Татулығымыздың тұғыры теңселмесін

2016 жылғы 14 қаңтарда Елбасы Н.Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылған күні 1 наурызды Қазақстанда Алғыс айту күні деп жариялады.

Алғыс айту күні – ең алдымен елімізде тыныштық пен үндестік, өзара сенімділік пен барлық қазақстандықтарға деген құрметтің орнығуына негіз болған Президенттің бейбітшілік пен келісім саясатының салтанатты күні. Бұл — тағдыр тәлкегімен Қазақстан жеріне еріксіз қоныс аударған түрлі этностардың миллиондаған өкілдерінің құтты қонысына айналған қасиетті қазақ жері мен қонақжай қазақ халқына терең тағзым белгісі.

Қазақ халқы қиын-қыстау заманда олардың басына түскен ауыртпалықты қайыспай бірге көтере білді,бұл бүгінгі таңда еліміздегі түрлі ұлт өкілдерінің арасындағы адамгершілік қарым-қатынастың өнегелі өлшеміне айналды.

Алғыс айту күні – күрделі заманды иық тіресе бірге еңсеріп, қысқа мерзім ішінде Елбасының басшылығымен Тәуелсіз Қазақстан құру жолында аянбай тер төккен еліміздің барлық азаматтарының бір-біріне құрмет білдіретін күн деп білеміз. Және де қайырымдылық дәстүрлерін, әлеуметтік ынтымақты, өзара көмек көрсетуді қолдау,  репрессия мен жер аудару жылдарында біздің халық көрсеткен мейірімділікке деген ризашылық уақыты.

Бұл мерекеқазақстандық патриотизмнің, достық пен бірлігіміздің, мәдени саналуандығымыздың жарқын күніне айналады, себебі Елбасы 100-ден аса этностың әрқайсысы өзінің қайталанбас өрнегін салуының нәтижесінде біздің біртұтас ұлтымыз бірегей артықшылықтар иесіне айналғанын атап өткен болатын.Қазақстан халқын мәңгілікке біріктіруге бағытталған «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық патриоттық идеясының, қазақстандық бірегейліктіңнегізгі арқауы — еліміздегі барлық ұлт пен ұлысты бір шаңырақ астына топтастыратын Қазақстан халқы Ассамблеясының күні.

Осы орайда ауданда этномәдени бірлестіктер өкілдерінің, қоғамдық бірлестіктер мен жастар  ұйымдарының өзара рухани-мәдени танымын байытуға байланысты бастамаларына ерекше назар аударылып отыр.

Ең дамыған мемлекеттердің отыздығына ену –мақсатымыз және барлық қазақстандықтардың ортақ тағдыры. Ол біздің бітімнің, рухани келісімнің айрықша мәдениетінің жоғары қағидаттарынан арқаулық табады.Көне тарихтың сан қатпарының қайсыбірін ақтарып, қат-қабат беттерін парақтасақ та, халқымыздың асыл армандарының көш басында ең алдымен ынтымақ пен бірлік, татулық пен тыныштық тұрғанын аңғарамыз.

Халқымызда «Бақ қайда барасың – ынтымаққа барамын» деген дана сөзі бар. Бәріміздің де арман-аңсарымыз – берекелі-баянды, тату-тәтті өмір сүру, жақын туыстарымыздың, ел-жұрттың аман болуы, жас өскіннің бақытты да бейбіт күлкісінің бұзылмауы.

Осынау мақсат-мүдделердің ойдағыдай жүзеге асуы ең алдымен бәріміздің қажырлы да қайратты еңбегімізге, өзара түсіністік пен ынтымаққа, еліміздегі ішкі саяси тұрақтылыққа, ұлтаралық және ұлт ішіндегі парасаттылыққа тікелей байланысты.

Саяси тұрақтылыққа кепіл болған ұлттар татулығының арқасында еліміз толағай табыстарға жетті.

Біздің   елімізде  қалыптасқан ұлттар тұтастығы мен халықтар достастығының арқасында бүгінде мемлекетіміз өркендеп, ілгері басып келеді.«Бірлік бар жерде – тірлік бар»деп дана жұрт мұны тегіннен-тегін айтпаса керек. Ауызбіршілік пен түсіністік, қарапайым сыйластық, үстемділік тұрған жерлерде қашанда нәтижелі істердің үйір болатыны белгілі. Бүгінгі таңда ақ айдынды Алакөл өңірінде қазақ, орыс,татар, ұйғыр,кәріс, украин, шешен, неміс және басқа  ұлт өкілдері бір үйдің баласындай, бір қолдың саласындайтірлік кешіп, елдің сәулетті болашағы үшін жұмыла жұмыс істеп, бірлік пен ынтымақтың ұйытқысына айналған.Осы орайда 16 ұлт өкілдерін біріктірген  Алакөл ауданы да болашаққа сенімді қадам басып келеді.

Өңіріміздегі славян және татар этно-мәдени орталықтары күннен күнге  жақсарып, ұлттар татулығының озық үлгісінің бірі ретінде, экономиканың алға қарыштауына өзіндік үлесін қосып отырғанын нық сеніммен айта аламыз. Тағдырын Жетісудың Лепсі өңірімен мәңгілік байланыстырған татар және Үшарал қаласы мен Қабанбай, Теректі округтеріндегі славян этно-мәдени орталықтары аудан халқының табысына табыс, өнері мен мәдениетіне өзіндік  үлес қосуда.

Қазыналы да қастерлі өңірде барлық  ұлт өкілдері татулықта өмір сүруіне мол мүмкіндіктер жасалған. Бұл қалыптасқан моральдық-психологиялық жағдай ізгілікті, игілікті өмірге негізгі арқау бола бермек. Баршамыз бұл жолда барлық күш-жігерімізді біріктірудеміз. Осы орайда аудандық ішкі саясат бөлімі атаулы мереке қарсаңында «Қайырымды көршіге рахмет» акциясын, білім мекемелерінде «Алғысымыз шексіз» тақырыбында басқосулар,  ауыл кітапханаларында «Қазақ халқына мың алғыс» атты көрмелер, жалғызбасты ардагерлердің ауласын тазалау бойынша «Қамқорлық», әлеуметтік әлсіз топтағы азаматтарға арналған «Жылу» қайырымдылық «Алғыс айту» шаралары өткізілді.

Бұл шаралардың негізгі мақсаты қайырымдылықты насихаттау. Бүгінгі таңда ішкі саясат бөлімі облыстық Ассамблеямен тығыз байланыста жұмыс атқаруда. Атап айтсақ, Ассамблея тарапынан Алакөл ауданының қоғамдық келісім кеңесінің жұмысына оң баға берілуде.Өңіріміздегі 24 округтің 56 елді мекеніңде 74 мыннаң астам халық тұрса, олардың 79 пайызы қазақтар, 13,6 пайызы орыстар, қалғаны өзге ұлт өкілдері.Бүгінгі күнге дейін  аудан  бойынша32  діни бірлестік  тіркелген. Оның ішінде 26 ислам, 4 орыс православ шіркеулері, 2 протестант  діни бірлестіктері бар.

Қазақстан  –  достық пен ынтымақтың киелі мекені. Бұл байтақ мекенде баршамызды  біріктіре түсетін ортақ құндылықтар бар. Ол – біздің  шежірелі тарихымыз,  мәдени мұрамыз бен қазығы берік мемлекеттік тіліміз.

Ел бірлігін еселейтін бұл  құндылықтар отаншылдық сезімін орнықтырады. Сонда Тәуелсіздігіміз мәңгі, ұлысымыз ырысты болады.

Халқымызда «Бірлігі жақсының тірлігі тапшы болмайды» — деген нақыл сөз бар, олай болса ортақ шаңырағымызда сыйластық пен сенімділік, татулық пен тұрақтылықты сақтау үшін бірлесіп атқарған ісіміз оң болғай! Еліміз аман, жұртымыз тыныш, тәуелсіздігіміз тұғырлы, мемлекеттігіміз ғұмырлы болып, әрбір шаңырақ бақыт пен шаттыққа кенелсін.Халықтар бірлігі мен ұлттар достығының киелі мекеніне айналған Қазақстан Мәнгілік Ел болсын.

М.СҮЛЕЙМЕНОВ,

аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы.

Мәліметпен бөлісу: