Жемқорлықсыз ел – егемендік тірегі

Ел егемендігін еншілеген тұстан бері мемлекет құрылысында көптеген айтулы жетістіктердің мінберінен көріндік. Көрегендік пен кемел шешімдердің арқасында мүмкіндіктер көкжиегін кеңейтіп, бүгінде әлем таныған Қазақстанды мыңжылдықтардан «Мәңгілік ел» болу мұратына қарай жетелеп келеміз. Бұл жолда тірсектен қағып, аяқтан шалатын сыбайлас жемқорлық сынды заман дертінің алдын алу және болдырмау өзекті мәселе болып отырғаны жасырын емес.

Тәуелсіздіктің көк туын көтерген отыз жылға жуық тарихымызда парақорлық әрекеттеріне қарсы түрлі реформалар қабылданып, тиісті заңдар да жүзеге асты. Бүгін де қажетті шаралар шеңберінде жүйелі жұмыстар атқарылып, халықтың жемқорлыққа қарсы теріс пікірн қалыптастыру мақсатында орасан істер қолға алынуда.

Соның бір дәлелі ҚР Сыбайлас жемқорлықпен күрес Агенттігі Алматы облысы бойынша департаментінің бастамысымен құрылған «Жетісу – адалдық алаңы» жобалық кеңсесі. Қазіргі таңда әр аудан, қалаларда арнайы бөлімшелері ашылып, қызу жұмыс істеуде.

Аудан аумағында да «Жетісу – адалдық алаңы» жобалық кеңсесі сыбайлас жемқорлықтың жолы кесу ниетінде қажетті шараларды жүзеге асыруда.

Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында аталған департементпен біріге отырып, аудандық әкімдік және газет редакциясы, «Жетісу – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің жетекшісі А.Есенбеков облыстық дәрежеде «Адал қалам» мақалалар байқауында жариялады. Додаға облыс аумағынан барлығы 28 үміткер қатысып, бап пен бақ таласына түсті. Жемқорлыққа қарсы қаламын қисайтқан азаматтардың ішінен шын мықтылары іріктеліп, егемендік мерекесі қарсаңында марапаттау рәсімі өтті.

Шараның шымылдығын ашқан аудан әкімінің орынбасары А.Абдинов: «Барлығымыз білетіндей сыбайлас жемқорлық тек Қазақстанды ғана емес, барша әлем мемлекеттерін алаңдатып отырған күрделі мәселе. Оның алдын алу мәселесі жалпыхалықтық көрініс тауып отырған өзекті дүние екендігі жасырын емес. Бұл ретте мемлекет тарапынан жең ұшынан жалғасқан әрекеттердің тамырына балта шабу мақсатында түрлі реформалар мен заң тармақтары қабылданып, жүйелі жұмыс атқарылуда. Халық пен билік арасындағы байланысты нығайту, мемлекеттік қызметтегі ашықтық пен әділдікті қамтамасыз ету мақсатында басшылармен тікелей эфирлер, баспасөз мәслихаттары тұрақты өткізілуде. Одан бөлек жемқорлыққа қарсы кері пікір қалыптастыру үшін әр мектеп, мекемелерде жиындар, байқаулар, пікірсайыстар, дөңгелек үстелдер жиі ұйымдастырылуда.

Бүгінгі «Адал қалам» облыстық бәйгесі соның бір дәлелі. Жетісудің жемқорлыққа қарсы азаматтары өз ой-пікірлерін ақ параққа түсіріп, қаламгерлер аламанында шын мықтылар оза шапты. Жеңімпаздарға жаңа белестер, қатысушыларға кезекті жеңіс тілеймін»,- дей келе, жүлдегелері марапаттады.

Сайыс қорытындысы бойынша үшінші орын Халықаралық Ақпараттық технологиялар университеті журналистика мамандығының студенті Маханов Асыланға бұйырды. Екінші орынды Қоңыр орта мектебінің жас ұстазы, аудан еріктілерінің бірі Базарбеков Ануар еншілесе, жүзден оза шапқан облыстық Дін істері басқармасының баспасөз хатшысы Айтбаев Темірлен бірінші орыны қанжығасына басты. Жүлдегерлерге арнайы дилом, қомақты қаржылай сыйлық және «Адал қалам» мүсіншесі табысталды. Қатысушылар да департамент басшысының аранайы Алғыс хатымен марапатталды.

Сөз алған «Жетісу – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің жетекшісі, ауданымыздың жас журналисі А.Есенбеков осы бағытта атқарылған жұмыстарға тоқталып, алдағы жоспарлар легімен бөлісті.

Келесі кезекте мінбер төрінен көрінген дода жеңімпазы Т.Айтбаев өзінің жүрекжарды лебізін жеткізіп, Қазақстанның ертегі жемқорлықсыз болуы өз секілді жастардың іс-әрекеттеріне, таным-түсінігіне тікелей байланысты екенін айтып өтті.

М.ҚУАТҚЫЗЫ.

Мәліметпен бөлісу: