Әлемді сынға алған кеселдің таралу жылдамдығына көз ілесер емес. Дүние жүзінің барлық түкпірін шарпыған індет Қазақстан аумағына да жаппай орын алуда. Осы ретте Мемлекет басшысының коронавирус індетінің таралуына қарсы күрес шаралары жөнінде өткізген онлайн режіміндегі кеңесінде еліміздің бүгінгі жайғдайы жайлы айтылып, атқарылып жатқан жұмыстар легі сынға алынды.
Елімізде Төтенше жағдай режімі тоқтатылғалы бері ауырғандардың саны күрт өсіп, билік басындағылар мен халық та бұл жағдайға салғырттық танытуда. Ел азаматтары қолға алынған шектеу шараларына жауапкершілікпен қарап, ар мен заң шеңберінен шықпаса аталмыш індеттің таралу қаупі де аз болар еді. Бетперде тағу, ара қашықтықты сақтау, қоғамдық орындарға бармау, той жасамау секілді карантин тәртібі бұзылып, енгізілген тыйымдарға бағынбай, індетпен күрес жұмыстарына кедергі келтірілуде. Коронавирустан қорғанудың негізгі жолы – адам көп шоғырланатын жерлерден бойды аулақ ұстау десек, үрейлі жұрттың дүкендерге үсті-үстіне кіріп, сағаттап кезекте тұруы дерт жұқтыру қаупін арттырмаса, кемітпесі анық екені баршамызға белгілі.
Күллі әлемді қыспаққа алған тәжвирусы мемлекеттердің медицинасын, экономикасын, қорғаныс жүйесінің қуатын ғана емес, тұрғындарының адамгершілігі мен жауапкершілігін де сынға алуға бекінгендей. Сол себепті дүрбелеңге салынбай сақтанайық. Адамнан-адамға тұрақты түрде жұғып жатқан вирустың өлімге себепші болатынын естен шығармағанымыз абзал. Салғырттық өз денсаулығымызға ғана емес, ұлт саулығына да қатер төндіретінін ұмытпайық.
З.СЕЙІЛХАНОВА,
ардагер дәрігер, ҚР денсаулық
сақтау саласының үздігі, Алакөл
ауданының Құрметті азаматы.