Жуырда Үшарал қалалық округі әкімдігінің мәжіліс залындаөңірлік даму орталығының ұйымдастыруымен ауданда кәсіпкерлікті қолдау, инвестиция тарту және мемлекеттік бағдарламалар арқылы шағын және орта кәсіпкерлікті несиелеу жөнінде форум өтті.
Оған ауылдық округ әкімдері, кәсіпорын, шаруа қожалық басшылары, бағдарлама арқылы несие алуға үміткер тұлғалар, қоғамдық ұйымдардың жетекшілері, аудандық кәсіпкерлер палатасы және кредиттік серіктестік басшылары қатысты.
Аудан әкімінің орынбасары А.Аханов: «Елбасы Н.Назарбаев кәсіпкерлікті дамытуға, шағын және орта бизнесті қолдауға үлкен көңіл аударды. Мұндай кездесулер бізге тікелей қарым-қатынас жасауға, кәсіпкерлік саласындағы ең өзекті мәселелерді көтеруге мүмкіндік береді. Ауданда 2019 жылдың 4 айына белсенді жұмыс істейтін шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 3227 бірлікті құрап, өткен жылмен салыстырғанда 104,9 пайызды көрсетіп тұр» -деп атап өтті.
Облыстық өңірлерді дамыту орталығының өкілі А.Өмірбеков аудандағы субсидия мәселесін және құжаттарды жинау барысындағы электронды форматқа көшу, көл жағалауындағы аспаздық саласын дамытуды тілге тиек етті. Кәсіпкерлерді мемлекеттік бағдарламалармен таныстырып, несие алу жолдарын түсіндірді.
Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Қ.Жұбаев пен «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-ның төрағасы Б.Несіпбеков баяндама оқыды.
Артынша Жайпақ ауылдық округінің тұрғыны Г.Түндебаева құс шаруашылығы, оның ішінде қаз өсіріп жатқандығын айтып, қала шетінен жер беру мәселесін қозғады. Сонымен қатар аудандық әкімдік тарапынан қаржылай көмек немесе демеушілер болса деген ниетін білдірді.
Форум барысында аталған тақырыпқа сай презентация көрсетіліп, туындаған мәселелер талқыланды. Кәсіпкерлер тарапынан қойылған сұрақтарға тұщымды жауаптар алынды. Сауалнамалар толтырылып, арнайы кітапшалар таратылды.
М.ҚУАТҚЫЗЫ.