Қазіргі таңда еліміздің болашақ ұрпақтарын тәрбиелеу бағытындағы білім беру мәселесі мемлекетіміздің басты ұстанымдары болып отыр. Аталған жүйенің жаңа сапалық деңгейге өту қажеттілігі күннен күнге артып, қыруар қаражат бөлініп , жан-жақты жағдай жасалуда.
Осындай бастамалар ауылымызға көрік беретін мектеп өміріне де өз ықпалын тигізуде.
Көктұма қазақ орта мектебі өткен оқу жылында толық күрделі жөндеуден өтті.Оқушылардың жаңа заман талабына сай сапалы терең білім , саналы тәрбие алуына, жас жеткіншектердің жан-жақты дамуына, барлық жағдай қарастырылған. Оқу кабинеттері жаңа парта,орындықтармен, жиһаздаржәне компьютерлік техникалар, интербелсенді тақталармен қамтамасыз етілді. Бүгінгі күннің талабына сай, мектеп ұжымы бірлесе отырып, шығармашылық жұмыстар атқарып, табысты мектеп қатарынан көрінуде. Дарынды шәкірттеріміз аудандық, облыстық, республикалық түрлі байқауларға қатысып, жүлделі орындарға ие болды.
Ұстаздардың жан-жақты ізденулерінің нәтижесінде музыка пәнінің мұғалімі Жақаев Асқарбек,технология пәнінің мұғалімі Торсықбаев Ержанның авторлық бағдарламасы облыстық әдістемелік кабинет арқылы бекітіліп, оқу үрдісіне элективті курстар негізінде енгізу жоспарлануда.
«Ізденген ұстаздан – шығармашыл шәкірт» дегендей, мектебіміздің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері жыл бойы түрлі шығармашылық жұмыстарын жүйелі атқарып, еңбегінің нәтижесін көрсетуде.
2018-2019 оқу жылында аудандық «Үздік қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі» байқауына Тлеубердиева Гүлнәр қатысып, бас жүлдені иеленді.
Дарынды шәкірттері аудандық түрлі байқаулардың жеңімпазы атанды.
Аудандық «Абай оқуларына» ақын өлеңдерін жатқа оқудан 10 сынып оқушысы Тасқын Айман қатысып, ІІ орын және «Қадыр оқуына» 7 сынып оқушысы Жұмабек Арнұр қатысып ІІІ орынды иеленді.
Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Рахимова Ардақтың шәкірттері аудандық, облыстық байқауларға қатысып, үздіктер қатарынан көрінуде. Қабдикаримова Диана облыстық жалпы пәндер олимпиадасында ІІІ орынды қанжығалады.
Аудандық «Жарқын болашақ» олимпиадасына 10 сынып оқушысы Қабытаев Манат І орын, «Мағжан» оқуларынан 9 сынып оқушылары Қадыр Даурен бас жүлде, Абеуов Мағжан ІІІ орын, «Абай оқуларынан» 9 сынып оқушысы Әбдіқадыр Ералы облыстық «Абай оқуынан» Алғыс хатпен марапатталды.
Аудандық «Ана тілі аруы» байқауына 10 сынып оқушысы Тасқын Айман қатысып, бас жүлдені иеленді.Қабдикаримова Диана облыстық «Мақал сөздің — мәйегі» байқауынан диплом және 30 000 теңге сертификатын тақымдады.
Мектепте дарынды, өнерлі балаларды шыңдау мақсатында «Домбыра», «Би», «Шебер қолдар» үйірмесі жүргізіледі.
«Домбыра» үйірмесінде 15 оқушы қамтылып,Жақаев Асқарбектің жетекшілігімен оркестр құрылды. Нәтижесінде дарынды оқушысы Саглиханова Диана республикалық «Төкпе күй» байқауындаІ орынды иеленді.
Мектепте 2018-2019 оқу жылында «Мектеп оқушыларын кәсіпке бағдарлау және кәсіпке баулу» тақырыбында 5 жылға арналған жоба жұмысы басталды. Оның мақсаты мектеп оқушыларын ерте бастан кәсіби бағдарлау және кәсіпке баулу, мамандықты дұрыс таңдауға ықпал ету. Бұл жоба мектептің педагогикалық кеңесінде, ата- аналар жиналысына таныстырылып, бекітілді.
Мектептегі кәсіптік бағдарлау жұмысы оқушылардың тұлғалық бейімділіктеріне, қызығушылықтарына , қабілеттеріне сәйкес, кәсіпті саналы түрде таңдауға дайындайды.
Мектеп ұжымы бірлескен еңбек нәтижелерін көрсетуде. Аудандық «Үздік ауыл мектебі» байқауына қатысып сертификат, парталар жиынтығытабысталды. Облыстық «Үздік ауыл мектеп» байқауына қатысып ІІ орынды иеленді.
Ұлтымыздың біртуар ақыны, педагог М.Жұмабаев:»Алты алаштың баласы жиналса да, төрдегі орын мұғалімдікі»,- деп ұстаз мәртебесін айшықтаған болатын. Биылғы өзгерістер мен жаңалықтарға толы жаңа оқу жылында баршаңызға мол табыс, шығармашылық жетістіктер мен игі бастамалар тілеймін.
А.ҚАСЫМЖАНОВА,
Көктұма қазақ орта мектебінің директоры.