Бақытқа қарай бір қадам

Қайырымдылық – қазіргі замандағы жақсылық атаулының жиынтығы. Адамдар арасын жақындастырып, Алланың хақ жолында сауапты іске итермелейтін бірден бір амал. Бұл сонау тарих қойнауынан бері жалғасып келе жатқан бұлжымас қағидат.

Ықылым заманнан бері өзінің жайсаң мінезі мен жомарт көңілінің арқасында төрткүл дүниеге танылған дана халқымыздың дара мінезінің бірі –қайырымдылық. Көмекке мұқтаж жандардың жоғын түгендеп, барын бүтіндеп беруде аянып қалмайтын қазақ руханиятының бұл қасиеті қанға сіңген, бойға дарыған құндылығы.

Құбыласынан жаңылып көрмеген қазақ ықылым заманнан бері жетімін кемеңгер, жесірін әмеңгер қылған текті жұрт. Сақтың салтын, ғұнның ғұрпын ұстанып, дала ділмарлары атанған дана бабаларының сара жолын бағдар еткен білгір халық. «Садақа бәлені жояды», «Қайырымдылықтың қайыры өзіңе», «Жақсылық еккен алғыс орады» немесе «Қайыр бар жерде ырыс бар» деген тәлімді тәмсілдерді темірқазығы тұтқан еліміз ежелден мұқтаж жандардың мұңын мұңдап, жоғын  түгендеуді міндет емес өмірлік ұстанымдары қылған.

Даладан дархандықты, көлден кеңдікті, жазиралы жазықтардан жомарттықты бойына дарытқан алакөлдіктер де қайырымдылық ісіне келгенде қол қусырып отырған емес. Көмекке зәру адамның бір керегіне жарау үшін мүмкіндіктеріне қарай іс қылуда. Бұл тұла бойында тектілік қаны тулаған қазақы мінездің айқын көрінісі десек те болады.

Дархан даланың жерұйығы атанған жұмақ өлкесі, жеті өзені еркелеген Жетісудың жәннәт мекені, көбікті өзендер мен көрікті жазықтарды, бұйрат құмдар мен орман-тоғайларды төсіне қондырған, асқары аспан сүйген айдынды Алакөл ауданында жас қыз-жігіттердің ұйытқы болуымен «Бір арман» қайырымыдылық жобасы өз түңлігін түрді.

Жоңғар Алатауын бөктерлей құлашын жайған өңірдің ғасырлар қойнауына көмген тағылымды тарихына үңілсек бұл ауданда Жоңғардың соңғы қонтайшысы Дауашыны Қытай асырып, басын алған Дарабоз батыр Қабанбай, үш жүз жігітін ертіп он мың қалмаққа жалғыз ат, жалаң қылышпен шапқан Қақал әулие, баянды ғұмырын қалың бұқарасын қорғауға арнаған Баянбай батыр, күллі Алаштың басын қосып, түтінін түзу түтеткен Абылай ханның мыңбасы Қасабай батыр, жомарттығы арқылы есімі Ресей патшалығына дейін жеткен Есім төре, емшілігі бір төбе, даналығы бір төбе Шіре ана шыр етіп, дүние есігін ашқан, елу жасына дейін ел кезіп, жау қылышынан кейіп көрмеген Кейкі батыр мен жеті жүз қадамнан шие жемісін жебемен атып түсіретін Тоқболат баһадүр жерленген.

Дүлділдер дүбіріне құлақ түрсең бабалардың тілі кәлимаға келіп, басы сәждеге тиген кезден сыр тартып, пейіштің пырақтары келеді көз алдыңа. Қиял дейтін кермиығымыздың көк дөненіне мініп,  күні бүгінге жортатын болсаң, Жоңғар Алатауының жоталарынан Қабанбайдың Қубасы, Қақал әулиенің Ақбоздарасы кісінеп,  Қасабай батырдың сәйгүлігі менмұндалайды. Ал бүгінігі «Бір арманның» ақ туын көтеріп, өмір майданына аттанған жастардың ісі сол батыр бабаларынан дарыған тектіліктің бір көрінісі десек те болады.

Он шақты адамның ісі жүздеген баланың арманын орындап, бірталай азаматтарды да сауап сапарына шығарды. Қазір жобаға атсалысқысы келмейтіндер кемде-кем. Жөні мен жосығы түсіндіріліп, демеушілік танытуға шақырылғандардың бірең-сараны ғана жағдайына қарай келісім бермесе, 95 пайызы бір демде атсалысуға келісуде.

Жастарға сәттілік, жаңаша бастамалар, биік белестер тілейміз. «Бір арманның» арқасында мың армандар орындалып, әлемге тек жақсылық себе беріңдер.

Алмат ЕСЕНБЕКОВ.

Мәліметпен бөлісу: