Ел мүддесін көздеді

Президент Жолдауы – еліміздегі саяси оқиғалардың ең маңыздысы ретінде қабылданатын тарихи құжат болғандықтан халқымыз үлкен үміт, жаңалық күтетіні белгілі. Қазақстан Республикасының ​Президенті Қ.Тоқаевтың бұл мемлекет басшысы  ретінде алғашқы  Жолдау. Мұнда ол  сайлауалды бағдарламасында уәде еткен міндеттерге қол жеткізудің мүмкіндіктерін көрсетіп, еліміздің даму келешегіне бағыт-бағдар беріп, барша Қазақстан жұртын ел келешегінің дамуына жұмылдыруға бағыттап, көптің көкейінде жүрген сұрақтарға жауап берді.

Бес институционалдық реформа мен Елбасы әзірлеген Ұлт жоспарына сүйене отырып, ұлттық комиссияның жұмысын қайта жаңғырту жөнінде сөз етті. Сондай-ақ ішкі саяси мәселелер, мемлекеттік институттардың рөлін нығайту, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, экономиканы жаңғырту, халықты әлеуметтік қамсыздандыру мәселелеріне кеңінен тоқталды.

Өркениетті қоғамда бәсекеге қабілетті мықты партиялар болуы шарт, сол арқылы мемлекет те ұдайы нығайып, бәсекеге қабілетті орта қалыптасып, ол елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайының өсуіне оң ықпал етері сөзсіз. Осы орайда мемлекет басшысы «Nur Otan» партиясының басты саяси күш екеніне баға беріп, сонымен қатар басқа да саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктер  арасындағы ынтымақтастықты, пікірлерінің әр алуандығын және өзара бәсекелестікті, әділ сынды қалыптастыру арқылы олардың тиімді ойларын, бағдарламаларын пайдалана отырып, қоғамдағы тұрақтылық пен дамудың жаңа моделін жасауға бет бұрып отыр.

Ең алдымен Президент халықтың жағдайынан жақсы хабардар. Ол – Қазақстанның әрбір адамы үшін, тұтас халқы үшін алаңдайтынын, сәт сайын қамқорлық жасалу керектігін, барлық мемлекеттік органдардың сол мақсатта халыққа қызмет етуі басты міндеті екенін еске салды. «Еліміздің әрбір тұрғыны оң өзгерісті сезінуі тиіс. Мен мемлекеттік органдардан жұмысты жедел атқарып, нақты нәтижеге қол жеткізуді талап етемін» — деді ол өз сөзінде.

Мен еліміздің дамуы алдындағы барлық міндеттердің Мемлекет басшысының бағыт беруімен жемісті жүзеге асырылатынына кәміл сенемін. Жаңа мүмкіндіктерге жол ашатын Жолдау халықтың болашаққа деген сенімін нығайта түсері сөзсіз.

Қ.КӨКЕБАЕВ,

«Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары.

Мәліметпен бөлісу: