Тартысты өткен талас

Жуырда Ырғайты ауылдық округі әкімінің кубогі сарапқа салынып, аудан спортшылары волейболдан тартысты таласқа түсті. Ақши, Көктұма сынды туристік ауылдарда өткен додаға 15-ке жуық құрама қатысып, жарыс жоғары дәрежеде өтті.

Бәсекенің ашылу салтанатында сөз алған Ырғайты ауылдық округінің әкімі Д.Мұқабаев жиналғандарға алғысын жеткізіп, еңіс тұғырынан тек мықтылар көрінсін деген тілегін білдірді.

Аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы А.Садиев салауатты өмір салтын ұстану және спортпен шұғылданудың артықшылықтарына тоқталып, үлкен жылдамдықпен дамып келе жатқан волейболдың және осы бағытта еңбектеніп жатқандардың болашағы зор екендігін айтып өтті.

Ырғайты ауылдық округі бойынша спорт әдіскер-нұсқаушысы А.Амиралинов Аталған елді мекеннің 2019 жылы нақты волейболдан жеткен жетістіктерін жіпке тізіп, жүлделі орындармен таныстырды.

Төреші ысқырығынан кейін құрамалар екі бөлініп, Ақши және Көктұма ауылдарында жарысты жалғастырды.

Екі жақта да бәсеке жоғары болды. Ойыншылар жіті дайындықпен келгендері байқалып-ақ тұр. Бұрыннан жүлделі орындардан көрініп жүрген құрамалардан бөлек өзге де ауылдардың жігіттері талай жойықн соққыларға төтеп беріп, қарсыластарынан айлаларын асыра білді. Бір қуантарлығы ересектерден бөлек мектеп оқушыларынан да құралған командалар үлкендерге бәсекелес болып, лайықты ізбасарлар өсіп келе жатқанын көрсетті.

Жарыс бар жерде жеңімпаздар да болады демекші, бұл додада үшінші орынаға Ақтүбек пен Достық ауылының жігіттері жайғасты. Екінші орынды ырғайтылықтар қанжығаласа, кубог жайпақтырдың қанжығасында кетті.

Ал достықтық Ш.Әмірәлінов «Үздік шабуылшы», ырғайтылық А.Әзімханов «Үздік қорғаушы», ырғайтылық Б.Қойшыбаев «Үздік тосқауылшы», жайпақтық М.Тұраров «Үздік байланыстырушы» аталымының иегері болды.

Жүлдегерлерге арнай дипломдар, медальдар мен кубогтер табысталды.

А.АСХАТҰЛЫ.

Мәліметпен бөлісу: