Сүйінші
Ресей Федерациясының Қазан қаласында белбеу күресінен жасөсіпірімдер арасында өткен әлем біріншілігінде Әлемді ауылында ержеткен Саян Құрманғалиев алтын медальді иемденді. Жиырмаға жуық мемлекеттің сайдың тасындай іріктелген спортшылары қатысқан додада жеңімпаз атанған көлбайлық жігіттің бұл жетістігі күллі Алакөл еліне сый деп білеміз.
150-ден астам балуан бап пен бақ таласына түскен бәсекеде қанжығасы майланып келген Саян 65 келі салмақта бірінші айналымда Тәжікістан баласымен күрескен. Одан кейін Өзбекстан спортшысын жеңіп, ақтық сында Ресей балуанынан басым түсті.
Ол аталған спорт түріне үш жыл бұрын келген. Осы аралықта облыстық, республикалық, халықаралық додалардың жеңімпазы атанып үлгерген.
Саянның ендігі мақсаты ересектер арасына ауысып, ілемді кезекті рет бағындыру, сол арқылы еліміздің көк туын көкте желбірету.
Бағыты айқын, мақсаты берік жігітке сәттілік тілей отырып, оны айтулы жеңісімен құттықтаймыз. Алакөлдік спортшылар жасай берсін! Жеңісті, жемісті күндеріміз таусылмасын!
А.ЕСЕНБЕКОВ.