Адам өмірі басты құндылық

Суицид – бұл саналы түрде өмір сүруді тоқтату, ал өзіне-өзі қол жұмсау адамның мінез-құлық актісі болып табылады. Өлімге алып келетін өзіне қасақана қол салудың біз ойлағаннан да терең салдары бар. Бұл тек бір адамның ғана жарық дүниемен қоштасуы емес – қоғам үшін де орны толмас әлеуметтік, экономикалық жоғалту.

Қазіргі уақытта әскери қызметкерлер арасындағы өзіне-өзі қол жұмсауы мемлекетіміздің өзекті мәселесіне айналуда.

Осыған байланысты аудандық кітапхананың коверкинг орталығында облыстық «Мамандандырылған күзет қызметі басқармасы» мен Үшарал қаласының №9 взвод жеке құрамының ұйымдастыруымен «Адам өмірі басты құндылық» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.

Аталған іс-шараға жоғарғы санатты психолог маман Т.Мұқашева, аудандық орталық аурухананың психиатр-дәрігері Н.Тынысбекова, ауданның бас имамы Ә.Молдахметов, Үшарал қаласының №9 взвод жеке құрамы командирінің орынбасары, полиция майоры Д.Баянов пен облыстық «Мамандандырылған күзет қызметі басқармасы» мемлекеттік мекемесі 1-полиция батальонының аға инспекторы, психологы Д.Мамырова қатысты.

Дөңгелек үстелге қатысушы басқарма бастықтары сала қызметкерлеріне бұл жағдайдың алдын алуға болатын мүмкіндіктер, мұндай әрекет анықталған жағдайдағы көмек және суицидке бейім тұлғаларды сыртқы келбетінен, жүріс-тұрысынан қалай анықтауға болатыны туралы түсіндіріп өтті.

Психолог мамандар Т.Мұқашева мен Н.Тынысбекова өзіне-өзі қол жұмсау фактілерінің қоғамға әсері мен оның салдары және суицидті болдырмау жолдары жайында мағлұмат берді.

Шара соңы демалу жаттығуларымен аяқталды.

Ұ.АРЫМБЕКОВА,

І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университеті журналистика мамандығының 4 курс студенті.

Мәліметпен бөлісу: