Мемлекеттік қызмет келбеті

Қазақстан… Антына берік, салтына селкеу түсірмеген, халқына Тәңірдің өзі қолғабыс еткен текті жұрттың атамекені. Шығысынан шұғыласын шаша көтерілген күн де батысқа қарай байыппен қозғалып, игілігін иен даладан тапқан елді қимай кететін атырап. Дала ділмарлары атанған дана бабаларымыздың тұлпарының тұяғы тиіп, қарт материктің қақ ортасынан қара шаңырағының қазығын қаққан құтты өңір. Шибөрідей шүйірілген талай қалың қолдың көзі қадалып, қылышы қынынан суырылса да, намысын найзасының ұшына ілген баһадүр батырларымыздың арқасында қарға адым жеріміз де жау табанында қалмады. Бұл — сонау ғасырлар қойнауында да бұқара мен биліктің, яғни хан мен қарапайым халықтың арасындағы түсіністік пен тиімді басқарушылық саясаттың жемісі.

Енді міне тоқсан бірдің толқыны тулаған мезетте ел егемендігін жариялап, бүгінде тәуелсіз мемлекетіміздің тәубешіл азаматтарының ерен еңбегімен Қазақстан өзінің тұманды өткенінен баянды болашағына қарай нық қадамдар басуда. Дербес мемлекет атанған алғашқы тәуліктерден ел тізгінін қолына алған Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы бәсекеге бәс тігіп, рухани жаңғырудың дара даңғылына түскен Қазақстанда мінсіз басқару жүйесін құруды о, бастан көздеген еді.Ширек ғасырдан астам уақыт шамасында түзілген тарихымыздың тарғыл беттеріне зер салып, зерделейтін болсақ,  жетістіктеріміз бен жеңістеріміздің артында сарабдал саясат және мемлекеттік қызметтің тиянақтылығы менмұндалап тұр.

Кешегі «мызғымас одақтан» бөлініп шыққан бірқатар елдер кезіккен қиындықтардың түйінін әлі күнге дейін тарқата алмай жатқанда тәуелсіздігін тәу еткен Қазақстанымыз мұзарт шыңдарды кезегімен бағындырып, серпінді даму жолына түсті. Кешегіден бүгінгі тірлігіміз бақуатты, ертеңіміз бүгінгіден жарқын болып отырған кезеңді де көзіміз көрді. Өткен дәуірде уақытқа кеткен есеміздің орнын толтырып, жоғымызды түгендейтін  сәт те осы ХХІ ғасырдың еншісіне бұйырып отыр. Мемлекет болып ұйысқаннан бергі өнегелі өткеніміздің қай тұсына көз жүгіртсек те тиімді мемлекеттік басқару тетігінің қолданылып отырғанын байқауға болады.  Тоқсаныншы тоқырау жылдарының қаржылық, дағдарыстық, өндірістік, экономикалық езгісіне төтеп беру жолында атқамінер азаматтардың төккен тері мен кеткен уақыты, сарқылған күш-жігерлері мен қажыр-қайраттарының құны өлшеусіз.

Бұрынғыдан бүгінгіге қарай ойыссақ. Қазір – жаһандық бәсекелестік бәсі жоғарылап, дамыған елдер арасында технологиялық һәм біліми бәйге басталған уақыт. Бұл аламанда Қазақстан да өзінің үлесі бар екендігін көрсетіп келеді. Еуразия құрлығындағы жеке-дара өркендеу стратегиясының арқасында елімізді бүгінде білмейтін адам кемде-кем. Қазақстан Елбасы Н.Назарбаевтың және кәрі құрлықтың төсінде шаңырағын тіктеген әсем шаһар Нұр-Сұлтан қаласының, сондай-ақ өнердегі, ғылымдағы, спорттағы танымал жерлестеріміздің есімімен сабақтасып жатыр. Бұл қарапайым азаматтардың көзі көріп, көңілінен өткен тұстары ғана.

Ал саяси тұрғыдан саралайтын болсақ, Қазақстандағы басқару үлгісі мен мемлекеттік қызметке деген айрықша көзқарасты көршілес жатқан, одан арғысын айтқанда өзге материктердегі де елдер қолдануға әзір һәм қолданып та жатыр.

Бұл ретте мемлекеттік қызметтің келбетіне ерекше тоқтала кетуге болады. Біз зайырлы, демократиялық республика болғандықтан әркімнің өз пікірі мен ойы қалыптасқан. Алайда сол сан түрлі бағытта өрілген ойлардың ортақ байламы Қазақстандағы мемлекеттік қызметтің халыққа тиімділігіне бой ұсынып отыр. Тарих үшін қас-қағым сәт саналғанымен, біз үшін талай мүмкіндікке жол ашқан тәуелсіздік жылдарында тұрғындардың мүддесіне қарай түрлі реформалар, саяси бастамалар қолға алынды. Елбасы Н.Назарбаев та өзінің билік басындағы уақытында жылдағы Жолдауларында мемлекеттік қызметшілерге қойылар талаптар мен олардың кәсібилігін арттырар жолдарды тізіп шығатын. Бұл үздіксіз, үзіліссіз даму даңғылына түскендегі ең ұтымды стратегиямыз десек те болады.

Әр мамандықтың өзіне тән қиындығы мен артықшылықтары болады. Сондай-ақ мемлекеттік қызмет те тиянақтылық пен тәртіпті, ұқыптылық пен сыпайылықты, кәсібилік пен қарапайымдылықты және адамдармен қарым-қатынас жасай білу қабілетін талап етеді. Осы артықшылықтарды бойына дарыта алған адам нағыз мемлекеттік қызметші атана алады.

Халық түсінігіндегі «Галстук таққан» азаматтың әр қимылы, күнделікті өмір тұрмысы, тіпті жүріп-тұруы да Әдеп Кодексінде бекітілген. Әдемі киім киініп, үнемі қызығарлық кейіпте жүру олардың қызмет барысындағы міндеттерінің бір парасы ғана. Әдепті сөйлеу, халықтың талап-тілегіне құлақ аса отырып, көрсетілетін қызметті жоғары дәрежеде орындау, жұмысында олқылықтар мен кемшіліктерге жол бермеу, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу – бұл да үйреншікті үрдіс.

Мемлекеттік қызмет – бұқара мен билік арасындағы алтын көпір және қоғам тарапынан артылатын сенім. Сондықтан да мемлекеттік қызметшілердің адамгершілік қасиеттері мен олардың моральдық-этикалық кейпіне жоғары талаптар қойылады. Идеологиялық, саяси, мәдени аспектілердің ортақ жиынтығынан туындаған мемлекеттік қызметтің мінсіз бейнесін бекіту ұзақ та, күрделі үрдіс болды. Өтйкені ол ел дамуының басым бағыттарының бір тірегі саналады. Қазіргі таңда өзекті саналатын мемлекеттік қызметшінің бойынан табылу керек қасиеттер мен оның кәсіби келбеті төмендегідей шарттарды қамтуы тиіс:

  • ол адалдық асуынан ары аспай, билік тарапынан берілген құзыреттіліктерді тиімді пайдалана алғаны жөн;
  • өз қызметінде қара бастың қамы емес, халықтың мұңы мен игілігіне қарай қадам басқаны абзал;
  • мемлекеттік қаржы қалтаға басатын емес, жұрттың жағдайын оңалтуға жұмсалу керектігін жіті ұғыну керек;
  • мәліметтік ашықтықты қамтамасыз етіп, қоғам яки мемлекет тарапынан оның қаржылық, мүліктік мәселеріне қатысты сауалдар туындауына жол бермеуі қажет.
  • заң талаптарына толықтай сәйкестікте өмір сүріп, шындық шекарасы мен ақиқат ордасынан бір қадым шықпағаны жөн;
  • кез келген лауазымда елдің сенімінен шығып, мемлекеттік қызметтің келбетіне кір түсірмейтіндей еңбек ету керек;
  • қарапайымдылық пен адалдықтың, өзін-өзі ұстау мен тиянақты жұмыскердің, нағыз ісіне берілген майталман маманның үлгісі болғаны абзал;
  • басшылық лауазымға дейін өзі де қатардағы мемлекеттік қызметші лауазымарында болып, әр сатыдағы мамандардың қандай жұмыс атқаратынын жіті түсінуі қажет;
  • мемлекет мүддесіне қарсы яки сыбайлас жемқорлық сынды ғасыр дертіне апаратын әрекеттерді болдырмай, алдын алуда аянып қалмауға тиіс.

Міне бүгінде қазақстандық мінсіз мемлекеттік қызметшінің айрықша бейнесі осы қалыпта қалыптаспақ. Аталған міндеттерді толықтай орындай алған азамат елдің ықыласы мен алғысын, басшылықтың мадақтауы мен марапатына және лауазымдық өсуге ие болары сөзсіз.

Бір айта кетерлігі 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап жалпыға ортақ декларациялау егізілмек. Бұл мемлекеттік саясаттың ашықтығын айқындайтын жаңалық. Аталған жылдан активтер мен міндеттемелер туралы декларация ұсынылып, барлық мүлік, қаражат бойынша мәліметтер көрсетілетін болады. Ол өз кезегінде мемлекеттік органдарға деген қоғамның сенімін нығайтуға үлкен септігін тигізбек.

Соңғы жылары мемлекеттік қызмет саласына енгізілген өзгерістердің бірі Елбасы Н.Назарбаевтың бастамасымен көтерілген «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы. ХХІ ғасырдың сұранысына сай халықтың сандық сауаттылығын арттыру және қағазбастылық пен сыбайлас жемқорлқты жоюға бағытталған бұл іс халық үшн өте қолайлы болып отыр. Бұрынғыдай халыққа қызмет көрсету орталықтарындағы кезек те азайды, қабат-қабат құжаттарды қағаз үлгіде тасу да кеміді. Барлығы бірнеше тетікті басу арқылы, бес-алты минуттың ішінде жүзеге асуда. Бұрындары бұндай мүмкіндіктер жұрттың түсіне де енбеген еді. Ендігі ретте ауыл тұрғындары да тұрғылықты жерінен ұзамай-ақ кез келген компьютерден ғаламторды пайдалану арқылы қажетті анықтамаларды дер кезінде ала алады. Бұл тірлік қамын күйттеп, артық уақытын бос жүріске жұмсауды қош көрмейтін ауылдағы ағайынға өте қолайлы болып отыр.

Бұл ретте мемлекеттік қызметшілердің иығына артылар жүктің салмағы да артты. Енді әр ауылдық округтерде арнайы маман бекітіліп, тұрғындардың сандық сауаттылығын арттыру ісін қолға алуда. Олар әр келушіге ғаламторды пайдалана отырып, керекті құжат-анықтамаларды цифрлық қолтаңба арқылы алудың жолдарын үйретуде. Сондай-ақ әкімдіктерден бөлек мектеп ғимараттарында да өзіне-өзі қызмет көрсету бұрыштары орнатылып, жүйелі жұмыс атқарылуда.

Қазір Президент Қ.Тоқаев та мемлекеттік қызметке, осы салада еңбек ететін мамандардың кәсібилігіне жіті назар аударуда. Ең бастысы бармақ басты, көз қысты әрекеттердің жолын кесу, мемлекеттік қызметшілердің жалақысын еселеу сынды мәселелерді күн тәртібінен түсірген емес. Себебі тікелей халықпен қарым-қатынас жасап, әрбір азаматтың сұранысын қанағаттандыруда бар күш-жігерін сарп ететін олардың еңбегіне қарай тиісті өтеуі де болуы қажет. Мемлекет басышысы «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауының «Заман талабына сай тиімді мемлекет» атты алғышқы бөлімінің «Халықпен тиімді кері байланыс» дейтін екінші тарауында: «Қоғамдық диалог, ашықтық, адамдардың мұң-мұқтажына жедел назар аудару мемлекеттік органдар қызметінің негізгі басымдықтары саналады. Мемлекеттік қызметшілер жұмысының тиімділігін арттыру мақсатында арнайы дайындығы бар жас кадрларды тарту қажет. Сонымен бірге 2020 жылдан бастап біз мемлекеттік қызметшілердің санын біртіндеп қысқартуға кірісіп, үнемделген қаражатты неғұрлым пайдалы қызметкерлерді ынталандыруға жұмсаймыз. 2024 жылға қарай мемлекеттік қызметшілердің және ұлттық компаниялар қызметкерлерінің санын 25 пайызға қысқарту қажет»,- деген болатын.

Бұл мемлекеттік қызметшілерге деген сенімсіздік пен немқұрайлықтың белгісі емес. Керісінше олардың арасындағы бәсекеге қабілеттілікті арттырып, нағыз өз ісіне берілген, патриот мамандарды іріктеу саясаты жатыр. Осы өзгеріс жүзеге аса бастаған мезеттен әр мемлекеттік қызметші өз ісін тиянақты әрі ұқыпты орындауға ұмтылып, жауапкершіліктің жүгін сезіне бастайды. Бірін бірі басып озуға тырысып, өзара тайталас, бәсекелесік басталады. Есесіне нағыз кәсіби қызметкерлер көш басынан көрініп, жалақы үшін ғана жүргендері ысырыла береді. Бұл мінсіз мелекеттік басқару жүйесін қалыптастырудағы тағы бір қадам десе де болады.

Қазіргі күніне қырық құблған қоғамда әр саланың дамып отыруы – заңдылық. Осы ретте ел мүддесіне қарай еңбек ететін мемлекеттік қызметшілер де бұл үрдістен кенде емес. Жыл сайын түрлі реформалар мен жаңартулар енгізіліп, бұқараның талабына жауап бере алатын, жаһандық бәсекелестікке төтеп берер кадрлар ірктелуде. Бұл дамыған 30 елдің көшіне ілесуді көздеген Қазақстанның мыңжылдықтар төрінен «Мәңгілік Ел» болуға қарай басқан айқын қадамдарының қарымдысы.

Алмат ЕСЕНБЕКОВ.

Мәліметпен бөлісу: