Үгіт-насихат жүргізді

Қазақстанның Халық партиясының мүшелері алдағы 10 қаңтарда өтетін саяси науқан – ҚР Парламенті Мәжілісінің және барлық деңгейдегі мәслихаттардың сайлауының қарсаңында жүргізілетін үгіт-насихат жұмыстарын Қаратал ауданында өткізіп, жергілікті жұртшылыққа партияның сайлауалды бағдарламасында көрсетілген басым бағыттарды түсіндірді.

Үштөбе қаласындағы Мәдениет үйіне жиналған көпшілікке Қазақстанның Халық партиясының атынан ҚР Парламенті Мәжілісі мен облыстық, аудандық, қалалық мәслихаттардың сайлауына қатысатын кандидаттар тізімі ұсынылып, Қаратал ауданындағы өкілдердің өмірбаяны таныстырылды. Аудан орталығының тұрғындарымен болған кездесуден соң партия өкілдері «Арғынбаев» шаруа қожалығының қызметкерлеріне арнайы барып, Қаратал аудандық мәслихатына Қазақстанның Халық партиясы атынан депутаттыққа үміткер В. Кудашкин ауылшаруашылық саласын дамытудың жаңа тетіктеріне қозғау салатын басым бағыттарды ұсынатынын жеткізді. – Ауылшаруашылық саласы ел экономикасының дамуындағы басты қозғаушы күшке, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ететін салаға айналуы тиіс. Аграрлық қуаты басым Қазақстан экономиканың шикізат шығарушы деңгейінен өндіруші деңгейіне өтіп, тиімді сауда саясатын қалыптастыруы керек, – деген Кудашкин Қазақстанның Халық партиясы ұсынып отырған бағдарламаның маңыздылығын түсіндіріп өтті. – Сол үшін шағын және орта шаруашылықтар мен фермалардан құралатын аграрлық сала өкілдері экономикалық тұрғыдан өзара байланыс орнатып, тиімді тұрақтылық қалыптастыра алатынын білуі қажет. Соған байланысты ауылдық округтер мен шалғайдағы елді мекендердегі әлеуметтік инфрақұрылымды және материалдық-техникалық қамсыздандыру базаларын қалпына келтірген жөн. Сайлау алдындағы үгітнасихат жұмыстарын осылайша жүргізген Қазақстан Халық партиясының өкілдері жергілікті халықтан қолдау күтетіндерін жеткізіп, жергілікті халықпен естелік суретке түсті.

 ҚАЗАҚСТАН ХАЛЫҚ ПАРТИЯСЫНЫҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ

Мәліметпен бөлісу: