Елімізде барлық мамандық иелері, бүткіл сала қызметкерлері бірдей құрметке ие. Себебі адал еңбектің бағасы бір, сыйы ортақ. Халық пен билік үшін айына миллиондап қаржы табатын кәсіпкер де, тау мен құмды мекендеп, қой-қозысын қорыған шопан да бағалы. Өткені бәрі де бір адамдар ел дамуына өзіндік тұрғысынан үлес қосуда.
Осы ретте аудандық әкімдіктің арнайы тобы алсытағы ағайынның халын бағамдап, төрт түліктің қамымен жайлау мен қыстау жағалап жүрген малшыларды аралап қайтты.
Топ құрамында аудандық ішкі саясат, ауыл шаруашылығы, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімдерінің өкілдері, аурухана қызметкерлері мен мал дәрігерлері болды.
Алғашқы бағыт төрт түлік төлін өрбітуге таптырмас мекен саналатын Арқарлы ауылдық округінің құмды даласы араланып, малшылардың жағдайы алғашқы сауал болды. Топ мүшелері тау мен ұлан-ғайыр даланың төсінен нәпақа тауып, әр жерде қазығын қаққан шопандармен жолығып, әңгіме өрбітті. Аурахан қызметкерлері олардың денсаулықтарын тексеріп, ауру-сырқаулары бар-жоғын бағамдаса, мал дәрігерлергі түліктерінің саулығын қарады. Ал өнерпаз қыз-жігіттер шағын концерттерін ұсынып, күндіз-түні еңбек майданында жүрген азаматтарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Талай жылдан бері ата кәсіпті нәсіп еткен Мақсат?: «Өзіміз де аңтарылып қалдық. Малдың жайы деп түзде жүре беретініміз рас. Малшылардан өзге адамдар аяқ баса бермейтін жерге арнайы келіп, біздің халімізді сұрап жатқан азаматтарға айтар алғысымз көп. Денсаулығымызды тексеріп, ән мен күйден сый да таратты. Ежелден қанымызға сіңісті болған малшылықта жүрген бізге құрмет көрсету – теңдік пен бірегеліктің белгісі. Басшылықтың береке құмарлығы мен барлығымыздың бағамызды бір сатыға қоюының көрінісі»,- деп ағынан жарылды.
«Малым жанымның, жаным арымның садақасы» деп, ықылым замандардан бері игілігін иен даладан тапқан қазақ халқы көшпенді өмір салтын ұстанып, төрт түлікті тіршілігінің тірегі еткен. Мінер көлігі, ішерге асы, киерге киімі, үй жабдықтары, көрпе-жастығы да малдың арқасында алынып отырды. Ұлан-ғайыр атырапты билеп-төстеген қазақтың басты кәсібі де, нәсібі де осы еді. Мыңғырған малы шұбырып, тірлігі де берекелі жалғасқан еліміз бүгін де бұл бағытынан тайған емес. Бұрынғыдай ауыл-ауыл болып көшіп-қонып, мал соңында жүрмесе де отырықшы қалыпта төрт түлігін өрбітуде. Заман ағымына қарай жаңа технологияларды да пайдаланып, арнайы белгі чиптерін орнатып, малдың жүріс-тұрысын да бақылауда. Бұл – ХХІ ғасырдың талабы.
Қазір жұрттың көбі қалаға қарай ауып, ауылдағы күйбең өмір көбіне үлкендердің еншісінде қалғаны шындық. Жастар мал шаруашылығынан қарағанда басқа мамандықтарды құп көруде. Алайда отбасылық үрдістерін жалғастырып, түлік соңында жүрген ағайын да жетерлік. Адам баласы көп бара бермейтін, ауыл мен қаладан шалғай орналасқан аумақта тіршіліктің тегершіліг айналдырып жатқан оларға да назар керек. Жұмыстың қарбаластығымен аурухана яки мәдени шаралардан қол үзген оларға осылай арнайы барып, жағдайларын сұрастыру құптарлық іс саналады. Алдағы уақытта да бұл іс өз бағытынан танбай, жалғасын таба беретініне кәміл сенімдіміз.
Н.МАҚСАТҰЛЫ.