Ш.Уалиханов атындағы Кадет корпусына түсуге іріктеулер басталды

Алматы облысында ТМД деңгейіндегі жоғары санаттағы кәсіби сержанттар дайындайтын Ш.Уалиханов атындағы Қорғаныс министрлігінің Кадет корпусына жастарды тарту бойынша жұмыстар атқарылып жатыр, —  деп хабарлайды өңірлік коммуникациялар қызметі.

Щучинск қаласында орналасқан Шоқан Уәлиханов атындағы кадет корпусы 1996-шы жылдың 1 шілдесінде ҚР Президенті Н.Назарбаевтың Жарлығымен құрылды.  Осы мерзімде мемлекетіміздің Қарулы Күштерінің қатарына 2 мыңнан астам кәсіби сержант қосылып, жас жауынгерлерге тәлім тәрбие беруде. Жалын жүректі жастар өздері таңдап алған әскери мамандықтың қыры мен сырын кадет корпусының қабырғасында меңгеріп, әскери бөлімдерге қызметке аттанады.

            ҚР ҚК Ш.Уалиханов атындағы Кадет корпусының 3-сыныптағы сержанты, дене және жауынгерлік бағыттағы нұсқаушысы НұртайАбуталиповтың айтуынша: «Кадет корпусы – бастапқы әскери білім бағдарламасы негізінде ҚР ҚК сержанттық лауазымында қызмет атқаратын кіші командалық құрамды жасақтайтын бірден-бір оқу орны. Жыл сайын 1 500 жас қазақстандық Кадет корпусына оқуға құжат тапсырады. Ниет білдірушілер талаптарға сай екендігін растау үшін маңызды байқаудан өтуіне тура келеді», —  дейді ол.

         Әскери оқу орнына 17-21 жас аралығындағы жастар, сондай-ақ жасы 23-тен аспаған келісімшарт шеңберінде және мерзімді әскери қызмет өтеген сарбаздар оқуға қабылданады. Жалпы оқу бағдарламасы 1 жыл 10 айға есептелген. Бірінші курста кадеттер әскери қызметтің негіздерін үйреніп, әскери ант қабылдайды және 10 жылға келісімшартқа қол қояды. Екінші курстан бастап жауынгерлік тағлымдамадан өтеді. Олар ҚР ҚК әскери бөлімдеріне барып, теориялық білімдерін іс жүзінде сынайды. Оқуды бітірісімен кадеттер «Әскери басқару» мамандығы бойынша «Әскери басқарудың кіші маманы (менеджер)» біліктілігі берілгені туралы диплом алады. Сонымен қатар, «Механика – 3-сыныпты БМП жүргізушісі» және «В», «С» категориялы автокөлік жүргізушісі куәліктері беріледі.

         Бір ескере кетерлігі болашақ кадеттердің денсаулығы мықты және оқу үлгерімі 3,5 балдан төмен болмауы тиіс. Әскери ғылымды теория жүзінде меңгеріп, оны әскери бөлімдерде іс жүзінде жүзеге асыратын аталмыш оқу орны – мотоатқыш, танк жүргі, әуе-десанттық әскери мамандықтар төңірегінде кадрлар дайындайды.

                                                                                      Темірлан АЙТБАЕВ

Мәліметпен бөлісу: