Алпыс – тал түс

Бесін мен екінті намазының арасындай адам баласының қысқа ғұмырындағы бел-белестерінің бәрі де елеулі саналса керек. Сөйтсе-дағы ақыл-ойдың кемелденіп, кемеңгерлікке қарай аяқ басқан 60 жастың орны мүлдем ерекше екені баршаға мәлім. Ағалық ардақты асудан асып, ақсақалдық мерейлі кезеңге көтерілер бұл шақтың тал түс аталуы да бекер емес-ау.

Өткен өмір бедерлері көңіл орнықтырып, көз тойдыратын азаматтардың бірі Армис Үкметұлы. Бүгінде алпыстың арғымағын ерттеп, үзеңгі қаққан ағамыздың мерейлі жаста мерейі тасып отыр.

Бұрынғылар «Ер қанаты – ат» деп, жан серігі болған жылқысын жеті қазынаның сапына енгізсе, бүгінгілер темір тұлпардың тізгінін құп көретіні айқын. Заман ағымына қарай бұл да жөн шығар. Алайда адам баласы әп дегеннен-ақ көліктің қыр-сырын үйреніп, жүргізуші болп тумайтыны тағы бар. Ықылым замандарда бабаларымыз балаларын бес жастан бесті айғырға жайдақ мінгізіп, ат үстіндегі өмірге үйретсе, қазір арнайы орталықтар жүгені рөлге ауысқан арғымақты ауыздықтауға баулиды. Шығыстан шырай шаша шыққан күн де батысқа қимай қисаятын Алакөлдей киелі ауданның әр тұрғынына талай жылдан бері осы бағытта тәжірибе мен білім беріп отырған Республикалық «Отан» қоғамдық бірлестігінің «Алматы облыстық кәсіби-техникалық оқу орталығы» білім еру мекемсінің аудандық филиалының басшысы Армис Алиновтың өңірімізге сіңірген еңбегі зор.

Өмірінің алпысыншы белесін бағындырған ағамыз 1959 жылы желтоқсанның 24-ші жұлдызында Қамысқала ауылында дүние есігін ашқан. Көл-көсір көл байлығынан нәпақасын тапқан ауыл баласы ерте жастан еңбекқор, өжет болып ержетті. Балалық шағында балыққа ау лақтырып, қармағын қапқан олжасын үйіне тасып, ата-анасына да септесетін.

Жасы жеткенде жас Армис Обуховка орта мектебінің табалдырын аттап, білім жолына қарай ақ басты. Сөзге жүйрік, оқуда зерек бала бұл жерде де ешкімнен қалыспай, ұстаздарының сүйікті шәкірті бола білді. 1977 жылы аталған білім ордасын тәмамдап, 1980 жылы Семей қаласындағы авто-механикалық техникумында «Автомобиль» шаруашылығы мамандығы бойынша оқуға түсті. Бұған дейін, нақтырақ айтсақ 1978 жылы Қант зауытының механикалық цехында ұсташы қызметін атқарды. Жоғарғы оқу орнына аттанбас бұрын Бескөлдегі АТП-да жүргізуші де болды.

Рухани астанамыз Семей қаласында автомобиль жөндеуің қыр-сырын жетік меңгеріп, 1983 жылы қолына дипломын алған жігіт Армис Талдықорған оқу комбинатына жолдамамен арнайы пәндер оқытушысы болып жұмықа орналасты. Туған жердің топырағы жібермей көп уақыт өтпестен Үшаралдағы авто оқыту пунктіне ауысты.

1984-86 жылдар аралығында әр ер-азаматты шыңдайтын әскер қатарына аттанып, Одесса әскер округінде борышын өтеді. Жігіттік парызын орындап келгеннен кейін жұмыс орны сақталып, оқытушы қызметін жалғастырды.

Алған білімін азсынған ағамыз 2002 жлы Алматыдағы Қазақ қатынас жолдары университенінен «Жол қозғалысын ұйымдастыру инженері» біліктілігін алды. Сөйтіп 2006 жылы Республикалық «Отан» қоғамдық бірлестігінің «Алматы облыстық кәсіби-техникалық оқу орталығы» Алакөл аудандық филиалының директоры болып тағайындалды. Сол уақыттан бері мәне табан аудармай жемісті еңбек етіп келеді.

Өмір жолында еңбексүйгіштігімен, қоғамдық белсенділігімен ерекшеленіп, нағыз азаматтық қасиеттерге ие тұлға ретінде аудан халқының игілігіне бөленіп, алғысын да молынан еншіледі. Басшылық лауазымындағы жалдар жемісті еңбегінің нағыз кемеліне келген кезеңі болды. Туған елге деген сүйіспеншілік арқылы парасатты да рухы биік ізбасарларын тәрбиелеу жолында дарынды ұйымдастырушы қырынан да танылды. Қоғам мүддесіне қарай бағыттап отырған ерен еңбегі өңіріміздің нығаюында өзіндік үлесі бар.

Бір басына тектілікті, ірілік пен іскерлікті асқақтатар сан қаисеттер тоғысқан, сонысымен де ауданның сыйлы бір азаматы болып, есімі жақсылар мен жайсаңдардың қатарында аталып жүргені де анық. Жасынан басшылық ісіне араласып, осы жолда көп белес-биіктерден өткен азамат алдағы уақытта да ел-жұртты жаңа табыстарымен қуантары сөзсіз.

Бүгінде адам өмірінің ең бір асыл кезеңі, асқар белі 60 жасқа келіп отырған кейіпкеріміз бұл белесті ширақ қалыпта, шуақты көңілмен бағындырды. Осындай қырқыннан қалмай, алдағы уақытта да шабысынан танбайтындай қуаты да баршылық.

Күллі қазақ ұлысының маңдайына шоқ жұлдыз болып біткен Шерағамыз алпыс жасты тал түске теліген болатын. Ғұмырының тал түсіне келіп, ел ағасы атанған кейіпкеріміз ұжымына да сыйлы. Бір мекеменің көшін талай жылдан бері алдыға сүйреп, ауданның да дамуына сүбелі үлесін қосып келеді. Бүгінде 11 адам қызмет ететін орталық өңіріміздің тұрғындарына көлік жүргізудің барлық жөн-жосығын үйретіп, елеулі еңбек етуде. Соның арқасында талай марапаттың, жетістіктің шыңынан көріне білді.

Темірдей тәртіп пен жауапкершілікті қатар арқалаған ағамыз тек білікті басшы емес, сонымен қатар адал жар, ардақты әке, аяулы ата. 1987 жылы Ғалима Алиновамен болашаққа деген көзқарастары бір арнада тоғысып, шаңырақ көтерді. Тәңірдің жарылқауымен үш қыз тәрбиелеп, жеткізді. Балаларының алды Салтанат үй шаруасында, ортаңғы қыздары Сымбат І.Жансүгіров атынағы Жетісу мемлекеттік университетінде ұстаз, кенжелері Анеля С.Иманосов атындағы орта мектептің оқушысы. Қазір аталап, арқасына мінен Абылай, Ақназар, Медина атты үш немеренің бал қылығына сүйсініп отырған жәйі бар. Кішкентай болса да орысшаны суша ағызған Медина атасын өте қатты жақсы көретіні белгілі. Себебі үйнің табалдырын аттай сала, алдынан жүгіріп шығып, мойынына ілінгенінен биязы махаббаттың буы бұрқырап тұр. Жанұялық жарасымдары мен отбасылық береке-бірліктеріне қызықпас пенде кемде-кем.

Бір айта кетерлігі ағамыз өзінің еңбек жолында көптеген марапаттарға да ие болды. Солардың ең ілкімдісі ретінде қалтқысыз қызметі үшін «Ерекше белгі», «Атқарған қызметі үшін» және 3 мерейтойлық медальдарды ерекше атап өтуге болады. Бұлардың арлығы өзі еңбек етіп отырған саласының дамуына қосқан үлесінің өтеуіне берілген.

Ел үшін аянбай қызмет ету басты парыз деп санайтын, ұлт мүддесін ойлаған абзал да ардақты азамат, киелі де қастерлі мекеннің перзенті болған Армис Алиновті жүйрік уақытты ұшқыр қанаты ордалы, асқаралы алпыс жастың белесіне де алып жетті. Осы уақытта жоғары кәсіби дәрежеңізді, жұмыстағы жауапкершілігіңізді және басшылық қағидаңызды көрсете білдіңіз.

Осы ретте сізге және отбасыңзға шаттық, баянды бақыт, зор денсаулық тйлей отырып, өмірдің барлық қуанышын қызықтап, несібе-дәулеттеріңіз арта беруіне ақ тілегімізді білдіреміз. Арттан ерген перзенттеріңізге күн жағынан көлеңке, жел жағынан пана болыңыз. Денсаулыңыз күйлі-қуатты, ғұмырыңыз ұзағынан, көрер қуанышыңыз молынан сүйіндірсін.

А.ЕСЕНБЕКОВ.

Мәліметпен бөлісу: