Еліміз ширек ғасырды артқа тастап, тізгін ұшымен белгіленген уақытқа қарамай жаңа бет-бейнесін қалыптастырды. Ата-бабамыздан қалған салт-дәстүрлеріміз бен киелі жерлерімізді, ізгі қасиеттерімізді қайта түлету үстіндеміз. Елінің болашақ бағдарын бағамдаған Елбасымыздың мақсаты жүзеге асып жатыр. Президент Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында еліміздің ары қарай өркендеуі және алдағы жылдарға қойылған мақсат-мұраты туралы баяндалады. Аталмыш мақалада заманға сәйкес жаңғыру, оның ішінде рухани жаңғыру мәселесі жан-жақты талқыланып, таяу жылдарға ауқымды міндеттер қойылып отыр.
Бұл маңызды саяси-идеологиялық құжат. Себебі бұл мақалада ұлттық құндылықтарымыз, мемлекеттің ұлттық құрылымы, қазақ елінің тарихи мұралары туралы айтылады. Біздің бүгінгі ең басты мақсатымыз – еліміздің дамыған алпауыт отыз елдің қатарынан қалыс қалмауы болып табылады. Сондықтан қойылған мақсат мұратымыз мемелекетіміздің, халықтың үлкен ұлы мәселесі болып отыр.
Елбасы өз мақаласында бүгінгі күнге дейінгі елімізде экономикалық даму мен өркендеу және саяси реформалар мәселесі қозғалып келгенін тілге тиек етіп, ендігі уақытта негізгі көтеретін мәселе – рух мәселесі екенін атап өткен болатын. Ұлтын сүйген азаматтың сүйіспеншілігі мен махаббатының арқасында ұлттық рухымыз сақталады. Дүние жүзіндегі көптеген ұлттар өздерінің аталмыш мәселеге байланысты әркімнің жетегіне еріп кеткеннің кеселінен, не болмаса адами, пенделік адасуға тап болып жер бетінде жойылып, тек аттары ғана қалғанын тарих беттерінен білеміз.
Бұл бағдарлама халқымызға керек. Өйткені ол рухани дамуымыздың кепілі. Ойша жеңген жеңіске ұпай берілмейді. Межелеген мұратымызға жету үшін алдымызға қойылған міндеттерді іс-әрекетімізбен дәлелдеу керек. Сол уақытта ғана мемлекетіміз рухани жаңғырады.
М.НҰРҚАСЫМОВА.