Жүлдеміз мол, жігіттер жарады

Ауданымызда ертеректе дамымаса да, кейінгі жылдары қарқын алып келе жатқан жаңа спорт түрлерінен дайындықтарын шыңдап жүрген шәкірттер бүгінде бірталай жетістіктердің төрінен көрінуде. Әсіресе Арнұр Нұрланұлының тәрбиесіндегі жас жігіттер әр додадан олжалы оралып, өңіріміздің қоржынын алтын, күміс, қоламен толтыруда.

Бір айта кетерлігі бұл баларлар аттанған жарыстардан әлі де жүлдесіз оралып көрмепті. Міндетті түрде Алакөлдің атын асқақтатып, жеңіс тұғырынан жерлестеріміз көрінуде. Солардың ішіндегі соңғы жетістіктерді бір шолып өтсек.

Жуырда Елордамыз Нұр-Сұлтан қаласында ұлттық жекпе-жектен өткен Қазақстан Республикасының чемпионатында бақ сынаған 400-ден астам жігіттердің ішінен алакөлдік бауырларымыз Тұрақын Алихан үшінші орынды қанжығаласа, Раписбай Илияс қарсылас шақ келтірмей, алтыннан алқа тағынды.

Сонымен қатар ШҚО-на қарасты Зайсан қаласында ұлттық жекпе-жектен Еуразия кубогы үшін жалауын желбіреткен бәсекеде жерлестеріміз жерге қаратпады. Аудан намысын қорғай барған Айдос Абдолұлы 75 келі салмақта кездескендерді жайпап, жарыстың алтын белбеуі мен Еуразия кубогын тақымға басты. Бұл өңіріміз үшін үлкен жетістік, толағай табыс.

Барша аудан халқы атынан қоржынымызды айтулы жүлделермен толтырған жігіттерді құттықтай отырып, алдағы уақытта осы беталыстарынан танбай, бұдан да биік белестерден көрінсін деген тілек білдіреміз.

А.ЕСЕНБЕКОВ.

Мәліметпен бөлісу: