Ұлы даланың ұлы жолы

Елбасымыз «Ұлы даланың жеті қыры» атты терең мазмұнды, тағылымы мол мақаласында ұлт тарихымыздағы жеті артықшылығын атап көрсетіп, оны терең зерделеп, зерттеді. Жалпы бұл туындыда өнегелі өткеніміздің өрнекті тұстарын саралауға арналған айтулы жобалар ұсынылды.

Ұлт көшбасшысы атап отырған жаңа жобалар тарих ғылымының дамуына мұрындық болып, қазақстандықтардың арасында тарих іліміне деген қызығушылықты арттырады.

Мемлекет басшысы: «Еліміздің географиялық тұрғыдан ұтымды, яғни  Еуразия құрлығының кіндігінде орналасуы ежелден әртүрлі мемлекеттер мен өркениеттер арасында транзиттік «дәліздердің» пайда болуына септігін тигізді. Біздің дәуірімізден бастап құрлық жолдары Үлкен Еуразияның Шығысы мен Батысы, Солтүстігі мен Оңтүстігі арасындағы сауда және мәдениет саласындағы байланыстардың трансконтинентальды желісіне – Ұлы Жібек жолы жүйесіне айналды.»,- деп тоқталып өтті.

Жібек Жолы ежелгі атау емес, ол 1877 жылы алғаш ғылымға  енгізді.         Ертеде бұл сауда жолы «лазурит жолы», «нефрит жолы», «құндыз жолы», «дала жолы» деген атауға ие болған. Еуропа мен Азияны біріктіріп жатқан бұл торап елімізді ғажайып жетістіктерге жеткізді.Ол дамыған халықтардың бір-бірімен сауда-саттықпен айналысуына, ғылым салаларының дамуына, дін, салт-дәстүр мен мәдениеттің қалыптасуына ықпал етті.

Аспан асты елінен бастау алатын жолда қытайдың жібек матасынан бөлек, Памир тауларында өндірілген лазурит тасы тасымалданған. Сонымен қатар зергерлік әшекей бұйымдар, бағалы аң терілері мен Иран кілемдері де жеткізіліп тұрған.

Жібек Жолы арқылы тауарлармен қатар ортағасырлық сәулет, мәдениет, әуен мен би өнері де жан-жаққа таралған. Сондай-ақ дін өкілдері өздерінің уағыздарын шет елдерге де таратуға мүмкіндік алды. Осының арқасында халықтың тұрмыс-тіршілігі жақсарып, білім деңгейі көтерілді.

Қазақстан аумағынан Орталық Қазақстан далаларына, Сарыарқа мен Ертіске, Алтай мен Моңғолияға қарай тарамдалатын жолдар өткен. Оның бойында Испиджаб, Отырар, Түркістан, Тараз, Сарайшық, Сығанақ сияқты қалалар орналасқан болатын. Бұл шаһарлардың өркенденуіне Ұлы Жібек жолының тигізген әсері мол. Міне, осы арқылы ұлы далаға жеткен дамудың озық үлгілері арқасында жаңа бірталай белестерге көтерілдік.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасының жалғасы Елбасының тарихи сананы қайта түлетуге бағытталған ұсыныстары мемлекетіміздің нығаюына септігін тигізетініне толық сенімдімін. Өйткені тарихын білген ел ғана өткеннен сабақ алып, жарқын болашаққа нық сеніммен аттанбақ.

Ұ.АРЫМБЕКОВА,

І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университеті журналистика мамандығының 4 курс студенті.

Мәліметпен бөлісу: