Әсемдік әлемінде

Сұлулыққа сүйсінбейтін, әсем дүниеге сұқтанбайтын жан жоқ шығар, сірә? Кім-кімде алсаңыз әдемілікті сүйеді, көркемділікті қалайды, үйлесімділікке ұмтылады. Себебі адамзат қауымының талғамы күн санап артып, жыл санап биіктеп келеді. Бүгінгі таңда әйел адамдарының сұранысына қарай сән салондары көптеп ашылып жатыр. Сондай бір мекеменің басшысы ретінде мақсатты ісін жүзеге асырып,бала арманын бүгінде өз кәсібіне айналдырған«Фея Пэри» сұлулық салонының иесі Үсенбаева Перизат Батырханқызы жайлы сөз қозғамақпыз.

Жаны сұлу, жүзі жарқын нәзік кейіпкеріміз Қызылорда облысы Жаңақорған кентінде туып өскен. Мектеп кезінен сурет салғанды жаны сүйіп, дизайнер болуды арман еткен Перизаттың отбасында әкесі мен бауыры да ақ параққа қылқаламмен жан бітіруге әуес болатын. Бала арманын жүзеге асырғысы келгенімен, ата-анасы қарсы болып, өздерінің нұсқауымен Шымкент қаласындағы М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетіне инженер-технолог мамандығы бойынша оқуға түседі. Алайда жаны сұлулыққа құмар ару сән саласына деген қызығушылығын әсте жоғалтқан емес.

Ол тұрмысқа шыққаннан кейін де жүрегі қалаған салаға бейімделу керек екеніне көз жеткізеді. Алматыдағы тіс қаққан мамандардың алдын көріп, арнайы сабақ алып, тәжірибесін арттырған сұлуымыз өз ісін ашуды бұрыннан жоспарлаған. Жұмысты алғашында үй жағдайында бастап, кейін салонға қызметке тұрған. 2018 жылдың қараша айында өзінің «Фея Пери» сұлулық салонын ашады. Қарамағында 10-ға жуық адам еңбек ететін бұл жердеер мен әйелдердің шашын қию, әртүрлі шаш үлгілерімен сәндеу,бет әрлеу, тырнақ күту, шаш бояу, қас түзеу сынды қызмет түрлері көрсетіледі. Өз ісінен ләззат алатын кейіпкеріміз алдына келіп отырған жанның көңілінен шықпағанша табанды тер төгуге дайын.

Перизат – жұмыста өз кәсібінің шебері болса, үйде асыл жар, мейірімді ана.  Бүгінде отау құрғандарына 15 жыл болған отбасында 4 баланы дүниеге әкелген.  Әңгіме барысында жұмыс кестесі қаншалықты тығыз болса да, бүлдіршіндеріне барынша көңіл бөлуге уақыт табатындығын, өзін сол бөбектерінің қуанышы арқылы бақытты сезінетіндігін жеткізді.

«Тағдырымның тосыннан берген сыйы – жолдасыммен кездесу сәті болды. Себебі екеуміздің де сол кездегі жағдайымыз бір арнада тоғысып жатқан кезі еді. Алғашында мен Алматыға оқуға түсіп, сол жаққа жол тартқан болатынмын. Жол жөнекей Шымкентте тұратын туған-туыстарға кіре кетеміз деп жоспарлаған едік. Ал жұбайым Ақтөбеге оқуға түсу керек болып, Шымқалаға туыстарына аман-саулық сұрай кету үшін осы шаһарға табан тіреген. Алайда үйдегі жағдайларға байланысты екеумізде осында оқуға ауысып, сонда білім жолын бастадық. Бұл жағдайдың ұқсастығы мен үшін өмірімнің ерекше сәті болып қала бермек»,- дейді, нәзік жанды аруымыз риясыз көңілмен.

Міне сол уақыттан бері 8 наурызды ерімен бірге қарсы алуда. Жыл сайын түрлі сыйлықтар ұсынып, ең бастысы алғашқы уақыттағы жалындаған махаббаттарының бірде-бір шоғы сөнбегеніне қуанады. Бұл мейрамды өзгелерден ерекше деп санайтынын да жеткізді. Өйткені бұл уақыт бір қолымен бесігін, екінші қолымен әлемді тербеткен аналардың, немере мен шөберені тәлімді тәрбимен тербеткен әз әжелердің, іңкәр қылығымен көңілді мәз еткен қырындастардың, үйінің түтінін түзу түтетіп, отбасының ұйытқысы болған асыл жарлардың, күлкісі күндей нұрын себездеген қыздардың мерекесі.

Әйелмін деп еріне иек артып жатпай, кәсібінің тасын өрге домалатқан, шебер қолдарымен сұлулықты тудырып, жылылыққа толы алақанымен балаларына қамқорлық танытып жүрген Перизат ханымды шын жүректен мерекесімен құттықтап, шаңырағына шаттық, ісінетолағай табыс тілемекпіз

Сыртқы сұлулықтарын жан дүниесінің көркемдігімен қатар ұстайтын қазақтың осындай арулары жасай берсін!

Ұ.АРЫМБЕКОВА

І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университеті журналистика мамандығының 4 курс студенті.

Мәліметпен бөлісу: