Спорт – бұл тек қана тәннің саулығыны қадағалауға емес, сонымен қатар ой-өрістің де өсуіне түрткі болатын дүние. Спорт – көк туымызды өзге мемлекеттердің аумағында желбіретіп, Гимнімізді шырқататын бірден бір сала. Спорт – достық пен татулықтың, бәсекеге қабілеттіліктің символы.
Бір айта кетерлігі, айдынды ауданымызда айбынды спортшыларымыз жетерлік. Спорттың қай түріне қарамасаңыз да облыстың, республиканың чемпиондары бар екенін аңғарасыз. Бұл киелі өңірдің топырағы мен саф ауасының және де білікті бапкерлердің арқасы.
Бұрынғысы мен бүгінгісін сабақтастыра алған өңіріміз бүгінде аталмыш салаға ерекше көңіл бөлуде. Аудан аумағында 45 спорт алаңы, 48 зал, 4 спорт кешені және 2 стадионсалауатты өмір салтын ұстанушыларға есігін айқара ашып тұр. Осының ықпалымен 20 мыңнан астам тұрғын бұқаралық спортпен айналысса мың жарымға жуық жасөспірімдер кәсіби түрде дайындалуда. Бұл ретте аудан әкімі Әлібек Әскербекұлының еңбегін атап өтпесе болмас.
Тамыздың үшінші жексенбісі осы салада танбай, талмай еңбектеніп жүрген азаматтардың төл мейрамы. Атаулы датаға орай аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің ұйытқы болуымен мерекелік іс-шара мен түрлі додалар ұйымдастырылып, алакөлдік екі тәулік бойы кереметтей көңіл күйде болды.
Алғашқы күні 24 округтің қыз-жігіттерінің арасында «Халық ойындары» тақырыбында спартакиада түңлігін түріп, олар өзара таласқа түсті. Кез келген сынаққа сақадай сай келген құрамалар жеңіс тұғырына көріну үшін барларын салды.
Тоқтала кетерлігі бұл бәсеке бір ғана спорт түрінен өтпей, әртүрлі бағытты қамтыды. Округ құрамалары шағын футбол, стритбол, қазақ күресі, тоғызқұмалақ, шахмат, жеңіл атлетика, кермеде тартылу, ұзындыққа секіру, үстел теннисі, шалқалап жатып денені көтеру, гір тасын көтеру, қол күресі, мылтық ату сынды спорт түрлерінен сынға түсті.
Алғашқы болып командалық ойындар баталып, шағын футбол, стртбол, волейболдан жарыстар жалауын желбіретті. Ортаға тасталған доптың шаңын шығарып, алаңның екі жағына кезегімен қуған құрамалар футбол мен стритболдан қызу тартысқа түсіп, көрермендердің де делебесін қоздыра білді. Күн үзаққа созылған ойындарда шағын футболдан 3 орынды жайпақтық жігіттер, 2 орынды Бескөл құрамасы алса, бас жүлде үшаралдықтарға бұйырды. Ал енді-енді дамып келе жатқан стритболдан ұлдар арасында Ынталы құрамсы үшінші, қамысқалалықтар екінші, бескөлдіктер бірінші орынды иемденді. Ал қыздар арасында қайнарлы нәзік жандылар үшінші, үшаралдықтар екінші, бескөлдіктер бірінші орынның төрінен көрінді.
Спортшылар келесі кезекте жекелей жарыс түрлері бойынша тартысқа түсті. Қазақтың төл ойыны саналатын тоғызқұмалақшылар алғашқы болып жарыс жолына шықты. Ақыл мен ойдың тереңдігін талап ететін бұл сайыста ерлер арасында М.Саятұлы үздік үштікті қорытындыласа, Қ.Сағатбеков күміс алқаны мойнынан тақты. Ал Ынталы ауылдық округінің әкімі, осы спорттың ардагері Р.Мамырбеков бас жүлдені тақымға басты. Әйелдер арасында М.Шаймұратова үшінші, А.Саятова екінші, Ж.Әлменова бірінші орынның тұғырына көтерілді.
Нағыз бұла күш пен ептілікті, қырағылық пен төзімділікті ұштастыра алған балуандар қазақ күрестен сайысқа түсіп, боз кілемнің үстінде айқасты. Алайда тек қара күштің ғана емес, табанды тактика, әдемі әдіс пен ақылға салынған айланың арқасында ғана жеңіске жетуге болатын бұл спорт түрінен алғашқы орынарға жайғасу ешкімге де оңай түскен жоқ. Көлденің көк аттыға ырқын бермейтін балуандар белдесуіне 55 келіде О,Сүлейменов 1-ші, Ғ.Шайхуманов 2-ші, М.Кәкімсейітов 3-ші, 60 келіде Б.Тұрсынғали 1-ші, С.Мұқашев 2-ші, Е.Қыдыржан 3-ші, 66 келіде Б.Қайратұлы 1-ші, Ғ.Кеңесханұлы 2-ші, М.Малғаждаров 3-ші, 74 келіде Е.Рысбеков 1-ші, Е.Сарқытбаев 2-ші, Б.Қабылов 3-ші, 82 келіде Ә.Ілиясов 1-ші, Т.Әсетов 2-ші, Қ.Абақашов 3-ші, 82 келіден жоғары салмақта Е.Заманғали 1-ші, А.Лезқанұлы 2-ші, С.Қанабеков 3-ші орынды қанжығалады.
Шапшаңдық пен ширақ қимылмен астасып жатқан үстел теннисі де өте қызықты өтті. Спортшылар теннис добын көз ілеспес жылдамдықпен ұрып, таңғалдыра білді. Бұл бәсекеде ерлер арасында Е.Нүсіпов үшінші, Е.Қуанышқан екінші орыннан көрінсе, қарсылас шақ келтірмеген А.Нұрланұлы бірінші орынды тақымға басты. Әйелдер арасында Қ.Ахат бас жүлдені иемденсе, А.Бауыржанқызы күміс, Ж.Рахимова қола медальді мойындарына тақты.
Ала тақтада атын оздырған шахматшылар да өзара қызу тартыс көрсетіп, таразы басына түскен бас жүлдені иемдену жолында барларын салды. «Шах» пен «Матты» үйлестіріп, алты жүріспен қарсыласын алып ұратын ақсақал спортыш, осы саланың ардагері, тоғызқұмалақтан халықаралық дәрежедегі төреші Б.Қоразов ерлер арасында үздіктер көшін бастады. Ал жанамалық А.Қартамысов екінші, бескөлдік Е.Байзақов үшінші орыннан көрінді. Әйелдер арасында еңбекшілік Л.Нұрбекова алтыннан алқа тағынса, бескөлдік Н.Құсайынова екінші, үшаралдық Б.Төлегенова үшінші орынды иемденді.
Зіл темірді көкке лақтырған спортшылар арасындағы гір тасын көтеру додасы да өз дәрежесінде өтті. 24 келлілік гір тасын бұйым көрмеген жігіттер арасында үшаралдық Е.Сарқытбаев бірінші, еңбекшілік М.Саятұлы екінші, екпінділік Д.Әділханов үшініші, 32 келілік темір көтеруде үшаралдық Б.Советханов бірінші, жанамалық Ш.Советханов екінші, арқарлылық Т.Әсетов үшінші орынға жайғасты.
Қол күресінде 75 келіге дейінгі салмақта Қ.Сұлубай 1-ші, А.Сұлубай 2-ші, Б.Нұрдығалиев 3-ші болды. Ал 75 келіден жоғары салмақта Ж.Жарасов алтын алқаны иемденсе, Ш.Советханов пен Б.Советханов 2-ші, 3-ші орындарды өзара бөлісті.
Кермеге тартылуда Д.Омарханов үздік болса, Е.Садуақасов 2-ші, М.Саятұлы 3-ші тұғырға көтерілді. Шалқалап жатып денені көтеруден М.Жарахметова қарсылас шақ келтірмесе, А.Ербатырова мен С.Көтербаева үздік үштікті қорытындылады. Ұзындыққа секіруден ұлдар арасында А.Ахметов, Қыздар арасында А.Ербатырова алтын медальді иемденді.
Артынша «Astana»паркінде мерекелік іс-шара өтіп, оған ауданның спорт ардагелері, жас спортшылар, өңіріміздің белді азаматтары мен тұрғындар қатысты.
Сөз алған аудан әкімінің орынбасары А.Абдинов: «Барлығымыз білетіндейтамыздың үшінші жексенбісі халықаралық спорт күні ретінде бекітігелі талай уақыт өтті. Әр жыл сайын тойланатын аталмыш мейрам спортты жанына серік қылған саңлақтарымыздың атақ-абыройын еселеп, оларға деген құрметтің белгісін көрсеткендей. Осы ретте барша алакөлдік спортшыларды атаулы мерекемен құттықтаймын»,- дей келе, осы салада көзге түсіп жүрген бірнеш азаматқа аудан әкімі Ә.Жақанбаевтың Құрмет грамотасын және өз атынан Алғыс хаттар ұсынды.
Келесі болып мінберге көтерілген спорт ардагері Қ.Бектұров спорт ұғымына толықтай тоқталса, жас чемпионымызА.Ахметов қатарластарын салауатты өмір салтын ұстануға шақырды.
Бір айта кетерлігі іс-шара барысында «Алакөлдің спорт саңлақтары» атты шағын кітапшаның тұсауы кесілді. Бұл кітапшада спорт ардагерлері мен Алакөлдің осы саладағы мақтаныштары топталған. Сонымен қатар «Алакөл, алға!» атты спортшыларға арналған жаңа ән орындалып, жиналғандардың көңілі бір көтеріліп қалды.
Кереметтей шараның өтуіне ұйытқы болған аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы А.Садиев барша әріптестерін спорт күнімен құттықтап, Алакөлдің атағын асқақтата берейік деген ізгі ниетін жеткізді.
Аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Д.Қыдырхан мен «Тарлан» спорт кешенінің директор М.Ахметов та өздерінің ақжарма тілектерін ақтарып, спортшыларды жігерлендіре түсті.
А.ЕСЕНБЕКОВ.