Тарихи тұлғалар

Тарлан тарихқа қайырылып қарамасақ болашаққа қадам басуымыз екі талай. Қазақ тәуелсіздігі жолында күресіп өткен тұлғаларымыз біздің бүгінгі бейбіт өмірімздің негізін қалағаны рас. Егемендік құрдастарын бақытты заманға жеткізген, ұлттың қамын ойлаған ұлы тұлғаларды ұлықтау ұрпақ парызы. Сондықтан да оларға тағзым етіп, есімін қайта тірілту рухани тұрғыда жаңғырудың көрінісі болып табылады.

Осы ретте Үшарал №1 орта мектебінде  Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласын іске асырудағы «Атамекен» кіші бағдарламасы бойынша ардақты тұлғалардың тарихта қалған ізін жас буынға насихаттау, қазақ халқының тарихын, далалық өркениетті ұлттың рухани мәдениетімен байланыстырып заманауи білімділікті оқушылардың зердесіне сіңіру мақсатында «Тарихи тұлға» атты кеш өтті.

Аталмыш мектеп директоры С.Құнанбаева қазақтың тарихы мен әдебиетіне өнеге болған әр кезеңнің кемеңгер тұлғаларының, дарабоз баһадүрлерінің қажырлы еңбектерін,тәлім-тәрбиесін бүгінгі күнмен ұштастыра білген оқушылардың шеберліктерінен ұлттың уызы ұйыған ауылды, қазына қарияны, бабаларымыздың батырлығын тамашалап рухани азық алғандығын жеткізді.

Орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі А.Есенбекова: «Елбасы мәдениетіміз бен тарихымыздың озық үлгілерінің әлемдік деңгейде кеңінен танылуы мен бәсекеге қабілеттілігінің халықаралық деңгейге сай келуі аса маңызды екенін, тарих арқылы  ұлттың бет-бейнесін, рухани болмысын анықтауға болатынын айтқан еді»,- дей келе, қазақ үшін еш қиындықтан қаймығып көрмеген ұлы азаматтарымыздың ғұмыры кейінгі толқын өкілдері үін темірқазық жұлдыз іспетті болу керектігін баса айтты.

Кеш барысында 5-9 сынып оқушылары «Балаға ат қою», «Қабанбай батыр», «Шәмші Қалдаяқов», «Шоқан Уалиханов», «Т.Шевченко» сынды тарихи көріністерден үзінді қойды. Сахналық шеберлік, тарихи киімдері мен  арқылы әдемі қойылым көрсетіп көрерменнің көңілін босатты.

М.ҚУАТҚЫЗЫ.

Мәліметпен бөлісу: