Ел болып, еншімізді алған мезеттен бері халқымыз талай дүрбелең мен қиындықты еңсеріп, кез келген мемлекет төтеп бере алмайтын аласапырандарды бастан өткерді. Ауызына түйір дән түспей, дастарханына қара су ғана қойылған қазақтың мықтылығы соншалық, қазір міне әлем мемлекеттері мойынсұнар республика бола білдік. Бұл ең алдымен береке мен бірліктің, ғасырлық тоғысында да сетінеп көрмеген темірдей татулықтың жемісі деп білемін.
Осы ретте Елбасы Н.Назарбаев, ел басына күн туған сәтте ырысымызды арттырған ымырышылдығымыз бен бақытымызды еселеген берекеміздің құнын айқындап, «Бірлесе білген ел бәрін жеңеді» атты мақаласын жариялады. Бүгінгі таңдағы күрделі жағдайда барлық іске жұмыла кірісіп, бірлігімізді сақтаудың маңыздылығы көрсетілген туындыда сонау тәуелсіздік алған мезеттен бергі жетістіктеріміз жіпке тізіліп, барлығының басында татулығымыздың туы желбіреп тұрғандығы айтылған.
Қазіргі таңда тәжвирусын жұқтырғандардың қасында күні-түні медицина қызметкерлері жүр. Олар өз өмірлеріне қауіп төнсе де, антынан аттамай, сырқаттард сауықтыру үшін барлық қажыр-қайраттарын жұмсауда. Халық та ақжарма алғысын жеткізіп, дәрігерлерге қолдау көрсетуде. Бұл да бірлік пен берекенің бір көрінісі деп білемін.
Елбасы да өз мақаласында кез келген тығырықтан шығудың жолы татулықта жатқандығын, тәуелсіз тарихымыздың әр тармағына зер салсақ ұйымшылдықтың арқасында талай белестерді бағындырғанымызды көрсетті. Ал бүгінгі төтенше жағдайда татулық таразысының теңселмеуі ең алдымен халықтың сабырлығы мен төзімділіге байлаысты болмақ. Ешқандай да араңдатушылыққа бой алдырмай, тәртіп пен қатаң ережені сақтай отырып, бір-бірімізге барынша қолғабыс ету арқылы бұл індетті де жеңбекпіз. Пандемияға төтеп беруде жалғыз адамның шабысы алысқа апармасы анық. Бұнда бүтіндей бұқараның бірлігі, ымырашылдығы басты қаруымыз екендігін ұмытпайық.
А.БУТАБАЕВ,
Алакөл аудандық орталық ауруханасының директоры.