін жуырда құрылысы басталған жаңа спорт кешенінде болған аудан әкімі Ә.Жақанбаев құрылысшыларға осы жобаны үтір, нүктесіне дейін тиянақты ойластырып, жеті мәрте өлшеп, бір рет кесулерін міндеттеді. Себебі, керемет жоспарланып, бой көтергелі отырған аталмыш кешен шаһарымыздың ең көрнекті жеріне айналғалып, салауатты өмір салтын насихаттауға, жастарымыздың спортпен шұғылдануларына жан-жақты жағдай жасағалы тұр.
А.АСХАТҰЛЫ.